Банк • 04 Желтоқсан, 2023

Банктер проблемалық қарызды кешіруге дайын ба?

274 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақстанда банк секторы тұрақты дамып келеді. Капитал­дандыру көрсеткіштерінің жоғары болуы ағымдағы күйзелістерді еңсеруге мүмкіндік береді. 2023 жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша банктердің активтері 8,6%-ға ұлғайып, 48,4 трлн теңгені құрады.

Банктер проблемалық қарызды кешіруге дайын ба?

Коллажды жасаған –Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Ал клиенттердің салымдары 4,8%-ға өсіп, 33,1 трлн теңгені құрады. Осылай деп мәлімдеген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов елімізде 21 екінші деңгейдегі банк қызмет ететінін атап көрсетті. Оның ішінде шетелдің қатысуымен 11 банк, мемлекеттің 100% қатысуымен 2 банк жұмыс істейді.

«Халық пен бизнестің депозиттерінің тұрақты өсуін атап өткен жөн. Олар 5 жыл ішінде 2 есе өсті. Жыл басынан бастап ұлғаю 4,8%-ды құрайды, бұл банк жүйесіне деген сенімнің жоғары деңгейін растап отыр. Депозиттік базаны долларландыру деңгейі жыл басынан бері 36,7%-дан 29,5%-ға дейін төмендеді», деп нақтылап өтті спикер.

сми

Оның айтуынша, ағым­дағы тәуекел­дерді өтеу үшін банк секторының капитал қоры жеткілікті. Сондай-ақ мен­шікті капи­тал – 6,4 трлн теңге. Банктердің өтім­ділігі жоға­ры активтері осы жыл­дың 1 қа­ра­шасындағы жағдай бойынша 14,6 трлн теңгені немесе ак­тивтердің 30%-ын құрады. Бұл банктердің клиенттер ал­дындағы міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуіне мүмкіндік береді.

«Портфель сапасының көрсеткіштері айтарлықтай жақсарған. Жұмыс істе­мей­тін кредиттердің коэффициенті тарихи тұр­ғы­дан ең төмен мәнге жетіп, 2022 жыл­дың басынан бері 3,3% деңгейінде сақ­та­лып отыр», деді агенттік өкілі.

Брифинг барысында Олжас Қизатов елімізде несие беруге қатысты енгізілуі мүмкін шектеу туралы да айтты. Агенттіктің бағалауынша, қазіргі уақытта несие төлемін 90 күннен кешіктіріп алған 1,5 млн қарыз алу­шы бар. Бұл ретте агенттік әрбір банк, микр­оқаржы ұйымы және коллекторлық агент­тікпен бірігіп жеке жоспар құрып, нақ­ты қарыз алушылардың тізімін жасап, қа­рыз жүктемесін жеңілдету бойынша олар­мен қандай жұмыс жүргізетіндерін пысық­таған.

«Мұның бірнеше нұсқасы бар. Егер борышкердің несиені төлеуге қаржылай мүмкіндігі жоқ болса, онда біз банкпен, МҚҰ-мен бұл кредитті кешіру бойынша жұмыс істейміз. Кей жағдайларда кредитті қайта құрылымдау қарастырылады. 2024 жылдың соңына дейін агенттік банк, МҚҰ және коллекторларды әрбір борышкер бойынша қарыз жүктемесін төмендетуге міндеттеді. Болашақта тағы да қаржылық қиындықты сезінетін жаңа қарыз алушылар болмас үшін біз арнайы шектеулер енгізбекшіміз. Яғни борышкер өзінің бір проблемалық несиесін жаппайынша оған жаңадан қарыз берілмейді. Тұтынушылық займ бойынша максималды сома белгілейміз. Біз көп жағдайда 100 млн теңгеден жоғары сомада несие берілетінін көріп отырмыз. Тіпті кейде 1 млрд теңгеге дейін. Бұл кәсіпкерлік мақсатта алынған несиелер секілді. Халықтың несиесін көбейте бермеу үшін тұтынушылық займдардың жоғарғы шегін енгізуіміз керек. Лимитті әзірге банк қауымдастығымен бірлесіп ойластырып жатырмыз», деді О.Қизатов.

Ол сонымен қатар экономикаға берілген несиелердің 15,3 пайызға, 26,3 трлн теңгеге дейін өскенін мәлімдеді. Ал жеке тұлғалардың несиесі 22,4 пайызға артқан. Бұл негізінен тұтынушылық несиелердің – 25,4 пайызға, ипотекалық несиелердің 11,8 пайызға өсуі әсерінен туындап отыр. Бизнеске берілген кредит көлемі 14,9 пайызға, 10,4 трлн теңгеге дейін көбейіпті.

«Экономиканың нақты секторын­ қаржы­­ландыруда банк секторы­ ма­ңызды рөл атқарады. Бизнес субъектілерін несие­­мен қолдау туралы Мемлекет бас­шы­­сының тапсырмасына сәйкес, агент­т­ік 2020 жылдан бас­тап пруденциал­ды ынталандыру іс-шара­ла­рын жүзеге асырып келеді. Оның аясын­да банктердің өтімділік пен капиталына қатысты қа­да­­­­ға­лаушылық жүктеме азайтылып, сондай-ақ банктің кепіл саясатының талаптары жұмсартылды. Қазір агенттік синдикатты несиелеуді дамыту, еншілес шетелдік банктер тарапынан несиелеу мүмкіндігін кеңейту, сондай-ақ шетелдік банктерді тарта отырып және кіру талаптарын либералдау есебінен банк секторында бәсекені арттыру үшін қосымша жұмыстар жүргізіп жатыр», деді.

