Қазір кәсіпорынның бүкіл қарызы өтеліп, цехтар жөнделіп, кабинеттер ретке келтіріліп, терезелер ауысып, желдеткіштер орнатылған. Сондай-ақ жаңа тігін машиналарын да сатып алды. Кәсіпорынның негізгі бағыты – арнайы киімдер. Бұл ретте шаһардағы титан-магний комбинаты, «Өскемен өнеркәсіптік арматура зауыты», «Каравай» нан зауыты, «Регистан» қоғамдық тамақтану желісі, «InVivo» зертханасы «Рауан» ӨСК-нің тікелей тұтынушыларына айналған. Кәсіпорын негізінен өндірістің әр алуан түріне арналған арнайы киімдер, транспорт құралдарына арналған қаптамалар, бронежилет қаптамалары, перде, асүй қолорамалдары, басқа да тоқыма бұйымдарын тігеді.
«Біз әрқашан ел игілігіне жұмыс істегіміз келеді. Пандемия кезінде де қызметкерлер ешқандай демалыссыз бетперде, халат, дәрігерлерге арналған костюм тігумен айналысты», дейді кәсіпорын басшысы.
Әлия Адамованың негізгі мамандығы – педагог. Сондықтан болар жастарды оқытуды жаны қалап тұрады. Кәсіпорын жанынан ашылған оқу орталығы әлеуметтік осал топ санатынан шыққан қыз балаларға тігін шеберлігін үйретеді. Сондай-ақ Жұмыспен қамту орталығымен де тығыз қарым-қатынас орнатыпты. Орталық мұнда «Жастар тәжірибесі» және «Алғашқы жұмыс орны» жобалары бойынша жұмыссыз азаматтарды жіберіп отырады. Қазір фабрикада 23 адам жұмыс істейді. Оның үшеуі – мүмкіндігі шектеулі жандар.
«Біз – әлеуметтік жауапкершілікті сезінетін кәсіпорынбыз, сондықтан кім-кімге де есігіміз ашық. Мәселен, жақында ғана бір қызбен келісім жасастық. Маркетплейске шыққаннан кейін ол интернетке қатысты жұмыстарды жүргізумен айналысады», дейді Ә.Адамова.
Міне, осы жерде тақырыпқа қойылған ой тізбегін әрі қарай тарқататын сәт келген секілді. Кәсіпорын биылдан бастап ерекше бастаманы қолға алды. Енді «Рауан» кәсіпорны даму ерекшелігі бар балаларға арналған киімдерді тігіп, нарыққа шығаруға кірісті. Ә.Адамованың айтуынша, елімізде бірде-бір кәсіпорын ерекше балаларға арнап киім тікпейді, ал сұраныс деген тым жоғары. Сау балаларға кез келген типтегі киімді оңай табуға болады, ал ерекше балалардың жағдайын кім ойлайды? Біз осы олқылықтың орнын толтырғымыз келді дейді кәсіпкер.
«Біз біраз уақыт бұрын «аутизм», «церебралды сал ауруы» диагнозы бар балалармен жұмыс істейтін «Мархабат» орталығының қызметкерлеріне (тәрбиеші, педагог, қызмет көрсетуші персонал) арнап киім тіккен едік. Ал ол қызметкерлердің барлығы дерлік – ерекше балалардың аналары. Сол кезде олар «менің балама арнап арнайы киім тігіп бере аласыздар ма?» деп бізге өтініш қыла бастады. Олар мұндай киімді сатып ала алмайды. Себебі қымбат. Мәселен, арнайы киімдер Қазанда тігіліп, сатылады. Бірақ бағасы біздікінен үш есе жоғары. Біздің бағамыз да қолжетімді, сапамыз да ресейлік киімнен жоғары. Расымен, сол балалардың өздеріне бейімдеп неліктен киім тікпеске деп ойланып қалдық. Көп ұзамай, қолға алдық. Алғашқы топтаманы балалардың өзіне тегін тарту еттік. Мұндай көмекті ішінара әлі күнге жалғастырып келе жатырмыз. Біз расымен көмектескіміз келді. Ата-аналармен ақылдасып, олардың қажеттіліктерін анықтап барып осы іске кірістік», дейді.
Әлияның айтуынша, өз бетінше киініп, қимылдай алмайтын балалар үшін бұл киімдер топтамасы өте ыңғайлы болмақ. Әсіресе ерекше балаларды күзгі және қысқы маусымда киіндіру біршама қиындық тудырады.
