Спорт • 07 Желтоқсан, 2023

Жапониядан 10 жүлдемен оралды

195 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Парадзюдодан Токиода аяқталған Гран-при турнирінде Қазақстан құ­рама командасы 10 жүлдеге қол жет­кізді. Оның біреуі – алтын, төртеуі – күміс және бесеуі – қола медаль.

Жапониядан 10 жүлдемен оралды

Аса жеңіл салмақта күрескен Ақмарал Науатбекке (48 кг, J2) тең келер ешкім табылмады. Барлық қарсыласын еш қиналмай ұтқан қазақ қызы финалда әзербайжандық Шахана Гаджиеваны қос жауырынымен жерге қадап, алтыннан алқа тақты. Даяна Федосова (57 кг, J2) ақтық сынға дейін алқынбай жеткенімен, шешуші тұста өзбек­стандық Күсісхан Ходжиеваға жол берді. Зарина Райфова да (70 кг, J2) дәл сол межеден көрінсе, Динара Куджулова (70 кг, J1) мен Айдана Ғазизқызы (+70 кг, J2) қолаға қол созды. Ерлердің бәсекесінде Олжас Ораза­лыұлы (73 кг, J2) мен Жұрқамырза Шүкірбеков (+90 кг, J2) екінші орынды иеленсе, Ерғали Шамей (+73 кг, J1), Ерлан Өтепов (+90 кг J2) және Ерлан Қонкиев (+90 кг, J2) үшінші сатыға табан тіреді.

Естеріңізге сала кетейік, Жапония аста­насындағы жарыста 46 мемлекеттен келген 190-ға тарта парадзюдошы бақ сынады. Ал Қазақ елі намысын 18 спортшы қорғады.