Аймақтар • 07 Желтоқсан, 2023

Көзайым көше ауылдан басталады

210 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көзден кеткенімен, көңілден өшпейтін, есімі ел есінде қалатын жандар болады. Әділдікті ту етіп, қиналған жанға қолұшын созуға асыққан қаламгер, «Егеменнің» даңқты журналисі Нұриден Мұф­тах есімі жұрт жадында қайта жаң­ғырды. Енді Атырау қаласына таяу орналасқан Жаңаталап ауылындағы көшенің бірі қаламгердің атымен аталады.

Көзайым көше ауылдан басталады

Жаңаталап – Жайық өзені жағасындағы балықшылықты кәсіп етушілер тұратын ауылдың бірі. Кезінде бұл ауылдың іргесін қалаған жандар бұрын Исатай ауданында тұрған. Кейін облыс орталығына таяу маңға көшірілген. Заман лебімен жаңарған, бірнеше ұрпақ алмасқан ауылдың тұрғындары тарихи «Егемен Қазақстан» газетінде жұмыс істеген Нұриден Мұфтах пен басылымның осы өңірдегі мен­шікті тілшісі болған Қазихан Қабделдің адами, шығармашылық қасиеті туралы әлі күнге әңгімелейді.

Ауыл тұрғындары белгілі қаламгердің есімін көшеге беру туралы ұсынысты қуана құптады. Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұхановтың айтуынша, елге танымал тұлғалардың есімін есте қалдыру – кейінгі ұрпақ үшін өнеге боларлық іс.

«Журналист Нұриден Мұфтах есімі тек бір ауылға, бір өңірге ғана емес, тұтас елге кеңінен танымал болған. Қаламгердің есімі жаңадан бой түзеген көшеге берілді. Демек тәуелсіз елімізбен бірге Жаңаталап ауылы да кең қанат жайып келеді. Енді қаламгердің дархан көңілімен, батыл мінезімен көптеген адамға қолдауын көрсетіп, қоғамға адал қызмет еткен үлгісін жас буынға дәріптейміз», деді Н.Ермұханов.

Қаламгердің туысқандары атынан Амангелді Қуаналиев естелік айтты. Ел есіндегі журналист еңбек жолын Қарағанды өңіріндегі шахтада шахтердің көмекшісі болып бастаған. Кейін журналистік жолға түпкілікті бет бұрған. Өмірден өткенге дейін құқық тақырыбына қалам тартып, күрделі қоғамда әділеттілік жоқшысы болды.

 

Атырау облысы