Көрме • 05 Желтоқсан, 2023

Сылдырап өңкей келісім...

253 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Орал қаласындағы «Атамекен» өнер орталығында белгілі суретші, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Суретшілер одағы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Қайыр Оразғалиевтің «Сылдырап өңкей келісім…» атты жеке көрмесі ашылды.

Сылдырап өңкей келісім...

Биылғы қыстың алғашқы күні «Атамекен» сарайының кең галереясына көркемөнер жанкүйерлері сыймай кетті. Ақжайық жұртына ғана емес, елімізге танымал өнер иесінің тұңғыш жеке көрмесіне алуан жанрдағы 172 туындысы қойылған екен. Бір ай бойы көрермен көзайымына айнала­тын бұл жұмыстар суретші шы­ғар­машылығындағы түрлі кезеңді, шеберлік сырын, ізденіс парақтарын әйгілеп тұр.

Қайыр 1988 жылы Орал педа­го­гикалық институтының көр­кем­­сурет-графика факультетін бітірген. Түрлі халықаралық көрме­лер мен симпозиумдарға, респуб­ликалық көрмелерге үнемі қатысып жүрсе де, туған жерден табан аударған емес. 1989-2007 жылдар аралығында Махамбет университетінде живопись, композиция, сурет пәндерінен сабақ берді. 2007 жылдан бері Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақ­стан облыстық қазақ драма театрында бас суретші болып қызмет атқарады. Өткен жылы 60 жасқа толған өнер иесі осы кезге дейін мұндай көлемде жеке көрмесін өткізіп көрмепті. «Атамекен» өнер орта­лығының басшысы Бауыр­жан Халиолланың бас­та­­­ма­сымен ұйымдастырылған бұл көрме қылқалам шеберінің шығар­ма­шылық есеп беру кешіне айналды.

чп

Ақжайық өлкесінің өнер әле­мін­­дегі айтулы оқиғаға Алма­ты­ қала­сынан Суретшілер ода­ғы­ басқармасының төрағасы, Қазақ­станның еңбек сіңірген қай­раткері Өмірбек Жұбаниязов, Суретшілер одағының шығар­машылық жөніндегі хатшысы, өнертанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «AICA» ЮНЕСКО жанындағы халық­ара­лық көркемсурет сыншылар­ қауым­­дастығының мүшесі Кә­мил­ла Ли, Қазақстанның еңбек сі­ңір­ген қайраткері, КСРО сурет­ші­лер одағының мүшесі, Көркем­сурет академиясының академигі Қайыр­бай Қонысбайұлы Зәкіров, Көркем­сурет ака­де­миясының вице-прези­ден­ті Ер­мұ­хан Жүніс­хан арнайы кел­ген екен.

Өмірбек Орынбасарұлы Қайыр Ораз­ғалиевтің өнерде ғана емес, қоғам­дық жұмыста да белсенді қызмет етіп жүргеніне алғыс айтып, «Бейнелеу өнеріне сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапаттады.

«Қайырдың шығармашылық ізденістері таңғажайып, өзіндік стилі айқын көрінеді. Табиғат көріністерін, түрлі пейжазды салуда онымен тең келетін замандастары аз. Бұл жөнінде Репиннің таңдаулы шәкірті дер едім. Ал Қайырдың мысықтар топтамасы өз алдына бір әлем. Менің ойымша, «мысықтардың мамыражай әлеміне» адам баласының назарын аударып, Қайыр сияқты ерекше бейнелеген шебер жоқ. Дәл осындай көрме Алматы, Астана қалаларында да ашылуы керек деп есептеймін», дейді Кәмилла Виталиқызы.

Қайырбай Қонысбайұлы да Ақжайық топырағына табаны тигенде ерекше энергетикалық қуатты сезінгенін айтады: «Мен мұнда Махамбеттің мінезін, Құрманғазы күйлерінің қуа­тын сезіндім. Дәл осындай мінез бен қуат Қайыр шығарма­шы­лығында да бар. Бейнелеу өне­рі­ндегі бұл әріптесімді көп­тен білемін. Бірақ осы жолы Орал­ға келіп, жақын сырласып, жаңа нәрсені байқадым. Ерек­ше риза болғаным – Оралда шығар­ма­шы­лық орта бар екен, суретшілер, ақындар, актерлер, журналис­тер жақын араласып, бірін-бірі қолдап жүреді екен. Бұл – өте жақсы үрдіс. Қызылордадағы менің шеберханам да түрлі саладағы шығармашылық өкілдерінің бас қосатын жері болатын. Мұндай әріптестік өнер адамына ауадай керек», дейді Қайырбай аға.

