Экономика • 11 Желтоқсан, 2023

Инвестиция тарту – басым бағыт

97 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов баспасөз конференциясын өткізді. Ол өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Сондай-ақ қоғамда туындаған мәселелер бойынша журналистердің қойған сұрақтарына жауап берді.

Инвестиция тарту – басым бағыт

Атырау облысының жалпы өңірлік өнім көлемі 315,2 млрд теңгеге өскен. Макроэко­но­ми­ка­лық көрсеткіштер бойынша өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда биылғы бірінші жар­ты­­жылдықта жалпы өнім көле­мі 6,7 трлн теңгеге жеткен. Бұған қоса өңірдегі өнеркәсiп өнi­­мi­­нің көлемi өткен жылдың осы ке­зеңімен салыстырғанда 14,1%-ға артып, елдегі сала та­бы­сының 24 па­йызын Атырау облысы құ­раған.

«Жыл басынан бері салықтық және басқа да міндетті түсімдер 4,8 трлн теңге болды. Оның ішін­де мемлекеттік бюджетке 2,3 трлн теңге жиналды. Ұлт­тық қорға 2,5 трлн теңге аударылды. Макроэкономикалық көрсет­кіш­тер бойынша биылғы 10 айда өнеркәсіп өнімінің көлемі 9 135,8 млрд теңгеден асты. Тау-кен өндіру өнеркәсібінде 8 446,4 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Ал өңдеу өнеркәсібінде өнім көлемі 563,8 млрд теңге болды. Сауда қызметінің көлемі 5 164,2 млрд теңгеге жетті. Өңірде 972,5 млрд тең­генің құрылыс жұмыстары орын­далды. Сондай-ақ ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 123,4 млрд теңгені құрады. Негізгі капи­талға 2 436,1 млрд теңге инвес­ти­ция тартылды. Көлік және қой­малау қыз­метінің көлемі 588,2 млрд тең­геге жетіп жығыл­ды. Облыста 558,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға бе­ріл­ді», деді облыс әкімі.

Инвестициялар тарту бо­йынша Атырау өңірі – рес­публикада алдыңғы орында. Негізгі капиталға салынған ин­вес­тициялар көлемі 2,4 трлн теңге болыпты. Онда сыртқы инвес­тиция – 902,5 млрд, ішкі инвес­тиция – 1 533,6 млрд теңге. Тұтас алғанда, елге тартылған ин­вес­тициялардағы Атыраудың үлесі 18,3%-ды құрайды екен. Өткен жылы Атырауда екі ауқым­ды жоба аяқталды. Соның се­­бе­бінен негізгі капиталға са­лын­ған инвестициялар көлемі төмен­деген. Олар – «NCOC» ком­паниясының теңіз түбін те­рең­дету мен «КРІ» ЖШС-ның полипропилен өндірісі жобасы.

«Есепті кезеңде 3,5 млрд дол­лар­ға тең шетелдік инвестиция тартылды. Тау-кен өнер­кәсібі және карьерлерді қазуға – 3,4 млн доллар, құрылысқа – 114,2 млн доллар, кәсіби, ғылыми-техникалық қызметке – 22,9 млн доллар, басқалары – 3,8 млн доллар. Биыл 3 ин­вес­тициялық жоба іске асыры­лып жатыр. Со­ның бірі – құны 76 млрд тең­гені құрайтын Аты­рау қала­сынан жүк тасымалдайтын те­мір­­жол вагондарын жасау зауыты. Қуаты – жылына 6 мың вагон. Зауытта 1 700 адам жұ­мыс­пен қам­ты­ла­ды. Сондай-ақ сұйы­тылған газ сақтау қой­масы. Жоба құны – 18 млн доллар. Қоймада 3 мың тонна газ сақтауға болады. 60 жұмыс орны ашылады. Бұған қоса жылына 1 323 тонна көкөніс алуға мүмкіндік беретін жылыжай құрылысы. Жоба құны – 8 млрд теңге. Жылыжайда 60 адам еңбек етеді. Осы жылы Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында ашылуы жоспарланған 3 жобаның іске қосу мерзімдері объективті себептерге байланыс­ты 2024 жылға ауыстырылды. Қазіргі уа­қыт­та аталған жобаларда жұ­мыс­тар жалғасуда», деді С.Шәп­кенов.

