Әлем • 04 Желтоқсан, 2023

Жаһандық жылынудың рекордтық деңгейі

216 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Дубайда климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимылға арналған кезекті саммит басталды. Екі аптаға жуық уақытқа созылатын іргелі жиын­да көптеген мәселе талқыланбақ. Биыл шартараптың түкпір-түкпірінен келген ел басшылары 28-мәрте бас қосып отыр.

Жаһандық жылынудың рекордтық деңгейі

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Іс-шара 30 қараша күні бас­талды. Оның түпкі мақсаты – жа­һан­дық жылынуды бәсеңдету һәм тоқтату мәселелерін талқылау. Сам­миттің COP, яғни «Conference of the Parties» деп аталуы 1992 жылы БҰҰ аясында қабылданған Кли­мат келісіміне байланысты.

COP28 жиыны жаһандық тем­пе­ратураның жылынуын 1,5 градус­тан асырмауды көздейді. Есте­ріңізде болса, 2015 жылы Па­рижде 200-ге жуық мемлекет осын­дай уағдаластық жасасқан-тұғын. БҰҰ-ның Климаттың өзге­руі жөніндегі үкіметаралық панель (IPCC) ұйымына сүйенсек, жаһан­дық жылынуды 1,5 градустан асырмау жер шары үшін де, адамзат үшін де өте маңызды.

Қазіргі таңда әлемнің жылынуы 1,1 не 1,2 Цельсий градус дең­­гейінде тұр. Бұл өнеркәсіптік рево­люцияға дейінгі, яғни адамзат қазба отындарын жаппай қол­дан­ған кезеңнен жоғары. Соңғы бол­жам­дарға сүйенсек, 2100 жылға қарай жер жары 2,4-2,7 градусқа дейін ысынып кетуі ықтимал.

Саммит аясында Париж келі­сі­міне қол жеткізудегі атқары­лып жатқан шаралар ортаға салынады. Сондай-ақ COP28 жиыны таза энергия көздеріне көшудің барысын талқыламақ. 2030 жылға дейін парникті газдар шығарылымын азайтуды да мақсат етеді. Бұдан бөлек, бақуатты мемлекеттер бөл­ген қаражатты кедей елдерге беру бойынша жұмысты жан-жақ­ты қарастырады. Табиғат пен адам­затқа көңіл бөле отырып, ден­сау­лық сақтау, қаржы, азық-түлік және табиғат мәселелері де назарға алы­нады.

Салтанатты жиынның ашылу сал­та­натында ресми түрде COP28 саммитінің төрағалы­ғын қабыл­да­ған «Adnoc» компаниясының басшысы Сұлтан әл-Жәбер, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш сөз сөйледі. Жаһандық ұйымның басшысы биыл адамзат тарихындағы ең ыстық жыл екеніне тоқталды. Оның айтуынша, жер-жаһан нақты климаттың құлдырауын бастан ке­шіріп жатыр.

БҰҰ Бас хатшысы халықаралық қоғамдастықты климат бойынша міндеттемелерін орындауға ша­қырды. Сондай-ақ биылғы ауа райы әлем көшбасшыларын ма­залауға тиіс екенін атап өтті. А.Гутерриштің сөзінің жаны бар. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым келтірген деректерге сүйен­сек, 2023 жылы жаһандық температура рекордтық деңгейге дейін ысынады. Ал Эль-Ниньо ағыны ауа райы жүйесіне байланысты 2024 жылы қалпында қалуы мүмкін деген қауіп бар.

А.Гутерриш теңіз деңгейінің жоғарылауы мен ондағы температура рекордтық деңгейге жет­ке­нін атап өтті. Сонымен қатар Антарк­тидадағы мұз жабындары күрт аза­йып кеткеніне екпін берді.

«Биыл дүниежүзі өрттен, су тасқынынан және қатты тем­пе­ра­­турадан зардап шекті. Рекорд­тық жаһандық жылыну әлем көш­бас­шы­ларын мазалауға тиіс. Сөй­тіп, әре­кет етуге құлшына кіріс­уі қа­жет», деді Антониу Гутерриш.

Сарапшылар COP28 төрағасы Сұлтан әл-Жабердің жігерлі сөз сөй­­легеніне назар аударып отыр. Мұның бірнеше себебі бар. Бірін­­­шіден, ол – Біріккен Араб Әмір­­лік­теріндегі ірі мемлекеттік мұнай компаниясының басшы­сы. Сондай-ақ аталған ел шартарап­­та­ғы «қара алтынды» көп өндіретін санаулы елдің қатарына кіреді.

Өз сөзінде әл-Жабер ғылымға иек артатынын, 1,5 градус мақсаты адам­заттың темірқазығына айна­лу­ға тиіс екенін жеткізді. Оның айтуын­ша, әлем елдері парникті газдар шығарылымын күрт азайтуы керек. Жаңартылатын энергия қуатын үш есеге, оның тиімділігін екі есе­ге арттыруға бір­ле­сіп жұмыс іс­теу­ге уәде беруі қажет.

Мұнымен қоса, кейбір ірі мұ­най-газ компаниясы 2030 жылға қа­­рай метан шығарылымын нөлге дейін төмендетуге уәде бермек. Бұл – өте маңызды мәселе. Өйткені метан көмірқышқыл газына қарағанда ауа­ны 28 есе жоғары деңгейде ысы­та­ды.

Тағы бір назар аударарлық мә­селе мынау. Әл-Жабер даму­шы елдерге қолма-қол ақша беру­ге қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, БАӘ жаһандық оңтүс­тік­тің дамуына қаржы бөліп, жа­һан­дық жылынуға ықпал ететін өндірісті тежеуге күш салады. Бұл мақсатта жүздеген миллиард доллар қарастырылмақ. Осылайша, жиынның алғашқы күнінде әлем көшбасшылары дамушы мемлекеттерге климаттың өзгеруінен келетін зардаптармен күресуге қаржы бө­луге келісті.