Агенттік басшысының орынбасары қазақ­стандық банктер шетелдік банк­тер­мен бәсекелесе алатын деңгейде деп есеп­тейді.

«Сауықтыру шараларынан кейін қазір банк секторының жағдайы тұрақты. Мұны кейінгі үш жылда халықаралық сарап­шылар да растайды. Алты банкке қайт­арымды негізде мемлекеттік қолдау беріл­ді. Қазіргі жағдайға қарап отырып беріл­ген қаражат мерзімінен бұрын қайта­рылады деп күтеміз. Біз банкті қолдауда мемлекет қатысуын азайту қажеттігін түсінеміз. Тиісті жұмыстар жүргізудеміз. Келесі жылғы біздің басты заңнамалық мақсатымыз – қандай жағдайда мемлекет көмек береді және бұл ретте Ұлттық банк, агенттік және Үкіметтің рөлі қандай екенін нақтылау», деді О.Қизатов.

Банк секторының сенімділігі мен тұрақтылығы – бүкіл ел экономикасының үздіксіз және тиімді жұмыс істеуінің кепілі. Бұл дағдарыстар мен сыртқы экономикалық күйзеліс кезеңдерінде өте маңызды. 2023 жылғы 1 қарашада Moody's рейтингтік агенттігі отандық 9 банктің рейтингін жаңартты, олардың сегізі ең ірі он банктің қатарына кіреді. Рейтингі ең жақсы банктердің қатарында «Отбасы банкі» бар: Moody's Investors Service қаржы институтының рейтингтерін Baa2 деңгейінде растап, рейтингтік болжамды «Тұрақтыдан» «Оңға» жақсартты. Банктің ұзақмерзімді рейтингтерін растау банктің мықты клиенттік базасы мен мемлекеттік банк мәртебесін көрсетеді. Moody's-тің оң болжамы банктің операциялық ортаны жақсартуға, бұл өз кезегінде несиелік мүмкін­діктерін сақтауға, жақсартуға және құбылмалылықты төмендетуге мүм­кіндік береді.

Өз кезегінде Halyk Bank Те Moody's агенттігінің жоғары рейтингіне ие: Baa2, болжамы – «Оң». Одан кейін Kaspi Bank, «Банк ЦентрКредит» және ForteBank бар.

Бұл ретте Fitch Ratings екінші дең­гейлі төрт ірі банктің рейтингін қой­ды. Мұнда да рейтинг тізімі тура жоға­ры­дағыдай: «Отбасы банкі» (BBB, болжам – «Тұрақты»), Halyk Bank (BBB−, «Тұрақты»), ForteBank (BB, «Тұрақты»), Bereke Bank (BB, «Тұрақты»).

S&P Global Ratings-ке келетін болсақ, бұл агенттік елдің алғашқы ондығына кіре­тін бес банкке баға береді. Ең жоға­ры­ рейтингтер Halyk Bank пен Kaspi Bank-ке тиесілі.

Жалпы, кейінгі жылдары халық­ара­лық­ рейтинг агенттіктері қазақстандық банк­­терге оң баға беріп, олардың сыртқы әсер­лерге төзімділігінің жақсарғанын атап өтті.

«Қазақстан өзiнiң егемендi рейтингi­нiң жақсаруы мен расталуының аясында оң өзгерістер болып жатыр. Биыл қараша айында Fitch Ratings халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстанның егемен несие рейтингін «Тұрақты» болжамымен ВВВ деңгейінде растады. Өз кезегінде Moody's халықаралық рейтинг агенттігі қазан айында Қазақстанның егемен несие рейтингін Baa2 деңгейінде растай отырып, «Тұрақтыдан» «Оңға» болжамды жақсартты. Бір ай бұрын, қыркүйекте Standard & Poor's (S&P) халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстанның егеменді несиелік рейтингін BBB−/A-3 деңгейінде тұрақты болжаммен растады. Бұған дейін наурыз айында рейтингтік агенттік Қазақстан Республикасы бойынша болжамды «Тұрақтыға» дейін жақсартты», дейді Ranking сарапшылары.

Halyk Finance сарапшыларының айтуынша, еліміздің банк секторы соңғы он жылда экономиканың негізгі бөлшегіне айналып үлгерді.

«Банк жүйесі отандық қаржы жүйе­сі­нің негізі ретінде экономикалық өсім мен тұрақтылыққа үлкен үлес қосуда. 2008 жылғы дағдарыс, одан бергі пандемия мен геосаяси шиеленіс кезінде де төзімділік танытты. Қазір банктер технологиялық жетістіктер мен цифр­лан­дыруды енгізуді де табысты жүзеге асырып жатыр. Дегенмен жеткілікті табысты даму­ға қарамастан, кейбір көр­сет­кіш­тер банк секторының экономикада әлі де тиісті рөл атқармайтынын айтады: актив­тердің, несиелеудің және ІЖӨ-дегі депо­зит үлесі сияқты салыс­тыр­малы көрсеткіштер әлі де дамыған және тіпті көптеген дамушы елге қара­ған­да әлдеқайда төмен», дейді сарапшылар.