Қызылшаның таралуын анықтау барысында оның бір-бірден Біріккен Араб Әмірліктерінен, Ресей Федерациясынан және Қырғызстан республикасынан әкелінгені расталды.
Солтүстік Қазақстан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаевтың айтуына қарағанда, жас құрылымы бойынша сырқаттанғандардың ең көбі 15 жасқа дейінгілер арасында анықталған. Ондайлардың саны – 49 адам, бұл – барлық сырқаттың 65%-ы. Ал 15-тен 19-ға дейінгілер арасында – 23 сырқат, 20 мен 29 жастағылар арасында 14 адамның қызылша жұқтырғаны белгілі болды. Осының өзі бұл дерттің жас балалар мен жасөспірімдер арасына тез таралатынын көрсетіп отыр.
Барлық тіркелген науқастың 79%-ы – вакцина алмағандар. Бұлардың саны – 59 адам. 22 науқас вакцинадан жеке сенімі бойынша бас тартқан, ал 33 адам өздерінің вакциналаудан хабары болмағанын айтқан. Қалғаны – медициналық көрсеткіштер бойынша екпеден босатылғандар және вакциналау жасына жетпегендер.
Ересектерді әлеуметтік-кәсіптік құрылым бойынша зерттегенде науқастардың ең көбі Әскери институттың қызметшілері арасынан шыққан. Қызылшаға ұшыраған барлық адамның 29-ы, яғни 39%-ы осыларға тиесілі болып отыр. Күтімі аз балалар арасынан 15 адамның науқас екені анықталды. Ал оқушылар арасынан 10 баланың сырқат екені белгілі болған.
«Қызылшаның алдын алудың бірден-бір сенімді жолы вакциналау екенін ескере отырып, қызылшаның одан әрі таралуын болдырмау үшін еліміздің Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері «Қызылшаға қарсы санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу туралы» 2023 жылғы 1 қарашадағы №7 қаулыға қол қойды. Осыған сәйкес 2023 жылғы 6 қарашадан бастап қызылшаға, қызамық және паротитке қарсы қосымша жаппай иммундау жүргізу жалғасып жатыр. Облыста қызылшаға қарсы 3 900-дей бала жоспардан тыс екпе алды. Оның ішінде туғанына 6 айдан 11 айға дейінгі бөбектер – 1 103, 2 жасқа дейінгі сәбилер – 709, 2 жастан 4 жасқа дейінгілер – 2 077 және т.б болған. Сонымен қатар 86 медицина қызметкеріне вакцина егілген», деді Ә.Жұматаев.
Қазақстанда сипаттамалары бойынша ДДҰ-ның барлық талабына сәйкес келетін, ел аумағында тіркелген вакциналар қолданылады. Қызылша ауа тамшылары арқылы берілетін қауіпті инфекциялық ауруға жатады. Қызылшаның алдын алудың ең тиімді жолы – вакцина алу. «Өз денсаулығыңызды күтіңіздер, асқынуларды болдырмау және басқаларға жұқтырмау үшін сырқат пайда болған кезде дереу медициналық көмекке жүгініңіздер», деді Ә.Жұматаев.
Солтүстік Қазақстан облысы