Аймақтар • 06 Желтоқсан, 2023

Шаруасы ширақ аудандар

144 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысындағы Есіл, Мамлют, Тимирязев аудандары – жер көлемі шағын әкімшілік бөліністер. Биыл қарашада елімізде алғаш рет қанатқақты режімде өткен сайлауда осы үш ауданның әкімін халық өзі сайлаған еді.

Шаруасы ширақ аудандар

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ең үлкені деген Есіл ауда­нының жер көлемі – 5,1 мың шаршы шақырым ғана. Оның өзі 1997 жылы Ленин мен Мәскеу аудандары біріктірілгеннен кейін ұлғайған түрі. Ал ешкіммен бі­ріктірілмеген Мамлют ауданы­ның аумағы – 4,1, Тимирязев ауданының аумағы 4,5 мың шаршы шақырым. Жер көлеміне сәйкес халық саны да аудандарда шағын. Есілде – 21,3, Мамлютте – 17,8, Тимирязевте 11,3 мың адам тұрады. Халық арасында қазақтардың үлесі төмен, орыс этносының үлесі жоғары. Нақты айтсақ, Есіл ауданында қа­зақтар – 38, орыстар – 54,8, Мамлют ауданында қазақтар – 25,2, ал орыстар – 58,0, Тимирязев ауда­нында қазақтар – 37, орыстар – 45,4 пайыздан, қалғаны басқа этнос өкілдері. Аудандардың жері құнарлы, қара топырақты, ауа райы қолайлы жылдары бұл өңір­де астық бітік шығады.

Есіл мен Мамлют – 1928 және 1932 жылы құрылған облыстың ежелгі аудандары, ал Тимирязев ауданы 1963 жылы тың иге­ру­ші­лердің үлкен легі қоныстануына байланысты ұйымдастырылған. Сондықтан да «Хмель­ницкий», «Интернациональный», «Мос­кворецкий» деген ауыл атаулары көп. Есіл мен Мамлют аудан­­­дары облыс орталығына жа­­қын орналасқан, Есіл ауда­ны­ның ор­талығы Явленка Пе­тро­павлдан – 71, ал Мамлют ауда­нының орталығы Мамлютка 38 шақырым ғана қашықта. Сондықтан инфрақұрылымдары да біршама жақсы дамыған, ал Тимирязев ауданының орталығы Петропавлдан 236 шақырым жерде, шалғай жатыр.

Биыл Есіл ауданы 218 мың га жерге егілген дәнді дақылдар мен 47 мың гектар жерге егілген майлы дақылдардан 59,0 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімін алды. Ауданның жаңа әкімі Мереке Мухамедьяровтың айтуына қа­рағанда, өңірде 50 ЖШС жұмыс істеп тұр, олар­дың қарамағында 9 мың тұяқ қара мал, 2 мыңдай қой және 1 мыңнан артық жылқы бар. «Өткен жылдың 10 айында ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруалар 8 мың тоннадан аса сүт сауса, биылғы 10 айда оны 9 мың тоннаға жеткізген», деді әкім.

2022-2024 жылдары ауданға 5 ірі жобаны іске асыруға жалпы көлемі 15 млрд теңге инвестиция тартылмақшы. Соның ішінде «Атамекен-Агро-Корнеевка» базасында 1500 сиырға арналған тауарлы сүт фермасының құ­­ры­лысы бойынша жұмыс жүр­гізіліп жатыр. Жобаның құны 11 млрд теңгеден асады. «Азия-То­раңғұл» ЖШС 800 тұяқ асыл тұқымды қара малға арналған та­уарлы сүт фермасының жобасын жүзеге асырмақшы. Бұл жо­баның құны 3,6 млрд теңгені құрайды. Ал «Рустикус» ЖШС 1500 бас қойға арналған ферма құру жұмысын аяқтады. Қазір шаруашылықтың 700 бас қойы бар, қосымша 300 бас «Еділбай» тұқымдас қой сатып алынған. Жоба құны – 150 млн теңге. Негізгі капиталға салынған инвестициялар ағынының жалпы көлемі 10 айда 13 млрд теңгеден астам болды.

