Дүбірлі доданың ашылу рәсімінде «Елімізде шахматтың дамуына мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетіліп келеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі қоғамға интеллекті жоғары, терең ойлайтын адамдар қажет екенін үнемі айтады. Шахмат – ақыл-ойды дамытушы дара ойын. «Konaev Cup» турнирі Қазақстандағы шахматты дамытуда үлкен рөл атқарады. Осындай маңызды жарыстарды ұйымдастыру халықтың спортқа деген қызығушылығын арттыратыны сөзсіз. Қазіргі кезде Қонаев қаласы ірі спорттық шараларды өткізу арқылы әлемдік спорт жұлдыздарын шоғырландыратын орталық ретінде танылып келеді», деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Осы салтанатты іс-шара барысында облыс басшысы жақында ғана Италиядағы әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған Елназ Қалиахметті құттықтады. Ал Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Марат Есенов спорттың осы түрінің дамуына барына үлес қосып жүрген Алматы облысының азаматтарына өз ризашылығын білдіре отырып: «Бүгін біз бірінші кезекте шахмат ойынының құндылығын тағы бір көрсету үшін жиналып отырмыз. 2019 жылы Қазақстан әлемдік шахмат астанасы атанып, сол кезде елімізде командалық әлем чемпионаты ұйымдастырылды. Содан бері республикамызда түрлі халықаралық жарыс өткізіп, біздің өрендеріміз АҚШ, Испания, Әзербайжан, Үндістанның үздік ойыншыларымен тең дәрежеде өнер көрсетті. Бүгінгі турнирге келер болсақ, екінші жыл қатарынан саңлақтар Қонаев қаласында бас қосып отыр. Бұл – жас спортшыларға өздерін жақсы қырынан көрсету үшін туындап отырған тамаша мүмкіндік», деп атап өтті.
Аталған жарыстың чемпиондық атағын ең таңдаулы 12 гроссмейстер сарапқа салды. 11 кезеңге созылған сайыстың қорытындысы бойынша бас жүлде мен 500 мың теңгелік ақшалай сыйлыққа АҚШ-тан ат терлетіп келген гроссмейстер Тимур Гареев ие болды. Ол – екі бірдей Олимпиадаға қатысқан сақа ойыншы. Екінші және үшінші орынды әзербайжандық Вугар Расулов пен қазақ шахматшысы Азамат Өтеғалиев иеленсе, үздік бестікті армениялық Мануэль Петросян мен ирандық Бардия Денешвар түйіндеді.