Қоғам • 11 Желтоқсан, 2023

Жас көшбасшылар тәжірибе алмасты

131 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ресейдің Санкт-Петербург қаласында «Ленинград облысының жас заң шы­ғарушыларының мек­тебі» білім беру жобасы және «Еуразиялық онын­шы инновациялық кон­вент» тақырыбында ха­лықаралық форум өтті. Жастар тақырыбы қау­залған бұл жиынға елі­міздің Маңғыстау өңірі­нен бір топ ресми өкіл қаты­сып, диалог алаңында ұйым­­дастырылған тал­қы­лауларға белсенді қа­тысты.

Жас көшбасшылар тәжірибе алмасты

Форумда сөз алған Маңғыс­тау облысы мәслихаты аппара­тының маманы, өңірлік жас­тар ісі жөніндегі кеңес мүшесі Гүлмайса Шаңбаева, облыстық мәслихат депутаты, «Amanat» партиясының облыстық филиалы жанындағы «Жастар рухы» ЖҚ төрағасы Абзал Ма­рат, Ақтау қалалық мәслихат депу­­таты Сұңғат Қанаев зият­кер­лік, инновациялық, еңбек, шы­ғармашылық әлеуетін дамыту, Еуразиялық кеңістік ел­де­рі жастарының проблемала­рын, сондай-ақ Ленинград облысының заң шығарушы жиналысындағы еуразиялық интеграцияның түйін­ді мәсе­лелерін талқылауға қа­тысып, коммуникативтік алаң­ды ұйым­дастырудағы жұмыспен танысып қайтты.

Сапар барысында Қазақ­стан­ның жас көшбасшылар Санкт-Петербург қаласындағы Бас кон­сул Дмитрий Михномен кез­десіп, екі ел арасындағы қа­рым-қатынастар және жастар та­қырыбында әңгіме өрбітіп, пікір алмасты. Сондай-ақ облыстық мәслихаты төрағасы Жаңбырбай Матаевтың бастамасымен және облыстық мәслихат депутаты Қуа­нышбай Озғанбаевтың қар­жы­лық де­меу­шілігімен қазақ, орыс, ағыл­шын тілдерінде шық­­қан та­рих ғы­лым­дарының док­­торы, профес­сор Өмірзақ Оз­ғанбаевтың «Ре­сей мемле­кеттік Думасы және Қазақстан» атты кітабын сыйға тартты.

Бұдан кейін Гүлмайса Шаң­­­­­­баева, Абзал Марат, Сұң­­­ғат Қа­­наев халықаралық дең­гей­­де ұйымдастырылған Ле­нин­г­рад облысының жастар пар­­­ламентінің ашық отырысы­на қатысты. Күн тәртібінде жас­тардың зияткерлік, иннова­ция­лық, еңбек, шығармашылық әлеуетін дамыту, Еуразиялық кеңістік елдері жастарының проблемалары тақырыбында баяндама жасап, ресейлік әріп­тесте­рі­мен сұрақ-жауап ал­мас­ты. Өз кезегінде сөз ал­ған маңғыстаулық делегация мүшелері жастар саясаты мәсе­лелеріне қатысты өзара тәжі­рибе алмасып, тың идеялары­мен бөлісті. Сөз соңында ұйым­дастырушы тараптың шақыр­туына алғысын жеткізді.

Халықаралық форумның ке­­лесі күні делегация мү­­ше­­­­лері қаланың көрнекті тари­­­хи жер­лерін аралады. Экс­кур­ция­да дүние жүзіндегі ең ірі көр­кем­сурет және тарихи-мәде­­ни «Эрмитаж» музейіне, Ора­ниен­баумдағы ең көне ғи­марат Меньшиков сарайына ба­рып, қаланың тарихы және мәде­ниетімен танысты. Соны­мен бірге Новоселье мәдени орталы­ғындағы ша­ғын лекцияларды, үлкен кон­ферен­цияларды және әртүрлі форматтағы басқа да іс-шара­ны өткізе алатындай етіп жаб­дықталған «14+» ковор­кинг орталығына барып, жас­тар­ды жан-жақты дамытуға ар­нал­ған бағдарлама жоспары­мен танысуға мүмкіндік ал­ды. Ал осы айдың басында А.Гер­­цен атындағы Ресей мем­ле­кеттік педагогикалық уни­верси­тетінде «Еуразиялық онын­шы инновациялық конвент» іс-ша­расы өтті. Жиынға Маң­ғыс­тау облысынан 18-35 жас ара­­л­ығындағы жас көш­басшылар қа­тысты. Конвенттің жалпы отырысында делегация мүшелері Еуразиялық кеңістікті дамыту мәселесі, жа­с­тардың зияткерлік, ин­но­ва­циялық, еңбек, шығар­ма­шы­лық әлеуетін дамыту тақы­ры­бында баяндама жасап, қозғалған тақырыпты бірге талқылады.

Іс-шара соңында қатысу­шылар тәжірибелерімен бөлі­суге мүмкіндік алып, Ле­нин­­град облысының Заң шы­ға­рушы жиналысына риза­шы­­лықтарын жеткізді. Бұдан кейін қазақстандық делегат­тар қаланың ең танымал көр­некті орындарының бірі – 1906 жылдан бастап 1917 жылға дейін Мемлекеттік Дума кез­де­сулер өткізген Таврия са­райы­­ның тарихымен таныс­ты. Сондай-ақ ТМД-ға қаты­­су­­шы мемлекеттердің Парла­мен­­таралық Ассамблеясындағы Пар­ламентінің өкілдігі Игорь Му­са­лимов арнайы қабылдап, халықаралық ынтымақтастық және І-ІІ Думаға сайланған Алаш депутаттары тақыры­бында әңгіме өрбітті.