Қоғам • 11 Желтоқсан, 2023

Мәдени байланыстың мәйегі – бауырластық пен бірлік

124 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Қазақта «Жатырқау – жаттың ісі, жақындау – Хақтың ісі» деген даналық сөз бар. Көршілес елдермен, оның ішінде тарихи тамыры бір туысқан жұртпен қарым-қатынасты нығайту мен бауырластық байланысты бекемдеу де бейбітшілік пен достыққа бағытталған игі іс. Осыған орай таяу күндері Әзербайжан Республикасында Қазақстанның Мәдениет күндері өтіп, екі халықты жақындастыруға септігін тигізген тарихи қадам жасалды.

Мәдени байланыстың мәйегі – бауырластық пен бірлік

Биыл Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев екі елдің мәдениет күндерін өткізу туралы уағдаласқан болатын. Жемісті ой жалғасын тауып, 2-5 желтоқсан күндері Әзербайжан Республикасында еліміздің Мәдениет күндері жоғары деңгейде аталып өтті.

Бауырлас халықтардың бірлігін нығайтып, байланысын арттыруға бағытталған күндер аясында бірқатар мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылды. 4 желтоқсанда Баку қаласына арнайы келген еліміздің Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазақ қылқалам шеберлері өнер көрмесінің ашылу салтанатын тамашаласа, кейін екіжақты кездесулер өткізді. Сондай-ақ қазақ өнерпаздары ұйымдастырған гала-концертке қатысты.

Әзербайжан Президентінің көмекшісі – Президент Әкімшілігінің Сыртқы саясат бөлімінің басшысы Хикмет Гаджиевпен өткен Аида Балаева ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжанмен қарым-қатынасты нығайтуға айрықша көңіл бөліп отырғанын атап өтті. «Бұған мемлекет басшыларының өзара сапарлары дәлел. Серіктестік барлық сала бойынша жоғары деңгейде дамып жатыр. Тіліміздің, дініміздің, әдет-ғұрпымыз бен дәстүрлеріміздің ұқсастығына негізделген ортақ мәдени мұра мен туыстық байланыстар біздің халықтарымызды етене жақын қылады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Физули қаласында Құрманғазы атындағы балалар шығармашылығы орталығының құрылысы аяқталып келеді. Бұл Әзербайжан халқына достық пен өзара қолдауды білдіретін сыйлық. Оның екі халық арасындағы бауырластық қарым-қатынастың символына айналатынына сенімдімін», деп атап өтті Аида Балаева. Сондай-ақ ол Хикмет Гаджиевтің халықаралық медиафорум өткізу туралы бастамасын қолдады.

Бұдан кейін Мәдениет және ақпарат министрі Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы шейх уль-ислам Аллашүкір Пашазадемен кездесті. Жиынға Әзербайжан Республикасының Діни ұйымдарымен жұмыс жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасы Мубариз Гурбанлы, Әзербайжан Парламентінің вице-спикері Фазаил Ибрахимли, Қазақстанның Әзербайжандағы елшісі Әлім Байел, депутаттар, зиялы қауым мен түрлі діни конфессия өкілдері қатысты.

Аида Балаева А.Пашазадені «Достық» орденін алуымен құттықтап, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің хатшылығына қатысып, белсенділік танытқаны және осы маңызды іс-шараға тұрақты қолдау көрсеткені үшін алғысын айтты. Министр діни тұлғаның аймақтық және жаһандық бейбітшілік пен конфессияаралық келісімді нығайтудағы рөлін ерекше атап өтті. Сондай-ақ рухани ынтымақтастық, конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Аида Балаева жиналғандарға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстанда болып жатқан өзгерістер туралы айтып, бауырлас халықтардың достығы мен ынтымақтастық байланыстарын барлық салада нығайта беретініне сенім білдірді.

