Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Әншейінде «болашағымыз білімде, ертеңіміз ілімде» деп ұрандаудан алдымызға жан салмаймыз. Сапалы мектепте білім ала алмай жүрген оқушы мен ата-ана алдында сан түрлі сылтау, аста-төк уәде айтудан да жалықпай келе жатырмыз. Олай дейтінім, Риддердегі «Шыңырақ» көпсалалы мектеп-гимназиясының тоз-тозы шығып тұрғандығы мен Алтай ауданындағы №1 Жаңа Бұқтырма орта мектебінің балалары балабақша ғимаратында оқып отырғандығын айтып, жазудай-ақ жаздық. Нәтиже қане? Әлі күнге дейін бітпейтін уәде, жіптей созылған жоспар. Ендігі қозғайық деп отырғанымыз, Өскемендегі Дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының шаш-етек проблемасы. Ата-аналары дабыл қақпаса, білім ордасының ішкі мәселесін қойып, ойдым-ойдым көшедегі орын тепкен жерін де білмейді екенбіз. Бізді қойып, білім басқармасының басшылары да сирек із сала ма деп қалдық.
Қоршау ішіндегі қос ғимараттың бірі – мектеп, енді бірі – интернат. Жеке секторда орналасқандықтан, шығар орталықтандырылған жылу мен су жүйесіне қосылмаған. Екі ғимарат та әлімсақтан мектептің жеке қазандығымен жылытылады. Ең әуелі басшылықтың рұқсатымен мектеп ішін араладық. 1962 жылы бой көтерген ғимараттың сыртын сайдингпен қаптап, жарқыратып қойғанымен, кіреберіс есігінен бас сұға өткен ғасырдағы ғимараттардың атмосферасын сезіндік. Мағжан ақын төрден орын берген мұғалімдердің бөлмесі атымен жоқ. Қолдары қалт етсе, баспалдақтың астыңғы жағындағы қуыста түскі ас-суларын ішеді, қағаздарын жазады. Мектептің техникалық персоналдарының да түстенетін жерлері сол қуыс. Сол қуыста қысқатолқынды пеш, кішігірім тоңазытқыштары тұр. Киім-кешектерін де сол жерге ілетін көрінеді. Санитарлық-эпидемиологиялық станса дәрігерлері талаптарға қайшы деп мың жерден айыппұл салғанымен, мәселе шешілмейді. Ал психологтің кабинеті – бұрынғы дәретхана. Құбыры бөлменің бұрышымен өтеді. Ол қайбір жаңа құбыр дейсіз. Көне құбырдан қоңсыған иіс шығады. Иіс шыдатпаған соң психолог терезені ашып қоюға мәжбүр. Терезеден қарсы алдындағы қазандықтың түтіні кіріп, сөрелердегі ақ парақтарды қап-қара ыс етеді. Сол ыспен демалған соң да шығар, мектептің жалғыз маманы жиі сырқаттанып қалады. Дәретханада отырмаса, дәріні уыстап ішпес те еді. Төбесінен аққан суды сөз етпей-ақ қойдық.
Қоңырау соғылғанда біз спорт залға кіргенбіз. Сабақ аяқтала сала оқушылар шешіну бөлмесіне асыққан. Қызық, ұл-қыздардың киім ауыстыратын бөлмесі біреу. Ортасын қалқалап бөліп қойған. Дене шынықтыру пәні мұғалімі стандартқа сай келмейтін спорт залдың бір бұрышында отырып, журналын толтырады. Арнайы бөлме қарастырылмаған. Акт залы да сексен орынға шақталған. Пән кабинеттерінен интерактивті тақта секілді заманауи техникаларды да байқамадық. Ескіліктің иісі аңқып тұр. Кіреберістегі мектептің киім ілгіші де 300-ге жуық оқушыға тарлық ететін көрінеді.
Апта соңы. Интернаттағы балаларын үйді-үйіне алып кетуге ата-аналар келіп жатыр. Алып кетпесе, мұнда жуынып-шайынатындай мүмкіндік жоқ. Дизельді отынмен жылытатын қазандықтың қуаты интернатты түгелдей дерлік ыстық сумен қамтуға жетпейді. Соның өзінде жылыту маусымында 77 млн теңгенің дизель отынын шығындайды. Мектеп басшылығы бойлер орнатайын десе, электр желісі әбден тозған. Десе де бірлі-екілі бойлер әлсін-әлсін істейді. Алайда жылы суы 230 балаға жетпейді. Сондықтан да ғой оқушылар бөтелкедегі суды батареяға жылытып алып жуынып жүргендері.
– Ұстаздардың білім беруі өте жоғары. Тек мектеп ғимараты жаңа ауданда бой көтерсе дейміз. Себебі маңайы өте қорқынышты. Экологиясы да нашар ауданда орналасқан. Балаларымыз үшін алаңдаймыз. Техникалық базасы да төмен, кеңес өкіметінен қалған дүние секілді. Мысалы, мен ата-ана ретінде сабаққа қатыстым. Сонда баланың дамуы үшін заманға сай технологиялар жоқ екенін байқадым. Зертханалық кабинеттер де қарастырылмаған. Балалардың тамағы жиі ауырып, денсаулықтары сыр беріп жатады. Асханалары да тар, – дейді мектеп ата-анасы Ләззәт Төлегенқызы.
