Еңбек • 06 Желтоқсан, 2023

Түйе жүнінен ұлттық киім тігеді

567 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақтауда «Jadagay» ұлттық брендінің түйе жүнінен сырт киімдер тігетін цех пен сән үйі ашылды. Шағын және орта кәсіпкерлік­ті дамыту маңыздылыққа ие болғандықтан, киім тігу таң емес. Бірақ Ақтаудағы цехтың өзгелерден айырмашылығы – экологиялық таза шикізатты тұтынуы.

Түйе жүнінен ұлттық киім тігеді

Маңғыстау – малды өңір. Алайда тұрғындардың мал жүнін пайдаға қалай жаратарын білмей желге ұшырып, далаға апарып өртеп, қажетсіз деп саналған соң түйелер­ді күзе­мей қоюы көңілді жүдетіп жүрген болатын. Алыстан келген алып­са­тарлардың тиын-тебен­ге сауда­лап, қазақтың кең дала­сын­дағы су тегін таза шикі­затқа аранын аша ұмты­латыны да ойландырмай қоймайды. Шебер, дизайнер А.Сембіғалиева осы олқылықтың орнын толтыруға білек сыбана кіріскен жайы бар.

Қаршадайынан іс тігуге құмар ол қазақтың ұлттық сырт киімі жадағайды жаңғыртуға бел байлапты. Осы оймен ең алғаш әкесіне түйе жүн жа­да­ғай тігіп кигізгені сол екен, жан-жақтан қызығушылықпен тапсы­рыс берушілер көбейген, тіп­ті шетелден сұраныстар түсе бастаған.

чси

Айжан бұл мә­се­леге үстірт қа­рауға бол­май­тындығын, жада­ғай­ды зама­науи үлгіде тігіп, сән мен сапа жағынан жетілдіре түсу қа­жеттігін ұғынады да, жан-жақ­ты ізденіске ден қояды. Өзі – әл-Фараби атындағы Қа­зақ ұлттық университетін шет тілі мамандығы бойынша бітірген жоғары білімді маман. Тіл білгенінің арқасында Мәс­кеу­ден «Сырт киім тігу тех­но­логия­сы» курсын бітіріп, пан­демия кезінде Италиядан дизай­нерлік курсты онлайн оқып, білімін жетілдірді.

– Ең алғаш осыдан он шақ­ты жыл бұрын жұмыста отыр­ға­нымда бөлмеме ескі көк жа­да­­ғай киген әже кіріп келді. Жада­ғайының өңірінде ша­­шақ­­пен үлкен жұдырықтан сәл кіші көлемде жарқырап тұрған күміс түймесіне көзім бірден түсті. Киім киісі мен сырт киіміндегі әшекейлі түймесі, орамал тартысы әже­ні бүгінгінің емес, бұ­­рын­­ғының адамындай, ба­йыр­ғы заманнан бүгінге көк жада­ғайымен бір-ақ аттап кірген тірі жәдігердей сезінтті. Ескінің көзі екенін біліп, жа­да­ғайын, шашақтары мен түймесін қызығушылықпен суретке бірнеше рет түсіріп алған едім. Сол әженің бейнесі әлі көз алдымда, маған қатты әсер етті. Кейін жадағай тігіп бас­та­ға­нымда сол түймені жаң­­ғыр­тып шығару ойымда жүрді. Көп ұзамай ойым іске асып, зергерге барып қо­­­ңы­рау түймені қайтадан жаңғыртып шығардық. Үлкен­дер­дің айтуынша, зергерлер шығармашылығымен, қия­лы­мен жасалған қоңыраулы түйменің түр-түрі болған. Мен көріп қызыққан, суретке түсі­ріп алып, кейін тапсы­рыс­пен жасатқан тек бір үлгісі ғана. Қазір ойлап отырсам ұлт­тық киім жадағайды қайта жаң­ғыртып халыққа ұсы­ну, көр­мелерге шығару маң­да­йы­ма жазылып, алдын ала дайындалғандаймын. Елде жа­дағай көп, бірақ түймесі бар жа­дағай өте аз. Сол көк жада­ғай­ды көруім бір нышан шығар деп ойлаймын, – дейді Айжан Рахымбайқызы өз кәсібінің бас­тауы туралы.

Еліміздің бірнеше қаласында өткен көрмелерге қатысып, Дубай, АҚШ-тың Вашингтон және Нью-Йорк қала­ларында өткен «Smith­sonian folklife» халық­ара­лық сән көр­се­тілім­де­рінде қазақ­тың ұлт­тық киімдерін шетел­дік­тер­дің назарына ұсынды. АҚШ-тың 50 штаты мен әлемнің 100-ден аса елі өкіл­дері тоғысқан ұлт­тардың мә­дени салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары көрсетілімі Айжан шебер үшін шығармашылық шыңдалу сатысы болды. Осы сапарында АҚШ-та кездес­кен Мұхтар Мағауин атасына жада­ғай кигізіп, батасын алды.

Айжан Сем­біғалиева Ақтауда «Jadagay» ұлттық брендінің түйе жүнінен сырт киімдер тігетін цехы мен сән үйін ашып, әзірге өзі да­йындап, жадағай тігуді үйреткен үш адамды жұмыспен қамтып отыр. Ел экономикасының ны­ғаюына «кір­піш болып қа­ланған» Айжанның алдына қойған мақ­саты аз емес.

 

Маңғыстау облысы