Бұл ауданда «Қазросресурс», «Солтүстік Қазақстан металлур­гия­лық компаниясы», «Егін» атты үш өнеркәсіп орындары жұ­мыс істейді. Ауданда 981 ШОБ өкілдері тір­келген, олардың 923-і жұмыс істеп тұр. 2021-2025 жыл­дарға арналған ұлттық жоба шең­берінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы арқылы 72 млн теңгенің 7 жобасы мақұлданған. 2024 жылға «Қызылжар Жолдары KZ» ЖШС кәсіпорны Явленка аулының жанында құны 800 млн теңге болатын асфальт-бетон зауытының құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ 2022 жылдан ауданда жалпы сомасы шамамен 3 млрд теңгеге 21 жел генераторын орнату бойынша «Грин Ера Компани» ЖШС өз жұмысын бас­тады, электр энергиясын өндіру бойынша жобаның болжамды қуаты 200 мегаватты құрайды.

Мамлют ауданы осы жылдың 10 айында ауыл шаруашылығы бойынша жалпы көлемі 37,9 млрд теңгенің өнімін алған. Ауданда биыл астықтың гектар бере­келігі 17,2 центнерден айналып, бар­лығы 232,2 мың тонна астық және 33,6 мың тонна майлы дақылдар өндірілді.

Аудан экономикасына 10 айда 14 млрд 428 млн теңгенің инвес­тициясы құйылған. Аудан облыс орталығына жақын болғандықтан Петропавлдағы 42 азық-түлік жәрмеңкесіне қа­тысып, оларда 44,6 млн тең­генің 108,7 тонна ауыл шаруа­шылығы өнімін сатқан. «Біз Астана қаласының ауыл шаруа­шылығы жәрмеңкелеріне де барып тұрамыз. Биылғы 10 айда елордаға 24,8 млн теңгенің 59,2 тонна азық-түлігін апарып, саттық», дейді сай­ланғанға дейін аудан әкімінің орынбасары бол­ған Елена Степаненко.

Биыл Мамлют ауданының кәсіпкерлері 1,8 млрд теңгенің өнер­кәсіп өнімдерін шығарды. Соның негізгі үлесі «Мамлют ұн үгу комбинатына» тиесілі. Ежел­ден келе жатқан бұл кә­сіп­орын барлық өнеркәсіп өні­мінің үштен бірін беріп отыр.

Ауданда 974 ШОБ нысаны тіркелген, олар биылғы 10 айда 4,4 млрд теңгенің өнімін өндірді. Осы уақыт аралығында 5 кәсіпкер құны 71,4 млн тең­генің мемлекеттік көмегін алды. Аудан аумағында аты алысқа кеткен «Меңгесер» сор көлі бар. Оның лайының емі суықтан болған сырқаттарға мың да бір ем. Жыл сайын ол жерге Қазақстанның аймақтарынан ғана емес, Ресей жерінен де адам­дар келіп, емделіп, дем алып кетеді. Осы көлдің жа­ғасын туризмге лайықтап абаттандыру мен инфрақұрылымын жақсарту жұмысы да аудан бас­шыларының назарында. Қазір жар­қыраған үлкен көлдің бір бөлігін «Меңгесер» ЖШС алып, абаттандырған.

Тимирязев ауданының әкі­мі Ерлан Жа­ровтың айтуынша, биылғы 10 айда аудан ауа райы­ның қолайсыз жағдайына қара­мастан 221,6 мың тонна астық жинаған. «Жалпы, өнімнің бағасы 33,9 млрд теңгеге жетті. Ал аудан эко­но­микасына құйылған инвес­тиция көлемі былтырғымен салыстырғанда 42 пайызға артып, 11,3 млрд теңгені құрады», дейді ол. Сонымен бірге мұнда қара малдың саны былтырғыдан – 1,5, жылқы саны 2 пайызға артқан. Аудандағы «Мерей» несиелік се­ріктестігінің көмегімен биз­нес­тің 50 нысаны 1,4 млрд тең­генің несиесін алған. Ал «Сол­түстік» ӘКК «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 63,7 млн теңгеге 12 жобаны іске асырған.

Тимирязев ауданында би­ыл пайдаланылмай жатқан 4,7 мың гектар мал жайылымы мем­ле­кетке қайтарылып, ауыл тұр­ғын­дарының игілігіне берілді. Қазір тағы да 6,8 мың гектар жерді қай­­тару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шетелдік кәсіпкерден де сот шешімімен 187 гектар жер қай­тарылған.

