Әлі де болса құлашын толық жая алмай отырған метро бұл мәселені толық реттей алмай отырғанымен, соңғы кезде қала билігі Алматы метрополитенінде қосымша құрамдарды жолға шығарып, таңғы және кешкі қарбалас уақытта желідегі пойыздардың келу жиілігін 5 минут 38 секундқа жеткізді.
Өйткені күзде жаңа оқу жылының басталысымен жолаушылар легі 70 мыңнан 90 мыңға дейін өскен. Тіпті арнайы талдаулар метро жолаушыларының саны кейде күніне 100 мыңға дейін жететінін көрсеткендіктен, желіге қосымша құрам шығару туралы шешім қабылданды. Әрбір құрам 900 адамды сыйдыра алатын 4 вагоннан тұрады.
Сол сияқты биыл қалаға 55 троллейбус жеткізілген, оның 19-ы №1, №9, №12, №5, №11, №25, №7, №19, №6 маршруттарға берілді. Алматыда көрсетілген бағыттар бойынша тағы 17 жаңа троллейбус қосылды. Соның арқасында барлық 9 троллейбус бағыты бойынша 60% жаңа троллейбустар жолға шықты.
Алматының №1 троллейбус паркі Yutong ZK6128BEVG 12 метрлік төмен еденді троллейбустардың бірінші партиясын алса, жылжымалы құрам соңғы 11 жылда алғаш рет жаңартылып жатыр. Бұл троллейбустар электр қуаты таусылып қалса, батареямен жүре алады.
Жалпы, алдағы жылдары көлік қозғалысын жақсарту және қала маңы тұрғындарын қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету мақсатында «Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді келешегін» іске асыру жөніндегі Жол картасына сәйкес 2024 жылдың соңына дейін қала маңына қатынайтын 20 жаңа маршрут ұйымдастыру жоспарланып отыр. Мұндай шешімді депутаттар Алматы қаласы мәслихатының кезектен тыс ХІ сессиясында қабылдады.
2023 жылдың соңына дейін қала маңына қатынайтын 10 жаңа маршрут ұйымдастыру көзделсе, қазір оның 9-ы ашылды. Келер жылы қатарға қосылатын бағыттарға қатысты қалалық БАҚ егжей-тегжей түсіндіріп, ақпарат таратып отыр.
Сол сияқты тақырыпқа орайлас, «Адамдар үшін жасалған» қағидатына сай Алматыдағы аялдама кешендерінің жаңа түрлері пайда болып жатқанын айта кету керек. Мысалы, бұл – Наурызбай ауданындағы №7 қалалық клиникалық аурухананың алдына қойылған аялдама кешені.
«Мұндай аялдама туралы сенімді түрде «адамдар үшін жасалған» деп айтуға болады. Яғни қандай да бір стандартты жоба ғана емес, жолаушылардың қажеттіліктері ескерілген. Қолайсыз ауа райында аялдамаға көп адам сияды», дейді урбанист Дидар Шажалиев.
АЛМАТЫ