KZgovernment
Тамыз айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-да орын алған апат кезінде компанияның инвестициялық және өзге де міндеттемелерін өрескел бұзғанын сынға алды. Мемлекет басшысы АМТ-мен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату жөнінде тапсырма берген болатын. Ел Үкіметі «АрселорМиттал Теміртау» иелерімен ArcelorMittal компаниясын металлургиялық комбинат құрамынан шығару мүмкіндігі туралы келіссөздер жүргізді. Келіссөздер 2022 жылдың 3 қарашасында АМТ-ның еншілес кәсіпорны – Ленин атындағы шахтада болған қайғылы апаттан кейін басталып, Үкімет «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына нақты талаптар қойды. Келіссөздер нәтижесінде 2022 жылғы 9 желтоқсанда Қазақстан Үкіметі мен ArcelorMittal арасында Қазақстан тарапына кәсіпорынды бағалау және аудит жүргізуге мүмкіндік беретін «Standstill Agreement» келісіміне қол қойылды.
Министр келіссөздер барысында ArcelorMittal $3,5 млрд сұрағанын, бұл халықаралық консультанттардың есебіне сәйкес келмейтінін айтты. «Бұл келіссөздер үдерісінің ұзаққа созылуының басты себептерінің бірі болды. Біздің мақсатымыз – қымбат және ұзаққа созылатын халықаралық сот процестеріне жол бермей, комбинатты әділ бағамен сатып алу болды. Кәсіпорынның тоқтап қалмауы үшін келіссөздерді жедел әрі жылдам жүргізудің қажеттілігі туындады», деді Қанат Шарлапаев. 11 раундтан тұрған келісім оң нәтиже берді. «Қазақстан Үкіметі мен «АрселорМиттал» арасындағы келісімді мега-мәміле деп атауға болады, оның еліміз үшін маңызы ерекше. Біз басқа елдердің үкіметтері тап болатын көптеген тәуекелдерді айналып өте алдық», деді министр.
Ол сондай-ақ жасалған мәміленің үш негізгі элементін жариялады: Қ.Шарлапаев келісімнің бірнеше тиімділігін атады. Атап айтқанда, Мемлекет активтер құнын $3,5 млрд-тан $286 млн-ға дейін төмендетті. Мәмілені жүзеге асыруға мемлекеттік бюджеттен ешқандай қаражат жұмсалған жоқ. Жаңа инвестор ArcelorMittal бас компаниясының алдында 4 жыл ішінде $250 млн сомасындағы қысқа мерзімді несиені және $450 млн ұзақ мерзімді несиені өтеу бойынша міндеттеме алатын болды.
«$286 млн – бұл толық жұмыс істеп тұрған екі кәсіпорынның құны екенін ерекше атап өткім келеді. Сонымен қатар ArcelorMittal Қазақстан Үкіметіне ешқандай талап қоймайды. Келісім халықаралық құқық нормаларын толық сақтай отырып, құқықтық негізде жасалды», деді Қанат Шарлапаев.
Бұдан бөлек келіссөз барысында ArcelorMittal компаниясы «Қазақстан халқына» қайырымдылық қорына 16 миллиард теңге жарна аударатын болды. Бұл қаржы Қарағанды облысы тұрғындарының өзекті мәселелерін шешуге және әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға жұмсалады. Сондай-ақ бұл соманың 50%-ы Теміртау қаласына бөлінбек.