Өңірде ауыл шаруашы­лы­ғына салынған инвестиция көлемі төрт есеге өсіп, 4,3 млрд тең­гені құ­рады. Ал сала өнім­де­рінің жал­пы шыға­ры­лы­мы 5,9 млрд тең­ге­ге артып, 123,4 млрд тең­геге жетіпті.

«Облыста коммуналдық тұр­ғын үй қорынан 242 азаматқа пәтер кілті табысталды. Бұл бағыт­та бюджет есебінен қара­жат бөлініп, 292 пәтер сатып алынды. Жалпы, 10 айда 558,3 мың шаршы метр тұрғын үй пай­далануға берілді. Оның 390,2 мың шаршы метрі – жеке тұрғын үй, ал 168,1 мың шаршы метрі – коммерциялық тұрғын үй. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің басқа да тетіктері қолданылып жатыр. Тиісті қаражаттар қарас­ты­рылып, бірқатар өңірлік бағ­дарлама қабылданды. Мы­салы, 35 жасқа дейінгі жастарды тұрғын үймен қам­ту үшін «Атырау жастары» бағдарламасына жергілікті бюджет есебінен 1 млрд теңге бөлінді. Алғашқы кезеңде 100-ге жуық жас маманды баспанамен қамту жоспарланды. Бұл толық орындалып, бағдарлама өз нәтижесін көрсетті. Алдағы жылы бағдарлама жалғасады. Біздегі техникалық құжаты бар апатты үйлердің саны 8-ге аза­йып, бүгінде 104 үй есепте тұр. Оны шешу үшін 2029 жылға дейін апатты көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындарын көшіруге Жол картасы бекітілді. Қазір бюджет есебінен, жеке инвесторларды тарту тетігімен реновация бағдарламасы шең­берінде апатты үйлердің тұр­ғындарын көшіру және бұзу жұмыстары жүріп жатыр», деді өңір басшысы.

Атырауда 249,8 шақырым электр желісі жаңартылды. Қа­зір­гі уақытта облыс үшін ма­ңызды нысандардың бірі «KEGOC» АҚ Батыс айма­ғы­ның электр желісін кеңейту мақсатында 220 кВ «Орал – Атырау – Құлсары – Бейнеу» 792 шақырым желісінің екінші тізбегінің жұмыстарын аяқтады. Бұл желіні іске қосу арқылы Ресейден 200 МВт электр қуатын алуға болады. Сонымен қатар жалпы ұзын­­ды­ғы 250,1 шақырым болатын Атырау қаласындағы және Томан, Ақкөл, Сағыз, Мақат елді мекендеріндегі электр желі­лерін ауыстыру жұмыс­та­рын 2024 жыл­дың аяғына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

«Жалпы, облыстағы 2 қала мен 137 ауылдық елді мекенде табиғи газ бар. Халықтың 99,8 пайызы көгілдір отынмен қамтылған. Осы жылдың қараша айында Қызыл үй және Жасқайрат ауылдарына газ желісі тартылып, 102,6 шақы­рым газ құбыры жүргізілді. Нәтижесінде 300-ге жуық ха­лық табиғи газбен қамтылды. Одан бөлек «Газпром» ЖАҚ (жария акционерлік қоғамы) мен «УзТрансГаз» АҚ-ның шартына сәйкес 2023 жылдың қазан айында ресейлік газды ел аумағы арқылы Өзбекстанға тасымалдау басталды. Газды тасымалдау Батыс Қазақстан мен біздің аумақ арқылы Индер кентіне дейін «САЦ-4» DN 1 420 мм магистралды газ құбырымен, Индер кенті маңында «САЦ-5» магистралды газ құбырына ауыс­тырылып, әрі қарай Маңғыстау облысы аумағынан «САЦ-5» DN 1220 мм магистралды газ құбыры арқылы іске асады. Та­сымалдау маршрутының ұзын­дығы Ресей шекарасынан Өзбекстан шекарасына дейін 823 шақырымды құрайды. Мар­шруттың ерек­ше­лігі тасымалдау Қазақстан аума­ғындағы дәлізбен газды компримирация жасамастан іске асады. Газды тасымалдаудың максималды көлемі тәулігіне 18 млн текше метрді құрайды», деді С.Шәпкенов.

