Еңбек • 06 Желтоқсан, 2023

Құрғақ саумал шығарады

298 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Меңдіқара ауданында құрғақ саумал өндіретін техникалық ферма іске қосылды. «S-Agro-Borovskoe» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі алдағы уақытта сауын биелердің санын мыңға жеткізіп, жылдық өнім көлемін 40 тоннаға дейін арттыруды көздеп отыр.

Құрғақ саумал шығарады

Серіктестік басшысының айтуынша, құрғақ саумалдың құрамында адам ден­сау­лығына пайдалы микроэлементтер мен дәрумендер көп болады. Жаңа өнім са­пасы жағынан табиғи саумалға ұқсайды.

«Алдағы уақытта немістің «Zollmann Stutenmilch GmbH» компаниясымен бірлесіп, косметология, балалар мен спортшыларға арналған тағамдарды шығарамыз. Қазір меншігімізде 15 мың гектардан аса жайылым, 1 мың­нан аса көшім жылқысының тұқы­мы бар. Өндірісті жолға қоюдың бас­­тапқы кезеңінде өндірістік цехты, әкім­шілік ғимаратты пайдалануға беру іске асырылды. Салқындатқыш танктер, пастеризатор, 100 литрлік сублиматор, сауу жүйесі іске қосылды. Болашақта өнімді өндіру қуатын жылына 40 тоннаға дейін арттыруды, 150 жұмыс орнын құруды жоспарлап отырмыз. Жобаның жалпы құны – 10 млрд теңге. Мұның сыртында 400 бас ірі қараға арналған сүт фермасын ашуды жоспарлап отырмыз. Мұнда жылына 4 млн 500 мың литр сүт өндіреміз»,  дейді «S-Agro-Borovskoe» ЖШС директоры Мейрам Ахметжанов.

смтсмт

Серіктестік қолға алып отырған бірегей жоба  неміс технологиясына негізделген. Неміс кә­сіпкерлері Ганс Цольман мен Рудольф Шторх осыдан 48 жыл бұрын қымыз өндірісін жолға қойып, өзі ойлап тапқан қымыз дайындау әдісін патенттеп алған екен.

М.Ахметжановтың айтуынша, өткен ғасырдың 60-жылдары Батыс Еу­ропа ғалымдары қымыздың адам ағзасына пайдасын жаппай зерттей бастаған. Бұл зерттеулердің нәтижесінде бие сүтінің өкпе, асқазан ауруларын емдеуге, иммунитетті көтеруге оң әсер ететіні анық­талған. Цольмандар әулеті осы тұжырымдарды әрі қарай дамытып, бие сүтінің аллергиясы бар балаларға аса пайдалы екенін дәлелдеп шыққан.     

 

Қостанай облысы