Өңірде қызылшаның өршуі қарашаның ортасынан басталды. Қызылша көбінесе ауа тамшылары арқылы жұғып, асқынған жағдайда өкпенің қабынуына әкеліп соқтырады. Дәрігерлер ауруханаға түскен науқастардың 87%-ы екпе алмағандар деп мәлімдеді.
«Жансақтау бөлімінде жатқан төрт айлық сәби әлі қызылша мен желшешекке қарсы екпе алып үлгермеген. Күз айында таралуы қатты күшейген жұқпалы дерттің өршуін болдырмас үшін 6-12 айлық сәбилерді қайтадан иммундау қажеттігі күн тәртібіне қойылды. Өйткені қызылшамен науқастанған балалардың ішінде бір жасқа дейінгі сәбилердің үлесі 35-40% -ға жетіп отыр. Оған қоса 2-5 жас арасындағы барлық сәби қайтадан қызылша, желшешек, паротитке қарсы егілмекші. Сондай-ақ 30 жасқа дейінгі азаматтар мен 55 жасқа дейінгі медицина қызметкерлері де қызылшаға қарсы екпе алады. Жұқпалы дертке шалдыққан адамның дене қызуы көбінесе үш күнге дейін түспейді де, төртінші күні адамның мойны мен беті, қолы мен аяғында қызыл бөртпелер пайда болып, ол барлық денеге жайылады. Осы кезеңде ауа тамшылары арқылы басқаларға жұғу қаупі жоғарылайды», дейді облыстың бас инфекционист дәрігері Мейрамбек Құрманғазин.
Елімізде қызылшаның қатты өршуіне азаматтарымыздың коронавирустан кейін иммундық жүйесінің әлсіреуі себеп болған сияқты. Егер үйде бір баланың мұрны бітеліп, дене қызуы 3-4 күн бойы түспей қойса, онда сол отбасының барлық мүшесі 72 сағат ішінде қызылшаға қарсы екпе алуға тиіс. Өйтпеген жағдайда науқаспен байланыста болған сол үйдің барлық адамының ауырып қалу ықтималдығы жоғарылайды.
Қарашаның ортасында жедел жәрдем қызметіне дене қызуы көтерілген 30-40 адам хабарласса, желтоқсанның бас күндері тәулігіне 25 адамнан шақырту түсіп жатыр.
Қазіргі кезде Ақтөбе облысына 30 мың дана екпе жеткізіліп барлық емханаға таратылды. Науқастар көбейген жағдайда оларды емдеу мекемелеріне жатқызу үшін алдын ала шаралар қабылданып жатыр. Мәселен, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында ересектерге – 219, балаларға – 248, жүкті әйелдерге 11 орын әзірленді. Сондай-ақ қаланың іргесіндегі «Шағала» шипажайында қосымша 200 орын ашылды.
Ақтөбе облысы