Мәдениет ошағы қала тұрғындары мен қонақтарын әлемнің әсемдігін паш ететін әсерлі фотосуреттермен таныстырды. Таймас Нұртаев жер шарының түкпір-түкпірін аралап, ұмытылмас саяхаттардың жарқын естеліктерін тарихқа таспалаған.
Суретшінің галереясында Сахара шөлі, әлемдегі ең ерекше аралдардың бірі – Гренландия, тарихы терең Италия, Исландияның «мұз елі» айрықша көрініс тапқан.
Фотогер Қытай еліне сапары барысында түсірген Цзючжайгоу Ұлттық саябағының, Хуанлунг көгілдір көлдерінің көркем пейзаждарының ортасында ағып жатқан жасыл-сары Ли өзені, Аватар тауларының фотосуреттері көрерменді бірден баурайды.
Ол 2017 жылы Шпицберген аралынан Солтүстік ендіктерге сапары нәтижесінде осы аралдың таңғажайып және ерекше табиғаты мен жануарлар әлемін суретке түсірген. Оның объективіне ілінген ақ аюлар, итбалықтар, морждар мен киттер жануарлар әлеміне қызығушылардың назарын аударды.
Фотосуреттердегі Аргентина мен Бразилияның көркем табиғаты, Гаучо шабандоздары, Торес-дель-Пайн Ұлттық паркі, Грей көлі және Пайн массиві тартымдылығымен баурайды. Автор Африканың бай фаунасын түсірген әлемге әйгілі Маасай Мара ұлттық қорығына да ат басын бұрған. Камчатканы тікұшақпен айналып өтіп, әйгілі Коряк, Авачинский, Козельский жанартауларын да сәтті таспалай алған.
Көрменің ерекше бөлігін еліміздің көркем табиғатын бедерлеген «Қазақстан табиғатының маржандары» атты фотожұмыстар құрайды. Онда автор, туған өлкесі мен Іле Алатауының әсем жерлерін, Алматы мен Алматы облысы аумағын, Көлсай, Хан-Тәңірі, Шарын көлі мен Шарын шатқалы, «Алтынемел» Ұлттық қорығы, «Баянауыл» Ұлттық саябағы, Жасыбай, Марқакөл, Бурабай, Зайсан, Қара-Су, Қара-Көл, Қайыңды, Үлкен Алматы өзені, Бұқтырма суқоймасы, Каспий теңізі, Киин-Керіш таулары, Ақ-Тау, Шакелмес, Айғайқұм, Маңғышлақ, Үстірт шатқалы, Шақпақ пай Сай шатқалы, Үшқоңыр жайлауы, Ақкергешін, Ақтолағай қырқасы және т.б. түсірген фотожұмыстарын ұсынған.
Таймас Нұртаев Бішкек қаласында дүниеге келген, бірақ 60-жылдардың аяғынан бастап Алматы қаласының тұрғыны. Білімі бойынша құрылысшы, бірақ фотоөнерге деген сүйіспеншілік оның екінші мамандығына айналған.