Атырау қаласы және Мақат ауданын сумен қамтамасыз ете­тін су тазартқыш жабдықтары өткен ғасырдың 40 және 60-жылдары қолдануға берілген. Ен­дігіде қайта жаңғыртуды қа­жет етеді.

«Су тұтыну көлемінің жыл сайын артуына байланысты алдағы 5 жылда су жетіспеу­ші­лігі 30 пайызға дейін өседі. Осыған байланысты, №5 және №6 су сүзгі стансаның жаңа 2 сүзгілеу стансасы мен №1 су сорғы стансасын 2024-2025 жыл­­дары іске асыру жұмыстары ұйым­дас­тырылады. Бұл страте­гия­лық маңызды нысандар ар­қылы алдағы 5 жылдықтағы су тапшылығының алдын аламыз. Сонымен қатар Атырау қаласы мен Мақат ауданының халқын үзіліссіз таза ауыз сумен қамтимыз. Құрманғазы ауда­нының Қоянды топтық су құ­бырының 6 ұңғымасын салу­ға 283,7 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары аяқталды. Нәтижесінде, Азғыр аймағының 6 мыңнан аса халқы үзіліссіз ауыз сумен қамтылады. Бұған қоса облысымыздағы ауқымды жобалардың бірі – Маңғыстау және Атырау облыстарының Құрманғазы, Исатай, Жылыой аудандарының елді мекендерін, ірі мұнай компанияларын ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған «Астрахан-Маңғышлақ» магистралды су құбырын қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынған еді. Осы жылы 175 шақырым магистралды су құбы­ры жаңғыртудан өтіп, су беру өнімділігі 110 мың текше метр­ден 170 мың текше метрге артып, сенімді ауыз су жеткізу мүмкіндігін береді», деді өңір басшысы.

«Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға 1,5 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржыға 188 жобаны іске асыру жоспарланыпты. Осы уақытқа дейін несие алуға 2,3 млрд теңгеге 280 өтінім түскен. Оның 1,2 млрд теңгеге 150 өтінімі мақұлданып, 1,1 млрд теңгеге 137 жоба қар­жы­лан­дырылған. Ондағы 110 несие – мал шаруашылығы саласына, 13 кредит – ауыл техникасын сатып алуға, 1 несие – жылыжай салуға және 13 кредит басқа да бизнес түрлерін бастауға берілген.

«Атырауда жыл соңына дейін мемлекеттік-жекеменшік әріп­тестігі жобасы аясында са­лынған 6 балабақша пайда­ла­нуға беріледі. Жыл басынан бері облыста үш балабақша пайдалануға берілді. Сонымен қатар жыл соңына дейін 10 мектеп пайда­лануға беріледі. Қазір облыста 153 ауылдық елді мекеннің 132-сі интернетпен қамтылған. Халықтың интернетпен қамтылу үлесі 99,2%-ды құрайды. Осы күндері Астана қаласының iQala жобасы мысалында Атырау қала­сы­ның табиғи монополия субъек­ті­ле­рінің қызметтерін цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Атал­ған жоба осы жылдың соңына дейін іске қосылады», деді облыс әкімі.

Облыста өңірлік IT-хаб ашу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жоба IT-жобаларды дамытуға және ілгерілетуге, сондай-ақ өңір кадрларының құ­зыретін арттыруға бағыт­тал­ған. IT-хаб Astana Hub ха­лықаралық технопаркінің өңірлік филиалы болады. Бү­гінде дайындық жұ­мыс­тары пысықталып жатыр. Ж­баны іске қосу 2024 жылдың бірінші жартысына жоспарланған.