Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба солай жүреді деуге болатындай. Көксу ауданына қарасты Мұқаншы ауылдық округіне тиесілі шағын ғана Жетіжал ауылының мыңнан астам тұрғыны бар. Түтіні түзу ұшқан аядай елді мекеннің абыройын екі қабатты білім ордасы асқақтатып тұр. Жақында ғана өңір көлемінде жүздеген мектептің ішінде оқ бойы оза шауып, білім айдынындағы жан-жақты қабілетімен топ жарып, «Үздік ауыл мектебі – 2023» байқауының жеңімпазы атанды. Мектеп директоры Әділет Нұрғалиев бұл додада әріптестерімен бірлесе жаңашыл идеяларымен көпті таңдай қақтырған. Алақандай мектептің әр саладағы жетістіктері үлкен білім ордаларына өнеге болып отыр.
«Менің осы білім ордасына келгеніме 5 жыл болды. Алматыда оқып, жұмыс істегеннен кейін кішкентай ауылға үйренісу өте қиын. Дегенмен туған топыраққа деген махаббатым осында жетелеп келді. Әуелде 30-ға толмаған маманды көбі әлі біліктілігі төмен деп санайтыны анық. Әйтсе де ұжымның тілін тауып, сапалы білім беру тәсіліне көштік. Жаңадан мамандар алдық, тапшы кадрларды Талдықорғаннан арнайы қатынап істеуге көндірдік. Мектепке қажетті заттарды ұжыммен ақылдасып, бірлесіп сатып алдық», дейді Ә.Нұрғалиев.
Оның айтуынша, жаңадан келген жас маман өзі қызмет ететін білім ордасына шама-шарқынша сыйлық жасайды екен. Сол арқылы ұжым осы күнге дейін мектеп ішін безендіріп, сыныпты оқушыларға қажет оқу құралдарымен толықтай толтырып үлгерген. Тіпті асхана қабырғасына әдемі картиналар жабыстырып, мектептің кіре-берісіне оқушылардың жеткен жетістіктерін көрсететін материалдарды мақтанышпен іліп қойған. Әр баланы есімімен атап, білім деңгейін үнемі бақылауда ұстайтын директордің ісі көңілге қуаныш сыйлайды.
Жалпы, Жетіжал мектебінің іргесі 1971 жылы қаланған. Жарты ғасырдан асқан нысанға 2013 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Білім ордасында 19 кабинет, 320 орындық бар. Заман талабына сай барлық құрал-жабдықпен жабдықталған. Жетпегенін ауыл азаматтары мен ата-аналардың көмегімен толықтырған. Бүгінде мектепте 27 мұғалім, 16 кіші қызметкер жұмыс істейді. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша 7 мұғалімге көтерме жәрдемақы және үй берілген. Соның бірі математика пәнінің ұстазы Алтынай Аубек қазір келер жылғы түлектерді ұлттық бірыңғай тестілеуге даярлап жатыр.
«Оқушының жан сырына үңіліп, оның табиғатына сай әрекет ету – ұстаздың міндеті. Математика – ең қиын пәндердің бірі, әйтсе де шәкірттеріміз бірінен бірі қалмай еңбектенеді. Мен бағаға әділмін, 4-пе, 4-ін қойып беремін, көтерме баға қоймаймын. Мұны директорымыз да қолдап отыр. Ауылдан түлеген жастардың көбі мемлекеттік грантқа түсіп, абыройымызды көтеріп жүр. Осы ауылдан үй алып, мемлекеттің қолдауымен жұмысымыз да жүйеленді», дейді А.Аубек.
Айтпақшы, былтырғы, арғы жылғы түлектердің 80 пайызы мемлекеттік грантты ұтып алған. Тіпті осы мектепті бітіріп, дипломмен келген жас мамандар да бар. Мысалы, биыл 11-сыныпта 12 оқушы оқыса, оның 1-еуі Алтын белгі, 4-еуі – үздік аттестатқа үміткер. Республикалық, облыстық, аудандық білім бәйгелерінде, спорттық жарыстарда жетіжалдық өрендер тұғыр төрінен жиі көрінеді.
Мектепте ата-аналармен жұмыс істейтін арнайы орталық бар. Онда педагогтер апта сайын жиналыс өткізеді. Тәлімгерлер балаларының оқу деңгейін ғана баяндап қоймай, психологиялық сабақтар да жүргізіледі. Әртүрлі танымдық ойын ойнатып, бала, ата-ана, мұғалім арасындағы үштік байланысты нығайтуға күш салады. Бұл өз кезегінде сырттан келген қауіпті ақпараттарға тосқауыл болып, оқушының жансарайын ашады.
«Ұстаз болу – үлкен жауапкершілік. Жетіжал мектебінде менің 3 балам оқиды. Әрқайсысы бір әлем, сол әлемге жол таба білген педагогтерге алғысым шексіз. Директордың еңбегі зор, білікті ұстаздардың сабақ беру әдісі көңіл сүйіндіреді. Әсіресе ата-аналармен ашық сұхбатқа түсіп, баламыздың біз білмейтін қырын ашып жатыр», дейді ауыл тұрғыны Арай Ермекқызы.
Ең ғажабы, оқушылар мектеп сыртына көшет егіп, жеке саябағын жасаған екен. Апта сайын әр сынып су құйып, күтіп баптайды. Көктем келе құлпыра көктейтін жеміс ағаштары, қызылды-жасылды гүлдер ауыл тұрғындарының кешке жақын серуендейтін мекеніне айналған. Осыдан-ақ білім ордасының жай-күйіне тәнті болуға болады. Үздік ауыл мектебінің әлі де шығар биігі жоғары екеніне сенеміз.