Қоғам • 06 Желтоқсан, 2023

Пайдалы кездесу

130 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Халықаралық мүгедектер күніне орай Парламент Мәжілісінің депутат­тары Серік Егізбаев пен Таңсәуле Серіков Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінің инклюзивті студенттерімен кез­десті. Жиынға Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов қа­тысты.

Пайдалы кездесу

Кездесуде «Ауыл» партиясының төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты, партия фракциясының жетекшісі Серік Егізбаев Парла­мент­те қабылданып жатқан ма­ңызды заң жобаларына тоқталып, инклюзивті қоғам мүшелерінің конс­титуциялық құқын қорғау мәсе­лесінде жоғарғы заң шығарушы органның атқаратын қызметі туралы айтты.

Мәжіліс депутаты, «Ауыл» пар­тия­сы фракциясының мүшесі, Мүге­дек­тігі бар адамдардың құқығын қорғау жөніндегі комиссия төрағасы Таңсәуле Серіковтің айтуынша, енді мүге­дектігі бар адамдардың мүм­кін­дігі арта береді.

«Кейінгі жылдары Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың бастамасымен еліміз­де жүр­гізіліп жатқан саяси рефор­ма­лар­дың маңызы зор. Мысалы, «Қа­зақстандағы сайлау туралы» заңға енгізілген өзгерістер бойын­ша партиялардан Парламент Мәжі­лі­сіне өткен депутаттардың ішінде 30 пайызы әйелдер, жастар және мүгедектігі бар азаматтардың болуы заң тұрғысында бекітілді. Соның нәтижесінде мүгедектігі бар азаматтар заң шығару үдерісіне тіке­лей араласу мүмкіндігіне ие болды. Мұны Президент жүргізген сая­си реформалардың жемісі деп ба­ға­лаймыз», деді Мәжіліс депутаты Т.Серіков.

Таңсәуле Ғабдыманапұлы көп жылдан бері тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар жан­дар­дың құқықтарын қорғау мәсе­ле­лерімен айналысып жүргенін айтады.

«Инклюзивті қоғам мүшелерінің құ­қын қорғау және оларға кедергісіз орта қалыптастыру – бұл елдік дамуы­­ның көрсеткіші. Мысалы, дамы­ған елдерде мүгедектігі бар адамдарға қоғамда ешқандай ке­дергі болмайды. Білім алып, еңбек етіп, ел қатарлы өмір сүріп жатыр. Біз де сол күнге жетуіміз қажет», дейді мәжілісмен.

Іс-шара барысында депутаттар Парламент пен оның құры­лымы туралы айтып берді. Моти­вациялық лекция форматында өткен басқосуда жастар қазіргі қоғамдағы түйткілді мәселелерді қозғап, мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтенуі тура­­лы ойларын ортаға сал­ды. Л.Н.Гуми­лев атындағы Еура­зия ұлт­тық университетінің мүге­дектігі бар сту­денттері Парла­мент­тің отырыс залдарын аралап, заң шығарушы орган мен депутаттардың жұмыс үде­рісімен танысты. Іс-шараға «Ауыл» партиясының «Жастар қа­на­ты» бас­тамашы болды.