Артем Кероков Атырау қаласындағы №17 мектеп-лицейінің 7-сыныбында оқиды. Нумизматикаға аңсары ауған оқушының қорында 1993 жылы қолданысқа енгізілген теңгенің алғашқы нұсқалары сақталған. Әкесі Сергей де әр елдің ақшасын жинап жүр.
«Алғашқы жинаған банкнотым – 30 жыл бұрын шығарылған 100 теңге. Бұл банкнотта қазақ ханы – Абылайдың портреті бейнеленген. Оны әкем туған күніме сыйлаған еді. Сол себептен оны ең қымбат банкнот деп есептеймін. Содан бері әр елдің ақшасын жинай бастадым. Қазақтың ұлы тұлғалалары Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбайұлы, Құрманғазы Сағырбайұлы, Сүйінбай Аронұлы, Әбілқайыр хан бейнеленген теңгелер, Еуропа, Африка, Оңтүстік Африка, оның ішінде Тринидад және Тобаго, Эритерия, Джибути секілді 80 мемлекеттің банкнотын жинадым», дейді Артем Кеорков.
Ол бос уақытын өзі жинаған ақшаларды зерттеуге арнайды. Өйткені валютасынан әр елдің тарихы мен мәдениетінен, тіпті табиғатынан ақпарат алуға болады.
«Бәрінен еліміздің ұлттық валютасы – теңгенің жөні бөлек. Теңгенің дизайнын ұнатамын. Әкем екеуміз шағын көрме ұйымдастырып, қатысушыларға теңгенің тарихы, құндылығы туралы әңгімелейміз. Еліміздің әр өңірінде монеталармен алмасатын достарым бар», дейді Артем Кеорков.
Атырау облысы