Өз кезегінде шейх уль-ислам Аллашүкір Пашазаде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің маңыздылығына тоқталып, Астананың дін, мемлекет және қоғам қайраткерлерін біріктіретін ерекше диалог алаңына айналғанын атап өтті. «Өзара ынтымақтастығымызды нығайту үшін бірлескен жобаларымызды жүзеге асырудың маңызы зор. Түркі мемлекеттері ұйымы шеңберінде барлық салада, соның ішінде бауырлас халықтар және мемлекеттеріміз арасында ортақ түркі-ислам діни-мәдени мұраларын сақтау мен дамыту бойынша тереңнен өзара іс-қимыл жасала береді. Мен Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшылары съезі Хатшылығының мүшесі ретінде біздің президенттеріміздің өзара жұмыс сапарлары туысқан халықтарымыздың байланысын арттыратынын атап өткім келеді», деді Аллашүкір Пашазаде. Сонымен қатар ол Мұсылмандар діни басқармалары басшылары кеңесінің кезекті отырысы келесі жылы Қазақстанда өтетінін де тілге тиек етті.

Қазақстанның Мәдениет күндері аясында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Әзербайжанның Мәдениет министрі Әділ Кәрімлімен де кездесу өткізіп, әріптесіне осындай келелі іс-шараны ұйымдастыруға көмек көрсеткені үшін алғысын білдірді. «Біздің мемлекеттеріміз бен халықтарымыз әртүрлі салалардағы, әсіресе мәдениет саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты табысты дамытып келеді. Біз балаларға арналған анимациялық фильмдер түсіру, әзербайжандық суретшілердің қатысуымен жас суретшілерімізге шеберлік сабақтарын өткізу, ғылыми жобаларды, жалпы ғылыми туризмді, мәдени волонтерлік қызметті, кітап шығаруды дамыту жұмыстарын күшейтуге мүдделіміз», деді министр.

«Әзербайжан және Қазақстан президенттері Ильхам Әлиев пен Қасым-Жомарт Тоқаевтың достық және бауырластық қарым-қатынасы, олар жолға қойған стратегиялық серіктестік мәдениет саласы мен басқа да салаларға өзінің оң ықпалын тигізіп жатыр. Біз екі елдің ынтымақтастығын жан-жақты арттыра беруге мүдделіміз», деп атап өтті Әділ Кәрімлі.

Сондай-ақ Аида Балаева Әзербайжан Республикасының Жастар және спорт министрі Фарид Гаибовпен кездесіп, тараптар жастар саясаты саласындағы ынтымақтастық келешегін талқылады.

Мәдениет күндері аясында «HasSak» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің жеке концерті өтті. Шығармашылық ұжым соңғы 10 жыл ішінде қазақтың дәстүрлі музыкасының қайталанбас жанрларын заман ағымына сай жаңғыртып, ұлттық аспаптарда орындау арқылы дәстүрлі өнерді дәріптеп келеді. Сондай-ақ Баку қаласының тұрғындары мен қонақтары Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Қарагөз» қойылымын тамашалады.

Мәдениет күндерін Қазақстан өнер майталмандарының ұлттық нақыштағы гала-концерті қорытындылады. Осы орайда, 2024 жылы Қазақстанда Әзербайжанның мәдениет күндерін өткізу жоспарланып отырғанын айта кету керек.

