Қоғам • 02 Желтоқсан, 2023

«Киімге жасырып алып шыққан». Құны 130 миллион теңгелік алтын ұрлағандар ұсталды

886 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақмола облысында құны 130 миллион теңге болатын алтынды иемденбек болған кеншілер тобы ұсталды, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz-тің ақпаратына сілтеме жасап.

 

«Киімге жасырып алып шыққан». Құны 130 миллион теңгелік алтын ұрлағандар ұсталды

polisia.kz

«ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті мен Ақмола облыстық полиция департаментінің қызметкерлері облыс прокуратурасының үйлестіруімен Степногорск қаласының аумағында алтын өндіруші кәсіпорын қызметкерлерінен тұратын қылмыстық топтың заңсыз әрекетінің жолын кесті. Қылмыстық топтың құрамында сол кәсіпорынның технологиялық учаскесінің шебері басқарған дайын өнім цехының қызметкерлері болған. Арнайы іс-шаралар шеңберінде қызметтік мүмкіндіктерді пайдалана отырып, күдіктілер Ақсу кенішінен құрамында алтыны бар кенді ұрлау жүйесін көздегені анықталды. Қылмыстық ниеттерін жүзеге асыру үшін қылмыскерлер бейнебақылау жүйесімен қамтылмаған аймақтарды пайдаланып,  ұрланған затты жұмыс киімінің ішіне жасырып алып шығуға тырысқан. Ұсталғандардан құрамында 4,5 келі таза алтыны бар 7 келі концентрат алынды», делінген ақпаратта. Кеншілердің  киімге жасырып алып шыққан алтынның құны 130 миллион теңгеден асады. Күдіктілердің үстінен  аса ірі мөлшерде жасалған ұрлық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.