Қоғам • 06 Желтоқсан, 2023

Сирек кездесетін металды ұқсата алмай отырмыз – депутат

143 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Мархабат Жайымбетов Премьер-министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдап, сирек кездесетін металдарды өндірудегі олқылықтарды айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сирек кездесетін металды ұқсата алмай отырмыз – депутат

parlam.kz

«Бүгінде сирек кездесетін металдар, радиоэлектроника, атом электр, машина жасау, химия өнеркәсібі, металлургия  сынды өнеркәсіп салаларында пайдаланылады. Осы металл болмаса смартфондар мен  автомобильдер, жел турбиналары  тіпті әскери басқа да технологиялық  құрылғылар шықпас еді. Аталған саланың әлеуетін аша алған елдер келешекте бүкіл әлемнің технологиялық даму бағдарын айқындайтын болады. Сирек кездесетін металды әлемдегі ірі өндіруші елдің бірі – Қытай. 44 миллион тонна қоры бар. Жапония, АҚШ, Еуропа одағы елдерінде үкімет сирек кездесетін металдың маңыздылығын түсініп түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы  қолдауларын көрсетуде. Мұнымен қоса Қытайдан басқа елден тасымалдаудың тамаша тізбегін жасап, тіпті бақылау мен қадағалауды да жүзеге асыруда. Ғаламдық геосаясат күрделене түссе де жер қойнауының сирек өндірісін, ғылыми технологиялық прогресс пен еркін бәселестіктің арқасында табиғи жолмен дамытып жатыр», деді М.Жайымбетов.

Депутат Менделеев кестесіндегі  100-ге жуық элемент қазақ даласынан табылатынын, 15 кен орны бар екенін, олардың барлығы бірдей зерделенбегенін айтты. Сарапшылардың пікірінше  елде 25 миллиард тонна техногендік қалдық жинақталған, ондағы сирек  кездесетін металдың құрамы 0,6 пайыз екен. Бұл кейбір кен орындарымен пара-пар болғандықтан металлургияның дербес шикізат базасы ретінде қарастыру қажеттігін ескертті.

М.Жайымбетов сирек кездесетін металл өндірісін  дамытудың  ұзақ мерзімге арналған кешенді  стратегиялық жоспарын әзірлеу қажет деді. Инвестиция тартуды да жолға қойып, инвесторлардың қатарын арттыруды, қатаң экологиялық стандартты енгізу,  халықаралық тәжірибеге сүйеніп кадр мәселесін кешенді дамыту  кезек күттірмейтін шаруа екенін  айтты.