Бокс • 03 Желтоқсан, 2023

Төрт өреніміз – финалда

150 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бокстан Ереванда өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігі өз мәресіне жа­қын­дады. Қазір финалға шыққан былғары қолғап шеберінің бар­лығының есімі белгілі. Бұл межеге Қазақстанның төрт өрені сүрінбей жетті. Бүгін және ертең олар бас жүлде үшін таласады.

Төрт өреніміз – финалда

Ұлдар арасындағы жарыста 13 жас өренге сенім артқан едік. Өкінішке қарай, үмітіміз ақталмады. Үкілеп қос­қан былғары қолғап шеберлеріміздің тоғызы бастапқы бәсекелерде сүрінсе, екеуі ширек финалда жеңілістің кермек дәмін татты. Сол межеде Әлихан Әскер (60 кг) иорданиялық Мұхамад Абулла Зедаға есе жіберсе, Игорь Соловьев (75 кг) ринг қожайыны Ар­тем Арутунянды екі рет нокдаунға жіберді. Алайда төреші қарсыласы жеңіске жетті деп жариялады. Соған ашуланған Қазақстан құрамасының аға жаттықтырушысы Аркадий То­паев айқас аяқталғаннан кейін ар­ме­ниялық боксшының қолын алудан бас тартты. Ал Төлебек Нұрасыл (54 кг) румыниялық Михай Ренетоны екінші және үшінші раундтарда есеңгіретіп, күмәнсіз жеңіске жетсе, Нығмет Ны­ғыманның (48 кг) тәжікстандық Ман­сурходжа Муминовтан мерейі үстем болды. Жартылай финалда Тө­лебек польшалық Игорь Сочовканы сабаса, Нығмет армениялық Вагаршак Кеянға жол берді.

Еревандағы додада қазақ қыздарына сегіз жүлде бұйырды. Жартылай финалда Сила Биболсынқызы (48 кг) үндістандық Паял Паялдың, Айша Сәриева (52 кг) тәжікстандық Фариноз Абдуллоеваның, Алина Құдайбергенова (63 кг) үндістандық Сати Сашиннің және Гауһар Зарден (50 кг) мен Құралай Егімбайқызы (80 кг) ресейлік Снежана Кузнецова мен Анна Бузулеваның осал тұсын таба алмады. Олар қола медальді қанағат тұтты. Есесіне Аяжан Сыдық (54 кг), Толғанай Қасымхан (60 кг) және Айсұлу Мұхиттың (66 кг) айы оңынан туды. Аяжан польшалық Зузана Голе­биевсканы, Толғанай грузиялық Нана Пипияны және Айсұлу Ресейдің өкілі Анастасия Грибанованы жақсылап тұрып сабап, финалда күш сынасу құрметіне ие болды.

Бүгін және ертең ақтық сайыс­тарды тамашалаймыз. Финалда Аяжан Сыдық үндістандық Аиша Кер­кет­тамен, Толғанай Қасымхан ре­сейлік Кира Леоновамен, Айсұлу Мұ­хит румыниялық Амалия Тугуимен және Төлебек Нұрасыл Үнді елінің тағы бір бокс­шысы Жатин Жатинмен ай­қа­сады. Аталған жарыс 5 желтоқсанда өз мәресіне жетеді.