Құқық • 06 Желтоқсан, 2023

Табысын жасырған тасбауыр әке

238 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бірер жыл бұрын елімізде баласының алдындағы борышын өтеуден жалтарғандарға жаза күшейтіліп, айыппұл мөлшері өсті. Алайда ата-аналық парызын орындауға келгенде құлықсыздық танытатындардың саны азайған жоқ. Себебі бала ақысын бермеудің сан амалын қарастыратын борышкерлердің заңды сырт айналып кетуге мүмкіндігі мол. Сондықтан қашқын ата-аналарды жауапкершілікке тартқызып, түрмеге қамайтын соңғы түзетулер де тиімді болмай тұр.

Табысын жасырған тасбауыр әке

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Елімізде алимент төлеуден жалтарған 6 мың борышкер жауапқа тартылған. Айталық, бүгінде прокуратура органдары алименттерді өндіріп алу мәселесіне ерекше назар аударады. Сондай-ақ үйлес­тіру шараларымен сот орындаушылары, полиция, әкімдіктер және басқа да уәкілетті органдардың келісілген іс-қимылдарын қамтамасыз етеді. Осы бағытта екі жыл ішінде прокуратура 236 мәжіліс, алқа және үйлестіру кеңесін өткізген. Құзырлы орган мамандарының айтуынша, алиментті төлемеудің негізгі себебі – борышкерлердің жұмысқа орна­лас­пауы мен тұрақты табыстың бол­­мауы. Сондықтан жағдайды шешу үшін тұрақты табысы жоқ борышкер ата-аналарды жұмыспен қамтуға көңіл бөлінген. Биыл да кәсіпкерлерді тарта отырып 200-ге жуық бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бұдан басқа, жұмыспен қамту органдарында 20 мың жұмыссыз борышкер есепке­ алынса, оның 9,5 мыңы жұмысқа орналасқан. Сонымен бірге акция, рейд, әлеуметтік ролик, билбордтарды тарату секілді 500-ден аса түрлі ынталандыру шарасы өткізілді.

Баласының ақысын төлеуге әлеумет­тік жағдайы көтермей жүргендерден бөлек, табысын жасырып, қашып жүрген жауапсыз ата-аналардың да бары рас. Мәсе­лен, жауапты органдар алимент өнді­ру­ден жалтарған осындай 6 мыңға жуық борышкерді әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартыпты. Сондай-ақ 700 қадағалау актісі бойынша 825 жеке сот орындаушысына тәртіптік жаза берілген. Жүйелі және кешенді шаралар қабылдаудың нәтижесінде проблемалық іс жүргізулердің саны үштен бірге дейін қысқарған. Осылайша, 140 мың баланың пайдасына 23 млрд теңге қарызы өтеліп, борышкерлерден 322 мүлік өндіріп алушыларға берілді. Дегенмен бала алдындағы қарыз әлі де 22 млрд теңгені құрап отыр.

«Неке және отбасы туралы» заңның 138-бабы әрбір ата-ананы кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағуға мін­дет­тейді. Құжаттың 60-бабында әр ба­ла­ның отбасында өмiр сүруге және тәр­биеленуге, ата-аналарының қамқор­лы­ғында болуға құқығы бар екені тайға таңға басқандай көрсетілген. Оның ішін­де баласының мүддесін қамтамасыз етіп, жан-жақты өсiп-жетiлуiне ата-ана­сы мүмкіндік жасауға тиіс. Әйт­кен­мен от­басы, ұрпақ алдындағы жауап­кер­ші­лік дегенге жүрдім-бардым қарай­тын­дардың қулығына құрық байлау қиын болып тұр. Жеке сот орындаушы­лары республикалық палатасының мәлі­ме­тінше, балаларының несібесін бе­ру­ден жалтарушылардың саны өсіп келеді екен. Ең сорақысы, перзенті ал­дындағы парызын өтемеу үшін жала­қысын жасырып, енді бірі баласынан бас тартып, жауапкершіліктен аттап өтуге асығады.

Әділет министрлігінің мәліметінше, елімізде 80 мыңнан аса алимент алу­шының көбі – әйелдер. Оның бірі, он жыл бұрын күйеуімен заңды түрде ажырасқан астаналық тұрғын Ұлбосын Омарова ба­ла­сының қаржылық шығындарын жал­ғыз өзі жабуға мәжбүр. Себебі ұлы­ның әкесі алимент төлегісі жоқ екенін айтқан ол: «Бұрынғы күйеуімнен 2014 жылдан 2021 жылға дейін алимент өнді­ріп алу үшін қудалап көрдім. Заң бар болғанымен, біздегі құжат қарызды өте­туге келгенде қауқарлы емес. Өйткені жеке кәсіппен айналысатын бұрынғы күйеуім құжатта өзін жағдайы жоқ етіп көрсетсе жетіп жатыр. Шаруашылық қожайыны – қайын атамның күйеуімнің жағдайы жоқ екенін, алатын жалақысы мар­дымсыз екенін жазып, қол қойған қа­ғазы қарызды қайтартуға кедергі кел­тіріп отыр. Осылайша, баламның әке­сінің құжатта қарапайым малшы болып істейтіні және айлығы шайлыққа жет­пей­тіні көрсетілген. Тұрғылықты жер­­­де­гі сот орындаушылары оның тұр­мыс жағ­дайы жақсы екенін білсе де, алимент өн­діртіп беруге шамасы келмейді», дейді.

Алматы облысының тұрғыны Мерейлім Қонысбаева да сот пен сот орындаушыларының табалдырығын тоздырып 16 жыл бойы жүгіргенімен, бұрынғы күйеуі туған қызына бір тиын төлемеген. Алимент өндірту үшін әкімдіктің де есігін күзетіп, сот орын­даушыларының соңынан қуға­нымен, ай сайынғы айлығын есептеу мүмкін емес екен. Қызы бір жасқа толмай алимент өндірту туралы сотқа жазған талап-арызы сол бойы орындалмаған Мерейлім де жалақысын жасырып, «жұ­мыс­сыздардың» қатарын толтырып жүрген бұрынғы күйеуінен күдерін үзген.

Шындығы сол, баласының несібесін бергісі келмейтіндердің қитұрқылығы көп. Сондықтан прокуратура органдары борышкерлердің есепке алынбаған және жаңа кіріс көздерін анықтау үшін жаңа тәсілдер мен алгоритмдер әзірлеуді қолға алған. Ендігі жерде «Яндекс», «inDriver», «DiDi», «Uber» секілді такси қызметіндегі мобильді қосымшалары, букмекерлік кеңселердегі ставкалары мен электрондық әмияндарындағы кіріс көзіне де тексеріс жасалады. Ал бұл сот орындаушыларының да жұмысын жеңілдетіп береді. Олар борышкерлердің осындай табыстары туралы мәліметтерді прокурордың санкциясы арқылы алады екен. Мысалы, Қарағанды облысында прокурорлар электрондық әмиян­дарға ақшасын жасырған 86 бо­рыш­керді анықтады. Қазірдің өзінде заң­намалық түзетулер енгізу туралы ұсы­ныстар Әділет министрлігі және Пар­ламент депутаттарына жіберілген. Прокуратура органдары алименттерді өндіріп алу және балалардың құқықта­рын сақтау мәселелерін тұрақты ба­қы­лауын­а алып отыр. Қашқын ата-ана­лар­дың кірістерінен өндіріп алуға мүм­кіндік беретін жүйе жемісін берсе, жұмыссыздықты сылтауратып, жалақы көлемін жасырып, жиған-тергенін туысының атына тіркеп қоятындардың аяғына тұсау салынар күн алыс емес.