Ұзақ қашықтықтағы бәйге марафоны Махамбет ауданында өтті. Оны облыстық «Бәйге» федерациясы ұйымдастырды. Облыс әкімдігі мен облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы қолдау көрсетті.
Ұлттық спорт, әсіресе бәйге десе, елең етпейтін, делебесі қозбайтын қазақ бар ма? Бұл бәйгеде 10 жүлде тігілді. Марафонға жүйрік қосқандардың бәрі де бірінші жүлдені иеленуден үмітті болды. Өйткені оның сыйақысы – 2 миллион теңге. Жүйрік баптаған атбегілер де, бәйгені тамашалауға жиналған жұртшылық та мәре сызығына оқ бойы озып келер қылқұйрықты асыға күтті. Әсіресе ат иелерінің дегбірі қалмады.
Қылқұйрықты тұлпарлардың аламанында Қызылқоға ауданының үш жүйрігі алғашқы үш жүлдені иеленді. Мұқыр ауылында тұрған Тайжан қария кезінде тазы ұстап, жолын жалғар ұрпағының жадына ұлттық құндылықтарды молынан сіңірген. Ұлағатты қарияның тәлімін алған немерелері қосқан «Нұртөбел» жүйрігі 90 шақырымдық бәйгеден мәреге бірінші болып жетті. Желдей ескен жүйрікті атбегі Әлеке Бөлтеков баптаған. Шабандозы – Бақытжан Жеткізген. Жеңімпаз жүйріктің иесіне 2 миллион теңге берілді.
Екінші жүлденің 1 миллион теңгесіне Миялы ауылының тұрғыны Қайырбек Баймұратовтың «Айтұмар» жүйрігі иеленді. Ат иесі ауыздығымен алысқан бұл жүйрікті баптау үшін атбегі Әлеке Бөлтековті, шабандоздыққа Иса Жаңғабылды таңдапты.
Мәре сызығын үшінші қиған «Күнқасқа» тұлпарын Тайсойған ауылының тұрғыны Есенғабыл Қосаев қосты. «Күнқасқаның» шабандозы Досжан Досқали 800 мың теңгеге ие болды.
Бұдан кейін келген жүйріктердің иелері де жүлдесіз қалмады. Мәселен, төртінші орынға – 700 мың, бесіншіге – 600 мың, алтыншыға – 500 мың, жетіншіге – 400 мың, сегізіншіге – 300 мың, тоғызыншыға – 200 мың, ал 10-орын иегеріне 100 мың теңге берілді.
Атырау облысы