Сонымен Алматыда Kazakhstan Fashion Week Ұлттық сән апталығының 33 маусымы да мәреге жетіп, сән мінберінде 20-дан астам отандық және шетелдерден арнайы шақырылған дизайнерлер салтанат құрды.
Әдетте авторлық сән үлгілерінің, топтамалардың ұсақ-түйегіне дейін ойластырылады. Дегенмен дизайнерлерге сән апталығына қатысуға, жұртқа көрсететін киім үлгілері топтамасын жобалау мен жүзеге асыруға қанша қаражат керек? Бұл сұраққа танымал дизайнерлеріміздің жауаптары төмендегідей болды.
Назым Қарпықова, «Arunaz» маркасының иесі: «Осы маусымда KFW-ке арнап 23 дайын образ бен алғаш рет ер-азаматтарға арналған сән үлгілерін ұсындық. Топтаманың орташа құны – 10 млн теңге. Біздің сән үйі эксклюзивті киімдерге маманданғандықтан, әдетте бір немесе екі данада ғана тігіледі. Құны таңдалған үлгісі, пішімі мен күрделі элементтерінен құралады. Оған матаның бағасы, фурнитурасы, конструктор мен тігіншілердің еңбегі мен басқа да көптеген фактор кіреді. Маталарды әдетте Париж, Милан, Монакодан сатып аламыз. Әшекейлеріміз бен қажетті ұсақ-түйектеріміздің орташа құны – 100 мың теңгеге дейін барады».
Ал Аида Қауменова баға ауқымдылығының арқасында авторлық киім әртүрлі аудиторияның сұранысына ие екенін айта келе: «Бұйымдардың орташа құны – 80 мың теңге. Бірақ бізде үш киім желісі бар, қолжетімді киімдерге футболкалар мен аксессуарлар кіреді, олардың орташа құны шамамен – 20 мың теңге. Екінші қатарға – дизайнерлік ерекшелікке ие күнделікті киімдер кірсе, оның орташа құны – 70 мың теңгеден басталады. «Haute couture», яғни үшінші қатарлы киімдер жеке тапсырыс бойынша тек бір данадан тігілетіндіктен, тиісінше ол орта есеппен – 200 мың теңгеге бағаланады. Ал биылғы KFW маусымындағыдай ерекше жағдайларда әріптестерімізге жүгінетін кездер болады. Осы жолы «Медиатекс» компаниясының Анна Баск брендімен бірге жұмыс істедік. Бұл бренд бас киімдер мен трикотаждан жасалған аксессуарлармен, әшекейлермен айналысады. Мұның орташа құны әлі анықталған жоқ», дейді.
Дизайнер Айдана Омарова киім үлгілерінің құны шығын материалдары мен қол еңбегінен басқа, автордың шеберлігіне, әрбір бөлшекті жасауда қолданылатын бірегей технологияларға тәуелді екендігін баяндай отырып: «Баға дизайнердің шығармашылық үлесінен, әр дизайнға салған қайталанбас идеясынан, тұжырымдамалары мен талантынан, өзіндік қолтаңбасынан құралады. Симбиозда жұмыс істейтін бұл факторлар жоғары сән топтамасының құнын қалыптастырады және оның құнын сән саласының білгірлері мен өнерді бағалай білетіндер асыра алады. Ал Қазақстанның сән нарығында ұсыныстардың алуан түрлілігінің арқасында қолжетімді бағамен киім таңдау мүмкіндігі қалыптасып келеді», дейді.
Дегенмен, дизайнерлер еңбек шығын, маталар мен аксессуарлардың бағасын қоса есептегенде, авторлық киім өз құнын ақтайтынын айтады.
Мәселен, Қиыр Шығыстан арнайы келген KFW қонақтары – «Крылья» студиясының дизайнерлері Денис Бурлаков пен Татьяна Васильева Қазақстанға жалпы құны 10 мың доллар тұратын 40-қа жуық бұйым әкелсе, оның әрқайсысы орташа есеппен 200 долларға бағаланды, аксессуарлардың құны 20 доллардан 300 долларға дейін барады.
Татьяна Васильева «Авторлық үлгілер қымбат па, жоқ па?» деген сұрақ әрдайым жеке көзқарасқа байланысты дейді. Біз ерекшеленуді, дараланауды бағалайтын адамдарды киіндіреміз, олар бізге эмоция тудыру үшін келеді, сондықтан олар біздің шығармашылығымызға тек көйлек, шалбар деп емес, құндылық, бірегейлік деп қарайды, яғни бұл – адамның көңіл күйі мен ішкі әлемі».
Мәселен, еліміздегі тапсырыс берушілермен жұмыс істейтін француз дизайнері Наз Маер өзінің авторлық көйлектерінің орташа құны неге 1200 еуро тұратынын түсіндіре келе: «Қазақстандағы авторлық киім нарығында ұстамдылық бар. Меніңше, қазақ дизайнерлерінің киімдерінің бағасы әлемдік дизайнерлік киімдердің бағасына сәйкес. Табысы орташа адамдарға қолжетімді casual стиліндегі топтамалар бар, ал салтанатты кештерге арналған киімдер әлбетте, арзан тұрмайды. Меніңше, тұтас алғанда тиісті деңгейде теңдестірілген».
Осы орайда отандық дизайнерлердің өздері де отандық брендтерді таңдау – ең оң шешімдердің бірі екендігімен келіседі.
Дизайнер Назым Қарпықова жеке тапсырыстармен тігілген көйлек-көншектер өз ақшасына тұратындығын, бағалар әрине, арзан болуы да мүмкін, бірақ елде жеке тоқыма бұйымдары өнеркәсібі әлі де дамымағандықтан, бұған осы мәселе де ықпал тигізіп отыр дейді.
Қысқасы, ешкімді қайталағыңыз келмесе, отандық дизайнерлерден киінген тиімді. Шындығында жерлестеріміздің қолынан шыққан дүниелер сапасы, сәні жағынан да әлемдік брендтерден кем түспейді. Жұртқа қымбат көрінгенімен, салыстырмалы түрде бағасы да бірнеше есе арзан. Оның үстіне қазіргі талғампаз тұтынушыға ұлттық ерекшелікті ұсынып отырғанда да осылар, ал мұны отандық өндірушіден басқа ешкім жасай алмайды.
АЛМАТЫ