Қазақстанның Әзербайжандағы Мәдениет күндері аясындағы іс-шараларға қатысқан бірқатар әзербайжандық қоғам қайраткерлері екі елдің достығы мен байланысы жайында өз пікірлерін білдірген болатын. Әзербайжанның халық жазушысы Анар Рзаев түбі бір түркі жұрттарының қарым-қатынас тарихы тым тереңде жатқанын айтады. «Сондықтан біздің елімізде Қазақстан Республикасы Мәдениет күндерінің өтуі тегіннен-тегін емес. Мен өзім осы іс-шара аясында ұйымдастырылған гала-концертке арнайы қатыстым. Қазақ өнерпаздарының орындауындағы туындылар ерекше әсер қалдырды. Олар тек қазақтың емес, әзербайжанның да халық әндерін нақышына келтіре орындады. Осы кеш барысында атап өтерім, баяғыда өзіме етене таныс Роза Рымбаеваның әні ерекше көңілімнен шықты. Сахнаға шыққан өнерпаздардың дауыстары да, шеберліктері де жоғары деңгейде екенін паш етті. Жалпы мен өзім көп жылдан бері Қазақстанмен, қазақ бауырларыммен байланысымды үзбей келемін. Менің бірнеше кітабым қазақ тіліне аударылды. Осы жылдың басында ғана «Бес қабатты үйдің алтыншы қабаты» деп аталатын романым Қайнар Олжайдың аудармасымен жарық көрді. Ал оған дейін Берік Шаханұлы «Ақ жағалау» атты хикаятым мен бірнеше әңгімемді қазақша сөйлетті. Сонымен қатар өзім де бұған дейін әзербайжан баспасөзінде қазақтың ұлы тұлғалары Абай Құнанбайұлы, Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов туралы мақалалар жазып, жергілікті көзі қарақты жұртшылыққа таныстыруға үлесімді қостым. Бұның бәрі тарихы, тілі, діні, дәстүрі жағынан бір туған бауыр болып келетін қазақ және әзербайжан халықтарының қарым-қатынасы алдағы уақытта да нығая беретініне терең сенім ұялатады. Келесі жылы Қазақстанда Әзербайжан Республикасының Мәдениет күндері өтеді екен. Бұның өзі екіжақты байланыстың келешегі жарқын екенін айшықтаса керек», деді ол.

Ал Әзербайжан ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Иса Габиббейли Әзербайжанда өткен Қазақстан мәдениетінің күндері біздің халықтарымыз бен бауырларымыз арасындағы көпғасырлық тарихи-мәдени байланыстардың тәуелсіздік жылдарындағы қайта жаңғыруы мен дамуы тұрғысынан өте маңызды іс-шара саналатынын атап өтті. «Бұл күндер бауырлас елдің көне де бай мәдениетінің, әдебиетінің және өнерінің үлкен мүмкіндіктері мен жоғары деңгейін көрсетіп берді. Мәдениет күндерін қорытындылаған гала-концертте Қазақстан Республикасының белгілі әртістері әзержайжан әндерін әзербайжан тілінде орындап, бұл біздің халықтарымыздың бірлігі мен ынтымағының үлкен мерекесі екенін дәлелдеді.

Қазақстанның мәдениет күндері келешекте біздің халықтарымыз бен мемлекеттеріміз арасындағы байланыстар бұрынғыдан да берік бола беретініне кепіл бола алады. Соңғы жылдары Әзербайжан Респуликасының Президенті Ильхам Әлиев пен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мұрындық болуымен жүзеге асып жатқан айнымас бірлік пен ынтымақ үлгісі біздің тәуелсіз елдеріміз арасындағы жақындасу мен өзара ынтымақтастықтың кең келешегі мен көкжиегін ашып отыр. Қазақстанның және қазақ халқының үлкен жетістіктерге жетіп, тұрақтылық пен дамудың жолында алға баса беруіне тілектеспін», деді ол.

«Біз бір үлкен ағаштың бұтақтарымыз, тамырымыз бір, тіліміз бен дініміз жақын. Каспий теңізі – екі халыққа ортақ айдын. Ортамызда Каспий жатқанымен, арамыздан су өтпейді...», деген АР Мәдениет министрлігі Қоғамдық кеңесі төрағасының орынбасары, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әкбәр Қошалы әзербайжан мен қазақ халықтарының достығына тарихтан мысалдар келтірді. «Жүз жыл бұрын Қазақстанның Алаш Орда қозғалысы мен Әзербайжан Республикасы бір мақсатта жұмыс істеді. Кеңес заманында Дінмұхаммед Қонаев пен Гейдар Әлиевтің достығы көпке үлгі еді. Осы орайда 1986 жылы КОКП Орталық комитетінде Геннадий Колбиннің Қазақстанға басшы болып баруына қарсы дауыс берген бір ғана адам Гейдар Әлиев болғанын айта кеткім келеді. Өздеріңіз білесіздер, Колбиннің Қазақстанға келуі әйгілі Желтоқсан оқиғасына ұласып, Алматыда қазақтың қаны төгілген болатын.

