Ұлттық спорт • 04 Желтоқсан, 2023

«Нұртөбел» – марафон жеңімпазы

201 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырау облысында ат спортын дамытуға бет бұрғандар аз емес. Жеті ауданда да түрлі бәйгеге жүйрік қосып, қомақты жүлдені иеленіп жүр­гендер көбейіп келеді. Соның бір дәлелі «Ұлы дала жорығы» жобасы аясында өткен 90 шақы­рымдық бәйге марафонында байқалды.

«Нұртөбел» – марафон жеңімпазы

Ұзақ қашықтықтағы бәйге марафоны Махамбет ауданында өтті. Оны облыстық «Бәйге» федерациясы ұйымдастырды. Облыс әкімдігі мен облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы қолдау көрсетті.

Ұлттық спорт, әсіресе бәй­ге десе, елең етпейтін, де­ле­бесі қозбайтын қазақ бар ма? Бұл бәйгеде 10 жүлде ті­гілді. Марафонға жүйрік қос­қандар­дың бәрі де бірінші жүлдені иеленуден үмітті болды. Өйткені оның сыйақысы – 2 миллион теңге. Жүй­рік баптаған атбегілер де, бәй­гені тамашалауға жи­нал­ған жұртшылық та мәре сы­зығына оқ бойы озып келер қыл­құйрықты асыға күтті. Әсіресе ат иелерінің дегбірі қалмады.

Қылқұйрықты тұлпар­лар­­дың аламанында Қы­зыл­қоға ауданының үш жүй­рігі алғашқы үш жүлдені ие­ленді. Мұқыр ауылында тұр­ған Тайжан қария кезінде тазы ұстап, жолын жалғар ұр­­пағының жадына ұлттық құн­дылықтарды молынан сіңір­ген. Ұлағатты қарияның тәлі­мін алған немерелері қос­қан «Нұртөбел» жүйрігі 90 ша­қырымдық бәйгеден мәреге бірінші болып жетті. Желдей ескен жүйрікті атбегі Әлеке Бөл­теков баптаған. Шабандозы – Бақытжан Жет­кізген. Же­ңімпаз жүйрік­тің иесіне 2 миллион теңге бе­рілді.

Екінші жүлденің 1 миллион теңгесіне Миялы ауы­лының тұрғыны Қайырбек Баймұратовтың «Айтұмар» жүйрігі иеленді. Ат иесі ауыз­дығымен алысқан бұл жүйрікті баптау үшін атбегі Әлеке Бөл­тековті, шабандоздыққа Иса Жаңғабылды таңдапты.

Мәре сызығын үшінші қи­ған «Күнқасқа» тұлпарын Тайсойған ауылының тұрғыны Есенғабыл Қосаев қосты. «Күн­­қасқаның» шабандозы Досжан Досқали 800 мың теңгеге ие болды.

Бұдан кейін келген жүй­ріктердің иелері де жүлдесіз қалмады. Мәселен, төртінші орынға – 700 мың, бесіншіге – 600 мың, алтыншыға – 500 мың, жетіншіге – 400 мың, сегізіншіге – 300 мың, тоғы­зыншыға – 200 мың, ал 10-орын иегеріне 100 мың теңге берілді.

 

Атырау облысы