Бүгінгі таңда аудан аумағында 2500 адамды қамтыған 753 бизнес құрылымы тіркелген. Жыл бойы олардың 33-не 151 млн теңгенің қолдау несиелері беріліп, 79 жаңа жұмыс орыны ашылды.

Осы үш ауданның ішінде автомобиль жолдары ең ұзыны – Есіл ауданы. Үлкен жолдың үс­тінде болғандықтан аудан аума­­ғынан 505 шақырым автожол өтеді. Биыл 709 млн теңге сомасына жалпы ұзындығы 25 км Бесқұдық аулының кіреберіс жолын орташа жөндеу аяқталды. Бұл мәселені 15 жылдан бері округ тұрғындары көтеріп келген еді. 61,5 млн тең­геге жалпы ұзындығы 5,5 км Бұлақ аулының кіреберіс жолын жөндеу жобасы іске асырылып жатыр. Сондай-ақ биыл жалпы ұзындығы 13 км «Қарағай-Ақтас» ауылдарына кіреберіс жолды жөндеуге об­лыс­тық бюджеттен 25 млн теңге қаражат бөлінді. Елді мекен­дер­дің кентішілік жолдарын жөн­деу бойынша 900 млн теңге­ден аса қаржыға ұзындығы 27,2 км 5 жобаны іске асыру басталды.

Тимирязев ауданындағы авто­жолдардың жалпы ұзындығы – 328 шақырым, соның 78 км рес­публикалық, 38 км облыстық, қалған 212 км аудандық маңызға ие. Биыл 258 млн теңгеге аудандық маңызға ие 19 шақырымдық «Есіл – Ақсуат» жолына жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ 295,3 млн теңгеге Хмельницкий кентінің кіреберісіне қиыршықтас төселді.

Жол жөндеу жұмыстары бойынша Мамлют ауданы алда ке­леді. Аумақта кейінгі үш жылда 185 км жол жөнделді. 2023 жылға тағы 454,2 млн теңге жер­­гілікті жолдарды жөндеуге бөлін­ген. Соның ішінде биыл «Қызыләскер – Раздольный», «Белое – Щучье» ба­ғытындағы жолдар жөн­дел­ді. Сондай-ақ «Ауыл – ел бе­сігі» бағдарламасы бойынша Но­­вомихайловка мен Бексейіт ауылдарының ішкі жолдарын жөндеу жоспарланған.

Президенттің 2025 жылға дейін тұрғын­дарды 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз ету талабын іске асыру жұмысы үш ауданда да қызу жүріп жатыр. Соның ішінде Есіл ауданында қазір 32 ауыл немесе 88% тұрғын сапалы сумен қамтамасыз етілген. Алайда 2300 адам тұратын 21 ауыл немесе халықтың 11,2%-ы ұңғымалардағы суды пайдаланады. Биыл Амангелді аулын Пресновка топтық су құ­бырына қосу бойынша 11 млн теңгенің жұмысы орындалды. Жаңа жылда басқа ауылдарды да таза ауыз суға қосу жоспарланған.

Мамлют ауданындағы барлық 38 ауылдың 25-і таза ауыз сумен қамтылған. 13 ауылдың ал­тауында сумен қамту жобасы іске асырылып жатыр. Қалған ауыл­дарға ЖСҚ жасалады. Ал Ти­ми­рязев ауданындағы таза ауыз су мәселесі де әлі күнге то­лық шешілмей келеді. Ауданға үш ма­гистралдық құбырдан су жет­кізілсе де Ынтымақ, Ракитное, Ақжан ауылдарының халқы әлі күнге суды құдықтан ішеді, ал При­­озерное мен Северное елді ме­­кендеріне су тасылып жет­кізіледі.

Міне, халық сайлаған әкім­дердің алдында осындай ше­шілмеген проблемалар бар. Әлеу­меттік саланың мәселелерін айт­сақ, тіпті ұзаққа кетеміз. Алайда өз күштеріне сеніп, сай­лауға түскен азаматтар халық сенімін ақтар деген үміт бар.

 

Солтүстік Қазақстан облысы