Суретті түсірген – Жангелді Әбдіғалым
Облыс әкімінің халықпен бұл кездесуі жаңа форматта өтті. «Arlan» орталығының бірінші қабатында үстелдер қойылып, әкіммен бір мезгілде басқармалар, департаменттер мен коммуналдық қызметтердің басшылары тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Қабылдау «бір терезе» қағидаты бойынша және электронды кезек тәртібімен өтті. Кездесуге келген халыққа қолайлы болу үшін барлық жағдай жасалған. Мәселен, осы 6,5 сағат барысында жедел жәрдем қызметкерлері де тырп еткен жоқ. Бұған қоса баламен келгендердің жағдайы да қарастырылған. Ол үшін арнайы ойын алаңы жабдықталып, ата-анасы қабылдауда болғанда балалары емін-еркін ойнап, уақытын өткізді.
Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты, облыс әкімінің мүгедектігі бар адамдар мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Нияз Сүндетәлиев те кездесуде болды. Бұл жолы ол билікке базыналарын айта келген ерекше қажеттіліктері бар тұрғындарға кеңес беруге келіпті. Ол мұндай кездесулер халықтың шенеуніктермен бетпе-бет кездесіп, түрлі сұрақтарға жауап алуға мүмкіндік беретінін айтады.
– Өңір басшысы мүгедек адамдар мен ерекше қажеттіліктері бар балалардың мәселесін жеке бақылауында ұстайды. Қарағандыда Ten Qogam мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығы жұмыс істейді. Сұрақтардың бір бөлігін орталық арқылы шеше алсақ, онда қызметкерлер жедел көмек көрсетеді. Ал егер басқармалардың құзыретінде болса, біз олардың өкілдерімен кездестіреміз. Десе де, республикалық деңгейде шешілуге тиіс мәселелер де бар. Ондайда жоғары органдарға жүгінеміз, – дейді Н.Сүндетәлиев.
Қабылдау кезінде бірқатар басқарма басшыларына жүгінгендер болмаса, енді біріне әжептәуір кезек пайда болды. Соның бірі – облыстың полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құрманғали Ысмағұловқа келушілер. Әр адамды мұқият тыңдап, мәселесін шешуге тырысты полиция полковнигі.
– Бірқатар сұрақты дер кезінде шешу мүмкін болса, енді біріне уақыт керек. Ал қандай да бір іс-шаралар атқару немесе бөлініс мамандары керек болса, мен қол астымдағы қызметкерлермен бейнебайланысқа шығып, кездесетін уақытты белгілеп, атқарылуға тиіс іс-шараларды нақтылаймыз, – дейді Қ.Ысмағұлов.
Қазыбек би және Әлихан Бөкейхан атындағы аудан әкімдеріне де халық көптеп келді. Тұрғындар ауланы абаттандыру, балалардың ойын алаңдары, үйлердің шатыры, су, жарық мәселелерімен келіпті.
Облыс орталығындағы ең үлкен аудандардың бірі Әлихан Бөкейхан атындағы аудан әкімі Досбол Күлекеев те келушілердің сұрақтарын мұқият тыңдап, әрқайсысына байыппен жауап берді.
– Келушілердің мәселелерін жазып алып, қайсыбірін дереу реттеп жатырмыз. Мәселен, есік алдында қураған ағаштар көп деп келгендер бар. Жазда мердігерлердің болмауына байланысты жұмыстарды істей алмасақ та, қазір атқарып жатырмыз. Мердігермен осы жерде байланысқа шығып, келушілердің сұрақтарына олардың өздері жауап берді, – дейді Д.Батырбекұлы.
«Бір жылда бәріне үлгеру мүмкін емес» деген әкім кездесуге шағыммен емес, алғыспен келгендердің бар екенін де айтады.
– Биыл Пришахтинск қаласында Әуезов көшесінің жолын жөндеп, жарықтандыру мәселесін шешіп берген едік. Сол үшін халық дән риза. Кездесуге арнайы келіп, рахметін айтып кетіп жатыр. Бұл – бір ғана мысал. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, халықтың жергілікті мәселесі толығымен шешілуге тиіс. Мәселен, жол, жаяу жүргіншілер жолы, көлік қатынасы сияқты мәселелерді оң шешуге болады. Жұмысымызды әрі қарай жалғастыра береміз, – деді Д.Батырбекұлы.
Жыл басынан Ермағанбет Бөлекпаев өңірдің қалалары мен аудан тұрғындарымен өткізген 25 кездесуде 8 мыңға жуық адамды қабылдаған. Дәл осы кездесулерде 800-ден аса сұрақ қойылыпты. Бірі сол жерде шешілсе, дені ұзақмерзімді болғандықтан, облыстық бюджетті қарастыру кезінде ескерілмек.
– Жыл бойғы халықпен кездесуді Қарағанды қаласымен аяқтап отырмыз. Бұған дейін әріптестеріммен бірге жергілікті жерлерде халықпен кездестік. Көтерілген мәселелердің басым бөлігі тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, үй мәселесі, білім саласы және тағы басқаларын қамтыды. Сұрақтардың сол жерде шешілгендері де бар. Ал уақыт және қаражатты қажет ететіндері облыстық бюджетті қарастыру кезінде ескеріледі, – деді Е.Қабдулаұлы.
Кездесуде көтерілген барлық мәселе жүйеленіп, жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ жауапты салалардың бақылауында болады. Мәселен, Пришахтинск қаласы тұрғындарымен кездесуде көтерілген мәселелер.
– Жыл басында Пришахтинск тұрғындарымен кездестім. Олар үшін ең маңыздысы көлік қатынасы екен. Жаңа автопарк жұмысын енді бастаған қиын кезең болатын. Қазір жұмыс жолға қойылды. Автопарк бірден 50-ге жуық жаңа автобус сатып алды. Одан бөлек, балалар орталығының құрылысын бастадық. Дәл осындай нысанды Майқұдықта да саламыз. Осы қарқынмен жұмыс жалғасса, келер жылы көктемде құрылысы аяқталып та қалады. Сондай-ақ балабақшада орын тапшылығы да шешімін табады. Жер телімі анықталып, құрылысты жоспарлап қойдық, – деді облыс басшысы.
Аймақ басшысы айтқан тағы бір өзекті мәселе – Шахтер кентінің орталық жылыту жүйесіне қосылуы. 30 жылдан аса бір ретке келмеген бұл жайт та жуырда шешімін табады.
– Орамішіндегі желілерді реттедік, қосуға дайынбыз. Енді тұрғындармен бірге үй арасындағы желілерді жөндеу және қалпына келтіру мәселесі қалды. Қазір Қарағанды әкімдігі тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр. Шахан кентіндегі тәрізді тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы орталығы арқылы пайызсыз несие беріп, 50-ден аса үйді орталық жылу желісіне қосуға тырысамыз, – деді Е.Бөлекпаев.
6,5 сағатқа созылған кездесу осындай сипат алды. Қысқасы, билік бұқара бұйымтайын бетпе-бет тыңдады, енді мәселелер шешімін табады.
Қарағанды облысы