Мамандар ж.с.д. IV–III ғасырға тән деп баға берген сақ патшайымының реконструкцияланған бейнесі қазір облыстық тарихи-өлкетану музейінде тұр. «Қайта қалпына келтірілген сақ патшайымының әшекейлі киіміне қарап, сонау ғасырда-ақ мәдениетіміздің дамығандығын тағы бір аңғаруға болады», дейді мамандар.
Бұл жәдігерді тапқан танымал археолог Зейнолла Самашев: «Ежелгі көшпелілер көсемдерін жерлеуде табиғаты ғажап мұндай өңірді таңдауы тегін емес. Обалар орналасқан аумақ орманмен көмкеріліп, биік таулармен қоршалған. Қорым үстінен қарағанда эллипс тәріздес төрт обалар тізбегінен тұрады. Әрбір тізбекте доминат оба бар», дейді.
Қазіргі таңда обалар тізбегіндегі 40-тан астам нысанға зерттеу жасалды. Жұмыс әлі аяқталған жоқ. Осы аралықта археологтер көшпелілер қолға үйретіп, иесімен бірге жерленген толық жарақты жылқыларды тапты. Оның сыртында ең үлкен жаңалық – 5-қорғаннан бұдан 2300 жыл бұрын өмір сүрген жоғарыдағы алтын киімді 14-16 жастағы қыз баланың мүрдесінің табылуы.
Қызбен бірге екі жылқы жерленген, қасына үлкен-кіші қос құмыра қойылған, оның қасында алтын сапты ырым пышақ бар. Қыздың сүйектерінде тері-мата қалдықтары сақталған. Атап айтқанда, жас қыздың басында қызыл матамен әдіптелген биік сәукелесінің ұшына бұғы мүсінді титул қондырылса, қарқараның өнбойы жапырақты алтын әшекейлермен бәдізделген. Үстіне киген жұмсақ тері жарғағының қос өңірі шаршы алтын бұйымдармен көмкеріліп, аяғына сырты жүнді терімен қапталған қысқа қоныш, басы алтын оюлы етік кигізілген.
Сондай-ақ қазба жұмысы кезінде табылған бұйымдардың ішінде ағаштан ойылып, алтын жалатылған тау ешкілердің мүсіндері, жыртқыш құс стиліндегі ою-өрнектер мен фантастикалық полиморфті қанатты тіршілік иелері, түрлі өрнекті пластиналар мен жапсырмалар бар. Бұғылардың барыспен айқасқа түскен көріністері бейнеленген үлкен тікбұрышты пластиналар да ерекше көзге түседі.
«Қорғанның тоналып кеткеніне қарамастан, сақ патшайымның киім үлгісін суретші Қалиолла Ахметжан жасап шықты. Конус тәрізді тәждің шірінділеріне қарап, сақтың шошақ бөрігін анықтады. Бұны кәдімгі қазақтың сәукелесі десе де болады. Ал табылған әшекейлер археологтердің болжамы бойынша бас киімге жабыстырылған екен. Ортаңғы бір таутекенің басы екі денеге бекітілген. Қазба жұмыстары кезінде белгілі болғандай, таутеке ағаштан ойылып, бетіне алтын жалатылған», дейді өлкетанушы-тарихшы Альфия Бақбаева.