Иә, интернат асханасы баланың тамақтануына өте қолайсыз. Сахна секілді биік мінберде тамақ пісіріліп, оны кезекші оқушы төмендегілерге үлестіріп тұрады екен. Әйтпесе, ыдыс-аяқ салдырлатып, баспалдақпен түсіп, шығу қауіпті. Ал балаларға үш уақыт ыстық тамақ беріледі. Былайғы ішіп-жемі және бар.
Интернат іші. Едені сықырлаған тар дәліз. Шелек көтерген оқушылар су тасып, тіршіліктерін істеп жүр. Алыс өңірлерден келгендер сенбі-жексенбіде де интернатта қалуға мәжбүр. Кезек күтіп, душқа түседі, кірлерін жуады. Кір кептіретіндей арнайы орын да жоқ. Сол үшін баспалдақтардың жақтауларына жаяды жалбыратып. Оқушылардың арасында Шығыс Қазақстаннан ғана емес, білім қуып Абай, Алматы облыстарынан келгендер де бар.
– Лицей-интернатта 7-сыныпта оқимын. Интернатта тұрамын. Жуыну үшін бірінші қабатқа түсіп, кезекке тұрамыз. Ыстық су болса, жақсы болар еді, – дейді сонау Үржар ауданынан келіп оқып жүрген Аяла Ғалымова.
Оқушылардың алыстан ат арытып, бұл лицейге білім қуып келетін жөндері де бар. Өйткені бұл мектептің білім сапасы жоғары. Мәселен, өткен оқу жылындағы түлектердің бесеуі «Алтын белгі» иегері атанса, он бірі үздік аттестатпен тәмамдаған. Жоғары оқу орнына тапсырғандар 100 пайыз грантқа түскен. Ел экономикасын өрге сүйрейтін білікті де білімді мамандар солардан шығады.
Оқушылар үйін аралап жүріп, кітапхана есігін аштық. Тағы көңіл түскені, кітап қорын бұрынғы дәретханада сақтап отыр. Физика-математика бағытында білім алып жатқан қазақтың дарынды балаларына тәуелсіз ел атанғалы жасап берген жағдайымыз осы. Мектеп басшылығының айтуынша, лицей ұжымы бұл ғимаратқа 1998 жылы көшіп келген. Содан бері проблемасын тіс жарып айтқан бірде-бір басшы, бірде-бір ата-ана болмаған-ау. Қазірдің өзінде де бар мәселені ақтарып салуға тартыншақтайды. Оның себебі түсінікті: жоғарыдағы басшылар мәселені көтергендердің соңынан шам алып түсуі мүмкін. Қымбатшылық қысқан мына заманда кімнің жұмыссыз қалғысы келеді? Сол үшін де ұжымды сөзге тартпай, көзбен көргенімізді тілге тиек қылып отырмыз. Лицей-интернатта сексеннан астам маман білім беріп, тәрбие жұмыстарымен айналысады. Білімнен бөлек, мұндағы тәрбие де темірдей. Оқушылар бос уақыттарында телефонға телмірмей, шахмат ойнайды, кітап оқиды, тағысын тағы. Кедейдің күйін кешкен техникалық базасына қарамастан, оқушылары білімге құштар, тәрбиелі, мәдениетті. Халықаралық, республикалық байқауларда орын алып, нәтиже көрсетіп жүргендері қаншама? Облыс мектептерінің ішінде білім нәтижесі жағынан үшінші орында. Егер осы ұжым дарынды балаларға заман талабына сай мектепте сабақ берсе, нәтиже анағұрлым жоғарылайтыны сөзсіз. Ата-аналар айтқандай, 19-шағын аудандағы құрылысы үзіліп қалған білім ошағын аяқтап, осынау лицей-интернатына берсе, көпшіліктің көңілінен шығар еді. Жоғарыдағы мәселені айтып, облыстық білім басқармасы басшысы Инесса Чернышеваға да хабарласқанбыз. Бірақ мән-жайды орынбасары Нұртуған Маратұлы түсіндіріп берді.
– Мәселені шешудің бірден-бір жолы – Ілияс Есенберлин даңғылы бойындағы 880 орындық ғимаратты осы лицей-интернатқа беру. Ол алғашында колледж ретінде бой көтерген. Қазіргі таңда құрылысы тоқтап тұр. Қателеспесем, наурыз айында «ВК Инвест компани» мердігер компаниясы ол нысанды сатып алған. Бірақ құрылысы мектепке бағытталған. 2025 жылы аталған мердігер компания құрылысты аяқтайды. Қазір экспертизалық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бәрі зерттелген соң құрылысқа кіріседі, – деді басқарма басшысының орынбасары.
Жол ортада жоспар ауысып кетпей, діттеген мақсат орындалса, физика-математика бағытында білім алатын оқушылар саны да артады. Бұл мәселені Оқу-ағарту министрлігінің мамандары да назарда ұстауға тиіс. Өйткені жоспардағы дүниенің жол ортада жалт беріп кететініне Шығыс Қазақстан жұрты әбден зәтте болып қалған.
ӨСКЕМЕН