COP28-дің екінші күні әлем көш­басшылары тұңғыш рет кли­мат­тың өзгеруіне байланысты азық-түлік пен ауыл шаруа­шы­лы­ғына қатысты мәселелерді ше­шуге уағдаласты. Сөйтіп, 130-дан аса ел азық-түлік туралы дек­­ла­­рацияға қол қойды. Бұл – өте ма­ңыз­ды келісім. Өйткені азық-түлік өндіруден шығатын пар­ник­ті газ­дар жаһандық темпе­ратураға әсер ететін зиянды шыға­ры­­лымның үштен бір бөлігін құ­райды.

Жиында сөйлеген сөздерінде көшбасшылар жер шары үлкен қатердің алдында тұрғанын, енді жа­­һандық жылынуға бейжай қа­рау­­ға болмайтынына назар аударды. Біріккен Араб Әмірліктері та­ра­пынан әзірленген «Тұрақты ауыл шаруашылығы, икемді азық-түлік жүйесі және климаттық іс-қимыл туралы» декларацияны са­­рап­­шылар мен қайырымдылық ұйымдары жоғары бағалап отыр. Дегенмен мұндай келісімге ертерек қол жеткізу керек екенін алға тартады.

Мәмілеге келген мемлекеттер­де шартараптың 5,7 миллиард тұрғыны мекендейді. Ал зиян­ды газдар шығарылымы 75 па­йызды құрайды. Ендігі жерде дек­ларацияға қол қойған елдер парникті газдар шығарылымын азайту жөніндегі жұмыс жоспары аясында азық-түлік мәселесіне де назар аударуға тиіс. Құжатқа АҚШ, Қытай, Еуропалық одақ және Ұлы­британия секілді жан басына шақ­қанда азық-түліктен бө­лінетін парниктік газдар шыға­ры­лымы ең көп елдер қол қойды.

«Декларация әлем елдеріне сауын айтып отыр. Жаһандық азық-түлік жүйесін тұрақтылық пен икемділік бағытына ауыстыру жолында жылдам әрекет еткенде ғана 1,5 градустық мақсатты сақтай аламыз», дейді Ұлыбританиядағы «World Resources Institute» зерттеу тобының басшысы Эдвард Дэви.

Жалпы, қазіргі таңда адамзат жаһандық жылынумен күрес жо­лында ет пен сүт өнімдерін аз тұтыну қажет пе деген сауал күн тәртібінде тұр. Зерттеулер көр­­­сеткендей, етке құмар бір адам­­ды қамтамасыз ету үшін кү­ніне 10,24 кг парникті газдар бө­лінеді. Сарапшылар әзір­ге дек­­ла­рацияның нақты қалай жұ­­мыс істеуі мүмкін екенін дөп басып айта алмай отыр. Геосаяси жағ­дай­лар­дың тұрақсыздығы, коронавирус пандемиясының салдарына байланысты дүниежүзінде азық-түлік бағасы көтерілген. Ен­деше, мұндай жағдайда дүкен сөресіндегі тауардың құны қалай өзгереді? Бұл жағы түсініксіз. Алай­да сарапшылар, ең бастысы, сең қозғалғанына назар аударып отыр.

Саммиттегі тағы бір маңызды мәселе – дамыған елдер мен мұ­най компаниялары энергетика сала­сына қатысты үлкен уәде беріп отыр. Соған сәйкес 100-ге жуық мемлекет 2030 жылға қарай жаңар­ты­латын энергия пайдалануды үш есеге арттырады. «Қара алтын» өн­діруден көшбасшы саналатын Сауд Арабиясының «Aramco» кор­по­рациясы бастаған 50 компания 2050 жылға қарай зиянды газдар шы­ға­рылымын мүлдем тоқтатуға мін­деттеме алды.

Дегенмен бұл келісімге күмән­мен қарайтындар бар. Өйткені мұ­най өндіруші компаниялар өндіріс ке­зіндегі шығарылымды ғана азайтады. Қазба отындарды тұтыну кезінде бөлінетін зиянды газдарға қа­­тысты емес. Сол себепті са­рап­шы­лар жаһандық жылынуға аса ықпал етпейтінін алға тартады. Мә­се­лені түбегейлі шешу үшін пар­никті газды көп бөлетін өндірістің бәрін тоқтату қажет деп санайды.

Іргелі іс-шараның екінші күнін­де де әлем көшбасшылары сөз сөйледі. Біріккен Араб Әмірліктері президенті Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян қатысушыларға үндеу жа­риялап, жаһандық жылынумен кү­ресу жолында өз елі 30 миллиард доллар қаражат бөлетінін мә­лім­деді.

Ұлыбритания королі Чарльз III те саммиттің құрметті қонақтары қата­рынан табылды. Монарх өз сө­зінде жер адамзатқа емес, адам­­зат жерге тиесілі екеніне екпін берді. Сондай-ақ климаттың өзге­руі шал­­ғай­дағы қауіп емес, жар астын­да тұрғанына тоқталды. Оның айтуын­­ша, табиғи апаттар көп­­­те­ген аралға зиянын тигізіп, Үн­діс­­тан­да, Бангладеш пен Пәкіс­танда бұрын-соңды болмаған су тасқыны жүріп жатыр.

Сонымен қатар жиында Үндіс­­танның премьер-министрі На­рендра Моди, Еуропалық комис­сия­ның төрағасы Урсула фон дер Лейен және Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған секілді көп­теген саяси қайраткер сөз сөйледі.