Медицина • 05 Желтоқсан, 2023

Медицина форумы

178 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордада «Инновацияларды ынталандыру» тақы­ры­бында ден­саулық сақтау саласындағы жас көшбас­шылардың бірінші рес­пуб­ликалық форумы өтті. Фору­м­ға 500-ден аса қонақ жиналды.

Медицина форумы

Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник форумның Астана медицина университетінің базасында өтуі кездейсоқ емес екенін айтты. Иә, расында, озық ойлы, қарымды жастар легі елдің денсаулық сақтау жүйесін дамытатын қозғаушы күш саналады. Медицина саласына кеше келген мамандар ертең медициналық ғылыми орталықтар мен ұйымдарды басқарады. Па­циент қабылдап, мыңдаған адамның өмірін сақтап қалуға күш салады. Вячеслав Дудник саланың үздігі атануды көз­деген жастарға сапалы білім алып, үнемі тәжірибе шыңдап отыруға кеңес берді.

ДДҰ Еуропалық аймақ­тық бюросының директоры Ханс Клюге форумға онлайн қосылып, құттықтау сөз сөйледі.

– Астана медицина уни­вер­­­ситетінде жыл сайын Дү­ние­­­жүзілік ден­сау­лық сақ­тау ұйы­мының қа­тысуымен маңыз­ды іс-ша­ра­лар өтіп тұрады. Біз осы­ған қуаныштымыз. Се­бе­бі салада кадр даярлау ісі ұдайы жаңарып, жаһан­дық үдеріс­терге орайлас­ты­руға тиіс. Денсау­лық сақ­тау саласындағы жас көшбас­шылардың форумы – ДДҰ қолдайтын «Жастарды жа­һан­дық жұмылдыру» қозға­лысына қосуға болатын тағы бір іс-шара, –деді Х.Клюге.

ДДҰ-ның Қазақстандағы елдік кеңсесінің басшысы Скен­дер Сыла елдегі 30 жасқа дейінгі халықтың үлесі ДДҰ-ның Еу­ро­палық өңіріндегі ең жоғары үлестің бірі екенін, әрбір екінші адам 30 жасқа толмағанын атап өтті. Ол елімізге қоғамдық ден­саулық сақтаудағы инновация­лар керек екенін еске салды. Бұған қоса ДДҰ-ның Еуропалық аймақтық бюросы жастарды тыңдауға әрі олармен өзара байланыс орнатуға дайын екенін жеткізді. Көп ұзамай Скендер Сыла Астанада өт­кен алғашқы медициналық-сани­тарлық көмек жөніндегі халықаралық конференция­ны ұйымдастыруға көмек көрсеткен Астана медици­на университетінің сту­дент­теріне алғысхат табыста­ды. Ол сөзін түйіндей келе, фо­румның сала­дағы жас көш­басшылар үшін өзекті мәсе­лелерді талқылап, инно­вация­лық шешімдер ұсына­тын орынға айналатынына сенім білдірді.

Форумда «Ұлттық ғылы­ми медициналық орталық» АҚ Басқар­ма төрағасы Абай Байген­жин жастарды әр кез белсенді әрі саланың шың­далған кәсіби маманы болуға шақырды. Ізін­ше Денсаулық сақтау сала­сын­­дағы жас көшбасшылар қауым­дастығы төрағасы, Ас­тана ме­дицина универ­си­те­­тінің кли­никалық жұ­мыс жө­ніндегі проректоры Ме­р­уерт Газалиева «Ден­сау­лық сақтау жүйесін қалып­тастырудағы жас көш­бас­шылар қауымдастығын ұйым­дастыру тәжірибесі» тақы­ры­бында баяндама оқыды. Ал панельдік пікірталастар мен сессиялар барысында денсау­лық сақтау саласындағы өзек­­ті тақырыптар, озық тәжі­­ри­­бе­лер талқыланды. Со­­ның ішін­де денсаулық сақ­тау­­­да­ғы цифр­ландыру мен SMART- тех­нологияларға ерек­­­ше назар аударылды. Осы­­­лайша, денсаулық сақтау сала­сындағы жас көш­ба­с­шы­лар қауымдастығы тәжі­ри­белі мамандармен ашық пікір­лесті. Бұл қадам келешекте инновациялық идеяларды жүзеге асыруға ынталандыру болады деп сенейік.