Жаңа туындыға әлемнің жартысын билеген Әмір Темір мен Түркістандағы тайқазанның тарихы арқау болмақ. Режиссер бұл фильмді халықаралық мегажоба болатынын айтты. Осыған орай баспасөз мәслихатын өткізіп, алдағы түсірілімнің құпиясымен бөлісті. Ал фильмде тарихи қателіктер болмас үшін, сол заманның келбетін көрсету үшін белгілі тарихшы Бауыржан Байтанаев, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Қырым Алтынбеков сынды азаматтар кеңесшілік қызмет атқарады. Яғни режиссер білікті мамандардың нұсқауына арқа сүйейді. Сонымен бірге ресейлік, қытайлық, ирандық ғалымдар да фильмнің түсіріліміне атсалысады.
Режиссер жаңа туынды талай ұрпақтың рухани азығына жарайтын мұра ретінде тарихта қалатынын айтты. Әрі ол өзінің мегажобасын бағасы қымбат қолөнер бұйымына теңеді. Сондықтан нағыз шебердің қолынан шыққан дүние жасау үшін әрбір ұсақ-түйекке мән беретінін мәлімдеді. Режиссер көркемфильм сюжеті жаумен алысқан кезекті тарихи шығармаға құралмайтынын баяндады. Яғни фильмде найза түйреп, қылышымен айқасқан, атқа қонған батырлардың құйындата шапқан көріністері аз болады. Оның орнына режиссер Әмір Темірдің ішкі жан дүниесіне көбірек үңіледі, оның рухани айқасқа түскен ішкі әлемін сыртқа шығаруға тырысады. Сонымен қабат әміршінің әскери жорықтарынан бұрын мәдениетке, өркениетке қосқан үлесін ашып көрсетеді. Соның жарқын бір көрінісі – тұтқынға түскен Иран қолөнершісіне тайқазанды құйдыруы. Әлбетте фильмде ирандық қолөнершіге жәрдемші болған қазақ тайпалары да басты кейіпте көрінеді. Дегенмен режиссер көркем туындыға тым саяси реңк бермейтінін, сол дәуірдің шынайы бейнесін тарихи әділеттілікті сақтай отырып көрерменнің көз алдына әкелетінін айтты. Жалпы, бұл кино тарихи-оқиғалы жанр негізінде бейнеледі.
Бүгінгі таңда түсірілім тобының алдында тұрған ең маңызды мәселе, ол – қаражат. Өйткені сюжетке бай, техникалық жағынан күрделі тарихи фильм түсіру арзан тұрмайды. Режиссердің бағалауынша, фильм бюджеті 5-10 млн АҚШ доллары шамасына барады. Бұл қаражаттың жартысына жуығы актерлердің, басқа да түсірілім тобы мүшелерінің айлық жалақысына кетеді. Негізінен фильм түсіру жұмысы Түркістанда, тайқазан құйылған тарихи жер – Қарнақта, Сайрам елді мекенінде, Шымкент қаласында жүргізілмек. Сондай-ақ 1399 жылы Әмір Темірдің Үндістанға жасаған жорығына байланысты үнді жерінен де кейбір эпизодтар түсіріледі. Түркістан облысының әкімдігі алғашқы дайындық кезеңі барысында қаржылай қолдау көрсетуге уәде берген. Бірінші кезеңге кейіпкерлердің бейне тестілерін жүргізу, болашақ түсірілім нысандарын дайындау, бірнеше эпизод түсіру, қосымша зерттеу жұмыстары кіреді. Алайда фильмнің кейінгі жұмыстарына қатысты әкімдікпен қандай да бір нақты келісім әлі болмағанға ұқсайды. Осы ретте режиссер әлбетте қаражатты шетелден де табуға болады, алайда жаңа фильм тұтастай өзіміздің отандық туынды болғанын қалаймын дегенді айтты.
Режиссер мәлімдегендей, қазіргі уақытта халықаралық мегажобаға инвесторлар іздеу жұмыстары жүріп жатыр. Әсіресе шетелдік қорлар тарапынан үлкен қызығушылық бар екенін баян етті. Дегенмен фильм иесі, жоғарыда атап өткеніміздей, көркем туынды таза отандық жоба ретінде танылса деп армандайды.
«Бұл – ортағасырлық Түркістан туралы әлемдік деңгейдегі бірегей туынды, халықаралық мегафильм жобасы. Сондықтан оның кино тарихында кейінірек классика болып қалатынына сенімдімін. Жаңа көркем туынды жобасына шетелдік, отандық кино жұлдыздар, өзге де танымал киноиндустрия өкілдері қатысады. Халықаралық түсірілім тобы Қазақстан, Еуропа және Ресейдің үздік мамандарынан құралады. Өз кезегінде фильм тәрбиелік қызмет атқарумен қатар, қасиетті Түркістан қаласының, тұтастай облыстың, күллі республиканың атын әлемге шығаратын көркем жарнама қызметін қоса атқарады. Келешекте осы туындының арқасында елімізге туристер көп тартылады деген үміт бар. Себебі киноны тамашалаған көрермен әлемнің қай түкпірінде өмір сүрсе де, тарихи оғиғалар өрбіген жерді көзбенен бір көріп қайтуға талпынады. Осылайша, мегажоба Қазақстанға деген қызығушылықты оятуға, елімізді дүние жүзіне басқа да қырларымен таныта түсуге септігін тигізеді деген сенім басым», деді режиссер.
Сондай-ақ Сергей Дворцевой фильм түсіру барысындағы кейбір нәзік иірімдерге де тоқталды. Мәселен, актерлердің киімі экранның ар жағынан сол заманның шынайы киімі болып көрініп тұруға тиіс. Көптеген тарихи кинолардағы қателіктің бірі осы киім мәселесіне келіп тіреледі. Режиссер осыған қатты мән беретінін жеткізді. Оның айтуынша, актерлер тарихи образда болғанмен, үстіндегі киімдері бүгін ғана тігілген жап-жаңа күйінде тұрады. Бұл көркем туындының тарихи шынайылығын тіптен төменге түсіріп жіберетін сәт деп санайды режиссер. Сондықтан актерлердің киген киімдері әралуан болған жөн. Сонымен бірге ол тарихи фильмде актерлер көне шағатай тілінде және қазақ тілінде сөйлейтінін жеткізді. Сол себепті қазіргі таңда актерлер ескі шағатай тілін үйреніп жатқанға ұқсайды. Жалпы, тіл мәселесі де тарихи туындының көрермен сенімін арта түсу үшін маңызды рөл ойнайтыны белгілі.
«Әмір Темір тайқазанды құйған қолөнерші тұтқынды Иранның Тебриз деген жерінен әкелген. Ол аймақта ирандықтармен бірге армяндар да, грузиндер де, әзербайжандар да тұрды. Сондықтан тұтқынды қай тілде сөйлету мен үшін де әзірге қиын таңдау болып тұр», деді режиссер.
ШЫМКЕНТ