Құқық • 06 Желтоқсан, 2023

Жылқыны атқан не сұмдық?

1098 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елдегі мал ұрлығына қарсы күресті күшейту мақсатында 2019 жылы 27 желтоқсанда Қылмыстық кодекс 188-1 баппен толықтырылып, біреудің малын жасырын жымқырғаны үшін кесілетін жаза айтарлықтай қатаңдатылғаны мәлім. Бұл заңнамалық шара өз нәтижесін беріп отыр.

Жылқыны атқан не сұмдық?

Мәселен, Бас прокура­ту­раның Құқықтық статис­тика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәлі­ме­тіне сүйенсек, 2021 жылы елдегі мал ұрлығы қылмысының саны 2 271 болса, былтыр бұл көрсеткіш 1 809-ға дейін, яғни 20,3 пайызға азайған. Облыстардың ішінде тек Батыс Қазақстанда «бүгінгінің барымташылары» жергілікті құқық қорғаушыларға бой бермей, мал ұрлығын 3,6 пайызға көбейте түсіпті. Өткен жылы осы өңірдегі ұйымдасқан баукеспелер далада жайылып жүрген жылқыларды мылтықпен атып өлтіріп, сойып, басын, ішек-қарынын, терісін ит-құсқа қалдырып, етін ғана алып кеткенін естігенімізде жағамызды ұстағанбыз. Одан кейін әлеуметтік желіден соғымдық жылқыны ата дәстүрімізбен аяқтарын байлап, жерге жығып барып бауыздаудың орнына, қақ маңдайынан мылтықпен атып құлатқан ағайындарды көріп, аза бойымыз қаза болған. Мұның өзі кейінгі кезде ел ішінде жылқышы кәсібінің қадірі кетіп, мал союдың жөн-жоралғысын білетін адамдардың қатары да сиреп бара жатқанын аңғартса керек.

Қазір ауылды жерлерде қысқы соғым науқаны басталып жатыр. Осыған байланысты мал ұрлығы да өрши түсті. Жақында Торғай өңірінде жылқы ұстап отырған жолдасым өзі куә болған сұмдық оқиғаны жаны күйзеле айтты: «Бір күні кешке қарай жылқыларымыз жайылып жүрген сай жақтан дүркін-дүркін атылған мылтық дауысын естіп, «аң қуып жүрген аңшылар болар» деп ойлап, онша мән бермегенбіз. Арада бірер минут уақыт өткен соң жақын жердегі көрші ауылда тұратын бір танысымыз телефон шалып: «Сайдың ішінде квадрацикл мінген ағайынды екі ұры сіздердің үш ірі жылқыңызды аяқтарынан атып құлатты. Тез бармасаңыздар, енді сойып алып кетеді», деп хабарлады. Дереу біз де қолымызға қару алып, жол талғамайтын көлікке мініп, сайға қарай тарттық. Бинокльмен жылқылар жайылып жүрген тұсты шола қарағанымызда квадрацикл мінген ұрыларды көзіміз шалды. Олар да бізді байқап қалса керек, дереу кейін бұрылып қаша жөнелді. Соңдарына түсіп көріп едік, жолсыз қарлы далада машинамыз квадрациклге қуып жете алмайтын болғандықтан, кейін қайтып, сай ішінде жараланып құлап жатқан жылқылардың жағдайын білуге келдік. Расында да, көрші ауылда тұратын ағайынды ұрылар үш күйлі жылқыны алдыңғы аяқтарынан көздеп атқан екен. Қар үстінде қанға боялып, қозғала алмай жатқан жануарлардың көздерінен саулап аққан жасты көргенде өзім де көз жасыма қалай ерік бергенімді білмей қалдым... Мұндай шектен шыққан аюандықты бірінші рет көруім. Амалсыздан, жараланған жылқыларды сол жерде бауыздап, сойып, етін ауыл адамдарына бөліп бердік. Содан кейін аудан орталығындағы полиция бөліміне барып, арыз түсірдік. Бірнеше қарулы полицей қандықол ұрыларды ұстау үшін бізбен бірге жолға шықты. Ұрылардың аты-жөндерін сол маңайдағы жұрттың көбі біледі екен. Үйлеріне іздеп келсек, квадрациклді бір жерге тығып үлгеріпті. Полицейлер түк көрмегендей болып отырған аты шулы екі жігіттің қолдарына бірден кісен салып, аудан орталығына алып кетті. Іштеріндегі офицер жігіт маған: «Бұл оңбағандарды бұған дейін де талай рет ұстаған едік. Алайда біздің бөліміміздің бұрынғы бастығымен ым-жымдары бір болса керек, ылғи малы ұрланған адамдармен бітімге келтіріп, аман алып қалушы еді. Ол кісі жуырда зейнетке шыққан. Осы жолы бұл сұмырайларға сазайларын тартқызбай қоймаспыз», деп шынын айтты».

Осы орайда соғымдық малдың қайсысын болсын мылтықпен атып өлтіруге тыйым салу және біреудің далада жүрген жылқысын аңша атып әкететін ұрыларға жазаны қатайту қажет. Өкінішке қарай, 2021 жылғы 30 желтоқсанда қабылданған «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңда көшеде қаңғып жүрген ит-мысықтарды қорғауға барынша көңіл бөлінгенімен, қасиетті Қамбар ата түлігі – жылқының көріп жүрген қорлығына назар аударылмапты.