Тағылымды басқосуға Парламент Мәжілісінің депутаттары, Ақмола облысы әкімдігінің қызметкерлері, Мемлекет тарихы институтының өкілдері, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың ғалымдары, «Абылай ханның қара жолы» атты республикалық экспедициясы мүшелері және журналистер қатысты.
Аталған жиынға ұйытқы болып отырған дүние – өлкетанушы Мұратқажы Ыдырысұлының жетекшілігімен 2021 жылы шілденің 31-інен бастап, тамыздың 14-іне дейінгі аралықта еліміздің орталық және шығыс өңіріне ғылыми зерттеу мақсатында жорық жасаған «Абылай ханның қара жолы» атты республикалық экспедицияның қорытынды есебі.
Жорық жетекшісінің айтуына қарағанда, экспедиция мүшелері жарты ай мерзімде 8000 шақырым жол жүріп, өлке тарихымен танысқан. Яғни алғашқы қадамына арқадағы тарихи нысан Сырымбеттен бастаған жорықшылар жолай Бурабай ауданы аумағындағы Кенесары ауылын жанай өтіп, орта ғасырда Шайбан әулетінің сұлтандары уақытша қоныс қылған Жалтырға соғып, әрі қарай қазақ арыстарының ізі қалған Қараөткелге аялдап оңтүстік-шығысты бетке алған.
«Осы сапарымызда Ерейментау – Екібастұз – Баянауыл арқылы Сарыарқаның құйқалы мекені Семізбұғы – Ботақара, Қарқаралы – Қазылықты көктей өтіп, ХХ ғасыр басындағы алаш астанасы Семейге ат басын тіредік. Одан әрі ежелгі тарихымыз тұнып жатқан Шығыс Қазақстан жеріндегі атақты Шілікті қорғандарын көзімізбен көріп, одан кейін Алтай мен Алатауды жалғап жатқан Тарбағатай тауларын бөктерлей жортып, Жетісудың жиегіне жеттік. Әрі қарай Балқаш – Ақжал – Ақсу – Аюлы арқылы ұйық мекен Көкшетауға оралдық. Бүгін осы экспедиция барысында жинақталған материалдар негізінде құрастырылған кітаптың тұсауы кесіліп отыр», деді өлкетанушы Мұратқажы Ыдырысұлы.
Жиын барысында алғашқы болып сөз алған Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың айтуына қарағанда, аталған экспедиция 2018 жылы жергілікті әкімдіктің қолдауымен құрылған екен. Яғни облыс басшылары бұндай рухани-тарихи өлкетану жұмысын қолдайды. Соның бір дәлелі ретінде Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың құттықтауын оқып берді. Онда: «Абылай ханның қара жолы» атты республикалық экспедицияның зерттеу жұмыстары халқымыздың тарихи, рухани, мәдени мұралары мен салт-дәстүрін, ұлы тұлғалардың өмірі мен шығармашылығы және еліміз территориясындағы киелі орындарымен танысу бағытында біршама құнды мәліметтер жинақтады. Жаңа Қазақстанның өркендеп өсуіне, Отанымыздың бай мәдени құндылықтарын дамытудағы елеулі еңбектері үшін экспедиция мүшелеріне шынайы алғысымды білдіремін. Шығармашылық еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, мықты денсаулық тілеймін!» делінсе, жиынға онлайн қатысқан сенатор Талғат Жүнісов пен Парламент Мәжілісінің депутаты Айна Мысырәлімова да мұндай тағылымды жорықтың қорытынды шарасы негізінде құрастырылып, жарық көріп отырған туындының ұлт руханиятына берері мол әрі пайдалы екенін атап өтті.
Ал жиынға қатысқан ғалымдар тарапынан пікір білдірген Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, танымал тарихшы-этнолог Жамбыл Артықбаев: «Бұл жинақ қазақ тарихында «ерлік дәуірі» атанған Абылай заманына арналып отыр. Бұл кезеңде өмір сүрген тарихи тұлғалардың әрекеті – ел тәуелсіздігін мыңдаған жылдық мықты іргетасқа бекітетін алтын тамыр екені ақиқат. Сонымен бірге Ұлы даланың әрбір тауы мен тасы, өзені мен көлі, тоғайы мен орманы тек топонимиялық ескерткіш қана емес, сонымен бірге мыңдаған жылдық тағылымды тарихтың дерегі. Міне, бірнеше жыл бойы Мұратқажы Ыдырысұлы бастаған республикалық «Абылай ханның қара жолы» экспедициясы ұлан-байтақ қазақ жерін аралап, бабаларымыздың ерлік жолында қалдырған ескерткіштерін түгендеп, оны қалың елге таныстырып жүр. Нәтижесінде, бірнеше кітап жарық көрді. Өлкетанушының атқарған ісіне ризашылық білдіремін», деді.
Келесі кезекте ойын ортаға салған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, фольклортанушы-ғалым Серік Негимов: «Өлкетанушы Мұратқажы Ыдырысұлы ұйымдастырған ғылыми-тарихи, этнографиялық экспедиция материалдарында, яғни «Абылай ханның қара жолы» атты кітапта ел тарихындағы, руханият кеңістігіндегі ұлы оқиғалар, елдік, мемлекеттік, ұлттық маңызды идеялар, түйдек-түйдек қазына-бұйымдар, керуеншілер, ру-тайпа көсемдері, хандар, абыздар, билер, баһадүрлер, жыраулар, сал-серілер жөнінде мәнді мағлұматтар бар. Тарихи, мәдени, әдеби құндылықтарға мейлінше бай бұл басылымда Шаһиахмет хазірет мешіті, Саңғыл би, Қазаншы әулие, Қарабура әулие, Ақбикеш мұнарасы, Баба түкті Шашты Әзиз, Ысқақ баб, Бибі Мәриям, Жүніс ата кесенелері жайында тарихи-шежірелік деректер мен аңыздар берілген екен. Бұл кітап болашақ үшін өте құнды туынды болары анық» деді.
Тарихи-танымдық кітаптың тұсаукесер рәсіміне қатысқан қазақтың батыр ұлы, ғарышкер, қоғам қайраткері Тоқтар Әубәкіров те жиын үстінде өзінің жүрекжарды лебізін білдірсе, танымал тарихшы ғалымдар Қаржаубай Сартқожаұлы, Бүркітбай Аяған, Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері Қанат Еңсенов қатарлы мамандар да өз ойларын ортаға салды. Іс-шара соңында күйші Өтеулі Әділ Абылай ханның «Шаңды жорық», «Қара жорға» күйлерін орындаса, Біржан сал музейінің директоры, дәстүрлі әнші Дәулетхан Мұқтархан әннен шашу шашты.