Бүгінде Ильхам Әлиев пен Қасым-Жомарт Тоқаевтың достығы мен бауырластығы әзербайжан-қазақ достығының да жаңа деңгейге көтерілуіне септігін тигізіп жатыр. Әзербайжандағы Қазақстанның Мәдениет күндері бұл бауырмалдықты одан әрі нығайта түсті. Әзербайжанның өнерпаздары Каспийдің арғы жағынан келген бауырларының жаңа көркем жетістіктерімен және мәдени мұраға деген жаңаша сындарлы көзқарасымен танысты. Біз тәуелсіздік деп аталатын қасиетті ұғымның қазақ халқының мәдени өмірін байыта түскеніне тағы бір көз жеткіздік. Алдағы уақытта да қазақтың Мағжан Жұмабай, Ахмат Байтұрсынұлы, Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айберген сынды дарынды тұлғаларының есімдері мен шығармашылығы біздің халықтардың мәдени байланысы мен бауырластық бірлігіне дәнекер бола беретінін сенеміз», деп пікір білдірді ол.

«Қазақстанның Мәдениет күндері әсем Бакуде дүркіреп өтті десек артық айтқан болмас едік», дейді Қазақстанның Әзербайжан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Әлім Байел. Ол бұл іс-шаралар легі пандемиядан кейін Әзербайжанда осындай деңгейде өткен алғашқы Мәдениет күндері екенін атап өтті. «Әзербайжандық тараптың қазақ суретшілерінің көрмесі мен өнер шеберлерінің гала-концерті үшін Бакудың ең беделді орны саналатын Г.Әлиев атындағы орталықтың концерттік залын ұсынуы мен жалпы жан-жақты қолдау көрсетуі біздің елге деген ерекше ықыластың белгісі болды. Мәдениет күндері аясында өткен іс-шараларға Әзербайжан Парламентінің төрағасы, министрлер, Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы, депутаттар, шет мемлекеттердің елшілері, халықаралық ұйымдардың басшылары, көптеген көрнекті қоғам, мәдениет, ғылым және өнер қайраткерлерінің қатысуы бірлікке бастаған күндердің жоғары деңгейін айшықтай түсті. Сол күндері Бакуды баураған қазақ мәдениеті мен өнері туралы Әзербайжанның бұқаралық ақпарат құралдарында да көптеген мақалалар, репортаждар мен бейнесюжеттер жарияланды», деді ол.

Әлім Байел бүгінде қазақ-әзербайжан ынтымақтастығы барлық салаларда қарқынды дамып келе жатқанын айрықша атады. Оның айтуынша, бұған мемлекет басшыларының арасындағы тығыз саяси диалог берік негіз болып отыр. «Елдеріміз өздері үшін ғана емес, өңір үшін маңызды жобаларды бірге жүзеге асырып келеді. Олардың арасында Шығыс пен Батысты жалғаған Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту, Қазақстан мұнайын Әзербайжан арқылы тасымалдау, Каспий теңізінің түбімен балама интернет желісін тарту сияқты ірі жобалар бар. Биыл мемлекеттеріміз арасында алғаш рет әскери-теңіз жаттығулары өтті. Дегенмен, халықтарымызды жақындастыратын мәдени-гуманитарлық байланыстардың орны бөлек. Сондықтан ортақ түркілік табиғатымыздың қыр-сырын туысқан әзербайжан халқына таныстыра беретін осындай игі шаралар әрі қарай да жалғасын табады. Осы ретте Мәдениет күндерін тамаша ұйымдастырған қос министрлігіміз бен өнер иелеріне айрықша алғысымды айтқым келеді», деп сөзін түйіндеді елші.