Шынтуайтында, бұл бағытта елімізде ештеңе істелмей жатыр деп ауызды қу шөппен сүртуге де болмайды. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша былтыр Қазақстанның ішкі жалпы өнімі бұрнағы жылмен салыстырғанда 3,2 пайызға өсіп, 104 трлн теңгеге, яғни 225,3 млрд долларға жеткен. Сондай-ақ өткен жылы елімізге рекордтық көлемде – 28 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылған. Соған қарамастан, инвестицияның жетіспеуі экономиканың өсімін әлі де тежеп тұрған басты фактор болып саналады. Осыған орай Мемлекет басшысы өз Жолдауында: «Инвестицияның тапшылығы болашақта тоқырауға әкеп соқтырады. Былтыр негізгі капиталға салынған қаражат ішкі жалпы өнімге шаққанда небәрі 15 пайыз болды. Бұған негізінен еліміздегі банктердің экономиканы дамытуға белсенді атсалыспауы себеп болып отыр. Мұндай ахуал Үкіметті тікелей қаржыландырумен, кепілдік және субсидия берумен айналысуға мәжбүрлейді. Бұл тәсіл тиімсіз, көп қаражатты талап етеді әрі нарықтық экономика қағидаларына қайшы келеді», деп атап көрсетті.
Президенттің аталған Жарлығы отандық және шетелдік инвесторлар іске асыратын инвестициялық жобаларды тиімді және пәрменді түрде қолдау жөніндегі қызметті үйлестіру мен бақылау деңгейін арттыру арқылы экономикалық өсудің жоғары қарқынын және ұлттық экономиканы нақты әртараптандыруды қамтамасыз ету мақсатын көздейді. Соған сәйкес құрылатын Инвестициялық штабқа орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің орындауы үшін міндетті шешімдер қабылдау және оларды орындамаған орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшыларын тәртіптік жауаптылыққа тарту, оның ішінде атқаратын лауазымынан босату жөнінде Мемлекет басшысы мен Премьер-министрге ұсыныстар енгізу өкілеттіктері беріліп отыр. Бұған қоса, Инвестициялық штаб төрағасы мен мүшелері Президентке тоқсан сайын есеп беретін болады.
Міне, осындай еліміздің атқарушы билік жүйесінің инвестиция тарту жөніндегі қызметінде темірдей тәртіп орнатуға бағытталған пәрменді шаралар қажеттігін өмір тәжірибесі айқын көрсетіп бергені анық. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Құмар Ақсақалов өзі басқаратын әлеуметтік-экономикалық дамуы кенжелеп қалған, депрессивті өңірді тірелген тұйықтан шығару үшін ең алдымен инвестиция тартуға белсене кіріскенін білеміз. Нәтижесінде, бұл өңірге арнаулы экономикалық аймақ мәртебесі беріліп, инвесторларға елеулі жеңілдіктер ұсынылған болатын. Қазір Солтүстік Қазақстан өзінің жетекші саласы – ауыл шаруашылығына инвестиция тартудан көш бастап отыр. Соның арқасында Қызылжар өңірінде кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсету арқылы 100-ден астам ірі тауарлы сүт фермасы салынып жатқандығы мәлім.
Алайда жаңа өндіріс орындарын ашқысы келген кәсіпкерлерге қолайлы жағдай туғызбақ түгіл, оларға әртүрлі бюрократтық кедергі жасап, соңынан «жүгіртіп» қоюды ұнататын шенеуніктер бары да белгілі. Мысалы, биылғы жылы Абай облысының Үржар ауданындағы Жалаңашкөл стансасында құны 40 млрд теңге тұратын, 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылатын портты салмақшы болған инвестор өңір әкімдігі қажетті жер учаскесін бөлу туралы қаулыны қабылдауды үш айға дейін созып жібергендіктен, жұмысын уақтылы бастай алмаған. Осыған байланысты кәсіпкер прокуратурадан араша сұрауға мәжбүр болған. Нәтижесінде, заңдылық қалпына келтірілген. Өкінішке қарай, мұндай мысалдар аз емес. Сондықтан да Мемлекет басшысының кері тартқан шенеуніктерді бері тартатын шешім қабылдауына тура келген тәрізді.