Әлем • 11 Желтоқсан, 2023

БҰҰ-мен ынтымақтастық артады

148 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

БҰҰ-ның Найробидегі (Кения) бөлімшесінің штаб-пәтерінде Қазақстанның Кениядағы елшісі Барлыбай Садықов БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Найробидегі (UNON) бөлімшесінің бас директоры Зайнаб Хава Бангурамен кездесті.

БҰҰ-мен ынтымақтастық артады

Жиын кезінде еліміздің дип­ломаты БҰҰ-ның Найробидегі бөлімшесі жанындағы Қазақ­станның Тұрақты өкілі қыз­метіне тағайындалғаны туралы өкілеттік сертификат табыс етті. Әңгімелесу барысында елші 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу бойын­ша БҰҰ күн тәртібін іске асыру жөніндегі Қазақстан қабылдап жатқан шаралар туралы хабардар етті. Қазақстанның Алматы қаласындағы БҰҰ кеңсесін Ор­талық Азия мен Ауғанстан елдері үшін тұрақты даму жөніндегі БҰҰ өңірлік орталығы ретінде қайта ұйымдастыру бастамасы бойынша пікір алмасты.

Тараптар Қазақстанда 2026 жылы БҰҰ қамқорлығымен экология бойынша Өңірлік саммит өткізу жөніндегі Қазақстан ұсынысын талқылады. БҰҰ Бас хатшысының орынбасары З.Бангура Қазақстанның ха­лықаралық бейбітшілікті, қауіп­сіздік пен орнықты дамуды ны­ғайтуға қосқан зор үлесін атап өтті. Ол ТДМ іске асыру бойынша бірлесіп жұмыс істеуге, жобаларды іске асыруға жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.

Б.Садықов БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасы (UNEP) басшысының міндетін атқарушы Джиан Льюмен және БҰҰ басқарушы ұйым­дары­ның бөлім бастығы Ульф Бьорнхолммен кездесті. Тұ­рақ­ты өкіл Қазақстан Прези­дентінің UNEP бас директоры И.Андерсеннің атына жол­данған 2024 жылғы маусымда Астана халықаралық форумына қатысуға шақыру хатын тапсырды. Қазақстанның ШЫҰ-ның төрағасы ретінде БҰҰ-ның Найробидегі Климат жөніндегі Бас ассамблеясына (UNEA-6) алғаш рет қатысуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

БҰҰ-мен өзара іс-қимылды кеңейту, оның ішінде UNEP-пен климаттың өзгеруіне бейім­делу және оған қарсы кү­рес саласындағы зерттеу ынты­мақтастығын дамыту мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар Қазақстанның Тұрақты өкілі Найробиде орна­ласқан Халықты орналастыру жөніндегі БҰҰ бағдарламасының (UN-Habitat) Хатшылығында UN-Habitat атқарушы директорының орынбасары Майкл Млинармен кездесу өткізді. Кездесу барысында Б.Садықов Қазақстандағы қалалардың даму жай-күйі туралы хабардар етті. Жергілікті тұрғындар үшін қалалық қоғам­дық инфрақұрылымның жай­лылығы мен экологиялық таза­лы­ғын қамтамасыз ету үшін елді мекендерді тұрақты урбанизациялау және сапалы жоспарлау саласындағы БҰҰ-мен өзара іс-қимылдың перспективалық бағыттарын атап өтті. Еліміз­де қала құрылысының инклю­зивтілігін, тұрақтылығы мен экологиялық тазалығын қам­та­масыз ету мақсатында БҰҰ-ның осы құрылымымен ынты­мақтастықты жандандыру туралы уағдаластықтарға қол жет­кізілді.

Кездесулердің қорытындысы бойынша тараптар өзара мүд­делілік білдіретін БҰҰ күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тығыз өзара іс-қимыл жасауға келісті.