Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»
Олардың айтуынша, барлық технологиялық революция сияқты цифрлық өмірдің қараңғы жағын адамзат баласы болашақта айқын сезіне бастайды. Респонденттердің шамамен үштен бірі алдағы онжылдықта әл-ауқаттың зияны жағымды жақтардан басым болады деп болжап отыр. Сонымен қатар зерттеуге қатысқандардың арасында цифрлық өмірдің зияны болашақта адамдардың әл-ауқатына қатты ықпал етуі мүмкін деп алаңдаушылық білдіргендер де көп болған.
Адамдардың танымдық қабілеттері түрлі сынақтарға ұшырайды, соның ішінде олардың сыни ойлау, есте сақтау, зейін қою, шығармашылығы, рефлексия және психикалық тұрақтылық қабілеті біршама әлсіреуі әбден мүмкін. Бірқатар респондент адамдардың танымдық қабілеттері олардың жұмысына кері әсер ететінін, өзгерістерге ұшырайтынын айтқан. Бұл кемшіліктер көбіне цифрлық өмірдің қайнаған ортасында тіршілік ететіндерде жиі кездеседі. Өйткені олар интернетке тұрақты түрде қосылуды әдетке айналдырып алған.
Бірқатар респондент цифрлық өмір жан-жақты дамып келе жатқандықтан бұл үрдіс кей адамдардың өзін өзі еркін сезінуіне, басқаларды түсінуіне және түрлі институттарға деген сеніміне нұқсан келтіреді деген сенімде.
Зерттеуге қатысқан адамдардың шамамен 47 пайызы цифрлық өмір, ІТ технология жалпы халықтың әл-ауқатына зиян келтіруден гөрі көмектесетінін алға тартады. Алайда респонденттердің 32 пайызы оның әл-ауқатқа көмектескеннен гөрі зияны көбірек тиеді деген пікірде. Ал зерттеу орталығының сауалдамасына қатысқандардың 21 пайызы мұндай өмір сүру салтынан адамдардың әл-ауқаты айтарлықтай өзгермейтінін айтқан. Cондай-ақ зерттеу барысында респонденттер цифрлық өмірдің өз әл-ауқатын, отбасының немесе достарының әл-ауқатын қалай өзгергерткені туралы ой-пікірімен бөліскен.
Цифрлық дәуірде туындайтын мәселелер өмірдің түрлі аспектісіне, соның ішінде отбасы динамикасына, әлеуметтік өзгерістерге және жеке тәжірибеге әсер етеді. Қазір 10 жастан асқан балалардың 50 пайыздан астамы «Instagram», «Snapchat» немесе «Minecraft» секілді әлеуметтік желілерді қолданады. Бұл – бесіктен белі шықпаған баланың өзі интернетке тәуелді деген сөз. Сондай-ақ жастардың жазу дағдысы да жыл сайын төмендеп барады. Себебі олар жазу кезінде құрмалас сөйлемдерден гөрі қысқартылған сөздерді немесе белгілерді таңдайды.
Технологияның бала тәрбиесіне әсері зор. Ата-ана мен бала, мектеп пен бала, қоғам мен бала арасындағы саламатты қарым-қатынасты тәрбиелеуде оның ықпалы басым болып тұрғаны да белгілі. Сондықтан да балаларды цифрлық құрылғылармен ерте таныстыру және олардың дамуына ұзақмерзімді әсер етуі туралы алаңдаушылық өзекті мәселе болып қала бермек. Сонымен қатар цифрлық қосымшалар мен құрылғылардың кең таралуы жастар арасында ашушаңдықты, стресті күшейтеді. Ақ пен қараны ажырату, қоғам өміріне қатысу қабілетін төмендетеді.
Адамдар сандық құралдарды күнделікті мәселелерді шешу, өмірлерін жақсарту және еңбек өнімділігін арттыру үшін пайдаланады. Болашақта цифрлық өмірде халықтың одан да жақсы өмір сүруіне көмектесетін жаңа жетістіктер пайда болады деп жоспарланып отыр. Қазіргі таңда цифрлық технологияның адамдардың әл-ауқатына, олардың стресс деңгейіне, жұмыста және әлеуметтік ортада жұмыс істеу қабілетіне, зейінін шоғырландыруға, қоғамдық белсенділігін арттыруға, жалпы жеке және отбасылық бақытына әсері туралы көптеген зерттеу жүргізіліп жатыр. Алайда бізді осы зерттеулердің соңғы нәтижелері қатты алаңдатады.
Арна ДҮЙСЕНОВА,
Отбасы және гендерлік саясат саласындағы зерттеулер
орталығының сарапшысы