Көрменің ашылу салтана­тында Көр­кем­сурет академиясы­ның вице-президенті Ермұхан Жүнісхан Қайыр Оразғалиевке Көркемсурет ака­де­­­­­мия­­сының академигі атағы бе­ріл­­генін хабарлады.

«Қайыр халықаралық, рес­пуб­ликалық симпозиумдарға жиі қатысады. Ол – табиғат пейзаж­да­рын салатын қылқалам шебер­ле­рінің алғашқы бестігіне кіретін, маэстро дәрежесіндегі өнер иесі. Қайыр – Жайық өңірінен шығып отырған тұңғыш академик. Бұл атақ биыл тек жалғыз адамға бе­рілді», дейді Ермұхан Жүнісхан.

Шынында да, Қайыр Оразға­лиев Қазақстанның шалғай түк­пі­рінде жүрсе де, шынайы өнері арқылы ерте танылды. 1989 жылы-ақ КСРО және Қазақстан Сурет­шілер одағының мүшесі атанды. Көптеген халықаралық көрме­ мен сим­по­зиумға, респуб­ли­калық көр­ме­­лерге қатысты.

2003 жылы Берлин қаласында халық­тар достығы тақырыбында өткен халықаралық «Buddy Bears»­ («Биші аю») симпозиумына­ Қазақ­­­станның атынан қатысты. Қайыр­­­дың ерекше өнері туралы шетел­дік, республикалық басылымдар жа­рыса жазды.

Әрдайым тың ізденіс, тосын­ идея ұсынып жүретін Қайыр Ораз­ғалиев 2003 жылғы шілде­де­ Орал қаласында өткен скульп­тор-тас шеберлерінің тұңғыш респуб­ликалық симпозиумын ұйым­дас­тырды. Әрі осы бастаманың жетекшісі болды. Күні бүгінге дейін қала көшелеріне көрік беріп тұрған аппақ ұлутас мүсіндер Қайыр бас болған бастаманың айғағы іспетті.

Қайыр 2004 жылы Гонконгта өткен «Buddy Bears» халықаралық көрмесіне, 2004/2005 жылдары Ыстамбұл, Токио, Сеулде, 2006 жылы Сидней, Берлин, Венада өткен халықаралық көр­ме­­лерге қатысты. 2008 жылы «Жыл суретшісі» аталымы бойынша «Қыран» жүлдесімен, 2013 жылы Мәдениет және ақпарат министр­лі­гінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен және Сурет­ші­лер одағының «Үздік шығар­ма­шы­лығы үшін» алтын медалімен мара­пат­талды.

Қайырдың көптеген жұмысы еліміздегі түрлі музейлер мен заманауи галерея­ларда, көрме дирекция­­сында (Алматы), Астана қала­сын­дағы Қазақстан Рес­пуб­­ликасы Прези­дентінің рези­денциясында сақтаулы тұр. Швеция, Швей­ца­рия, Чехия мен Словакия, АҚШ, Германиядағы жеке коллек­ция­ларға тарап кет­кені де аз емес. Соның өзінде Орал­дағы көрмеге 170-тен аса жұмысын қойып, көрермен назарына ұсынып отыр. Өмірбек Орынбасарұлының айтуын­ша, мұның өзі – үлкен жетістік. Өнер адамы үшін үлкен бақыт та. Әйтпесе, атақты Салихит­дин Айтбаевтың көзі тірісінде жеке көрмесін өткізе алмай кеткен екен.

Көрмеде түрлі жанрдағы шы­ғар­­­­малар – портреттер, натюр­морт­тар, пейжаз, күрделі компо­зи­циялық жұмыстар қойылған. Олардың қай-қайсысы да көрер­мен­ді тылсым тереңіне тартып, ерекше сезімге бөлейді.

Қайыр Оразғалиев бүгінде нағыз шығармашылығы толысқан шағында. Оны қазір бүкіл Қазақ­стан бойынша өнер мамандары біліп, мойындайды десек, артық айтпаймыз. Әр жұмысымен өнерге деген адалдықты, шынайылықты көрсетіп келе жатқан қылқалам шебері. Оралдың өзінде Қайырды ұстаз тұтатын бір қауым жас сурет­ші­лер өсіп келеді.

Қайыр Оразғалиевтің жаңа көр­месі Орал қаласының мәдени өмі­ріндегі елеулі оқиға болды. Бұл күні жергілікті мүсінші, Сурет­шілер одағының мүшесі Ерғали Бекешев «Қазақстан Көр­кем­­сурет академиясы­ның мүше кор­рес­понденті» атағына ие болды.

 

P.S. Көрмені Қайыр Оразғалиевтің туған күні – 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін тамашалауға болады.

 

Батыс Қазақстан облысы