Еліміздің еркін күрес шеберлері арасынан Рүстем Мырзағалиев табысты өнер көрсетті. Финалға дейін еш қиналмай жеткен ол шешуші сайыста бозкілемнің қожайыны Орхан Аббасовтың айласын асыра алмады. Нәтижесінде, Рүстем күміс медальді мойнына ілді. Дәулет Теміржанов (57 кг), Әділ Оспанов (65 кг), Мейіржан Әшіров (70 кг) және Нұрсұлтан Азов (125 кг) жартылай финалда ұтылып, қола жүлдеге қол созды. Жалпы есепте жарыс қожайындары көш бастады. 10 салмақ дәрежесі бойынша өткен бәсекелердің бесеуінде, яғни Әли Рагимзаде (65 кг), Гаджи Әлиев (70 кг), Тұран Байрамов (70 кг) және Ибрагим Юсубов (92 кг) сынды Әзербайжанның апайтөстеріне тең келер ешкім табылмады. Сондай-ақ ирандық Махди Веиси (57) мен Мостафа Тогани (125 кг), түркиялық Ахмед Думан (61 кг) мен Мұстафа Сезсіз (97 кг) және америкалық Морган Маккинтош (86 кг) бас жүлдені қанжығасына байлады. Әйелдер бәсекесінде екі күміс медаль бұйырды. Оның иегерлері – Айнұр Әшімова (57 кг) мен Ирина Кузнецова (62 кг).
Грек-рим күресі шеберлері жалғыз жүлде алғанымен, сапа жағынан еркін және әйелдер күресінен олар озып кетті. Өйткені олардың қоржынында алтын медаль бар. Оны Аманғали Бекболатов олжалады. 55 кг салмақ дәрежесінде күш сынасқан қандасымыз бұған дейін де бірқатар аса ірі халықаралық додаларда дараланған. 2022 жылы ол Азия чемпионатында күміс алса, 2023 жылы қоланы еншіледі. 2021 жылы Ислам ынтымақтастығы ойындарында үшінші сатыға тұрақтады. Оның алдында жасөспірімдер мен жастардың әлем біріншіліктерінде қола медальді иемденді. Ал Қап тауының бөктерінде Аманғали Иран, Ресей, Түркия, Әзербайжан балуандарынан басым түсіп, алтын медальді мойнында жарқыратты.
Естеріңізге сала кетейік, күні бүгінге дейін екі балуанымыз ғана әскерилер арасында әлем чемпионы атанған. Олар – еркін күрес шебері Бағлан Жақанша (2013) мен грек-рим күресінің өкілі Ғалымжан Өсербаев (2014). Міне, енді солардың қатарына ең жеңіл салмақтағы Аманғали Бекболатов қосылып отыр.