Өнер • 01 Желтоқсан, 2023

Мерей өмірімді күрт өзгертті: Мақпал Жүнісова ана атанған кезін есіне алды

420 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Халықтың ыстық ықыласына бөленген танымал әнші Мақпал Жүнісова 40 жас мерейтойының алдында БАҚ-қа берген сұхбатынан үзінді жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мерей өмірімді күрт өзгертті: Мақпал Жүнісова ана атанған кезін есіне алды

Өнер иесінің парақшасына шыққан бейнежазбадан оның марқұм жұбайы, көрнекті саясаткер Заманбек Нұрқаділов пен қызы Мерейдің бүлдіршін кезін байқауға болады.  

«Ана болу – парыз. «Баласы бар үй – базар» деп қазақ бекер айтпаған. Соңғы кезде мінезім де жаман болып бара жатқан еді. Көп ойланғаннан шашым да түсіп, ұйқым да қанбайтын қиын кезең еді. Тіпті, шашыма ақ түсіп, денсаулығым да сыр беріп еді. Қаншама жерге барып емделсем де еш нәтиже болмады», деген әнші сол уақытта бірнеше мәрте ота жасатып, сәтсіз болғанын да атап өткен.

Сол жылдары өмірден түңіліп кеткенін де есіне алады Мақпал Жүнісова. Алайда, кішкентайын босанғаннан кейін, өмірі басқа арнаға бұрылғанын атап өтеді. 

«Қызымның дүниеге келуі өмірімді күрт өзгертті. Ағайын-туыстан бөлек, халық Зәкең екеуміздің баламыз болғанын қалады. Көп тілегі қабыл болып, Мерей қызымыз дүниеге келді. Қазір бар қызығымызға айналды. «Мама» деген сөзі жүрегімді елжіретеді. Мен «Періштем» деп атаймын. Барғым келмейтін жерден қызым алып қалады. Періште қалпымен мені қорғап жүретінін сеземін. Құдайдан сұрамасам да бала туатын әйелдерге қызығатын едім. Маған неге бір бала бермейді деп. Барлығы құдайдың ісі екен», дейді Мақпал Жүнісова видеода.

Ол баласын туып далаға тастап кетіп жатқан замандастарын естігенде шошитынын жеткізеді.

«Менің де тілегім қабыл болып, Зәкең екеуіміз қызды болдық. Мерей өмірімді күрт өзгертті. Мінезім де дұрысталып, денсаулығым да қалыпқа келді. Мейірімді болуды үйрендім», дейді әнші бейнежазбада.