«Өйткені қазіргі шығарылып жатқан киімдер ол балалардың қажеттіліктерін ескермейді. Біздің мамандар бейімделген топтаманы әзірлеп шықты. Киімдер толықтай сырмамен жабдықталған. Бастан аяққа дейін жапсырмалы түймелер қадалған. Тіпті памперсті ауыстыру үшін де бүкіл киімді қайта шешу қажет емес. Сондай-ақ матаның 80-90 пайызы мақтадан тұрады, бұл баланың дұрыс тыныс алуына және айналасынан еш қымсынбай қимылдауына мүмкіндік береді. Іші жылы, қыстық аяқкиімдеріміз де бар. Балалардың қолдануына аса ыңғайлы арнайы қолғаптар шығаруды да ұмытқан жоқпыз. Бұл балалардың қоғаммен араласып, әдемі, киімі жарасымды болып жүргенін қалаймыз. Сол себепті осы топтаманы ерекше ықыласпен, ерекше махаббатпен дайындап жатырмыз», дейді маман.
Фабриканың алға қойып отырған мақсаты айқын әрі ауқымды – олар еліміздегі ерекше қажеттілігі бар әр баланы қамтамасыз етуді қалайды. Балалардан бөлек, дамуында ерекшелігі бар жастар мен ересек адамдар үшін де арнайы киімдерге тапсырыс қабылдай бастапты. Бұл да – қуантарлық бастама.
«Ерекше балаларға арналған киімдерге деген сұраныс тым көп. Біз қаламызда осыншалықты көп ерекше бала тұрады деп ойламаған да екенбіз. Ал бүкіл ел бойынша олардың саны қанша десеңізші. Өкінішке қарай, ешқандай мемлекеттік қолдау алып отырған жоқпыз. Сондықтан болар, киімдерімізді айналымға түсіру, көпшілікке таныту да біршама қиынға түсіп жатыр. Қазан айында көрме болып, сол кезде облыс әкімі біздің киімдерімізге назар аударды. Тіпті мұндай киімдерді сату ісін жолға қою бойынша тапсырма да берген еді. Өйткені мұндай балалар жекелеген отбасыларда ғана емес, балалар үйінде де өте көп қой», дейді кәсіпкер.
Балаларға арналған киімдерді ерекше балалардың аналары тігеді дедік қой. Соның бірі – Айтолқын Мұқашева. Ол өзі осы фабрикада және «Мархабат» орталығында тәрбиеші болып жұмыс істейді.
«Менің балам – 5 жаста, ол сөйлемейді, әлеуметтен жырақ, шағын моторикасы зақымданған. Сондықтан оған өз бетінше киіну қиын. Әдеттегі киімдегі сырмалар өте кішкентай, ашып, жабуға біраз қиналады. Ал әрбір ата-ананың мақсаты – баласын өз бетінше әрекет етуге үйрету. Әлия Маратқызы балаларымызға арнап киім тігуге ұсыныс жасаған кезде өте қатты қуандық. Біздің барлық ұсынысымыз ұсақ-түйегіне дейін ескерілді. Ол ұсыныстар сырмалардың өлшемі, қалталардың орналасуы, материал таңдауға да қатысты болды. Сонымен қатар біздің балалар киім түсіне де ерекше сезімталдықпен қарайды. Көбіне біркелкі, қарапайым түстерді ұнатады. Бұл да ескерілді», дейді ол.
Кәсіпорын айрықша ынтымақтастық орнатқан «Мархабат» түзету балабақшасының жетекшісі Жанна Тукубаева осындай керемет және әлеуметтік маңызы бар жобаға қолдау жасағанымызға қуаныштымыз дейді.
«Рауан» ЖШС-мен таныстығымыз бен ынтымақтастығымыз біздің қызметкерлерге арнайы біркелкі киім тігуге тапсырыстан басталған еді. Олар сапалы матадан ыңғайлы етіп, уақытылы тігіп берді. Балабақшамызда тірек-қимыл қозғалысы бұзылған, жүйке-психикалық ауытқуы бар 80 бала тәрбиеленіп жатыр. Ата-аналарымыз Әлия Маратқызының бастамасымен қолға алынған ерекше балаларға бейімделген киім тігу жобасы аясында киімдердің үлгісін бірлесе жасауға атсалысты», дейді орталық басшысы.
Кәсіпорын тұтынушысының бірі саналатын Demey сауықтыру орталығының басшысы Мәдина Әуренова да – ерекше баланың анасы.
«Ә.Адамова мен оның ұжымына ерекше қажеттілігі бар балаларға арнап арнайы киімдер тіге бастағаны үшін алғысымды білдіремін. Церебралды сал ауруына шалдыққан балаларға киім табу да, киіндіру де оңай емес. Бұрын тек Ресей, АҚШ, Еуропадан ғана тапсырыспен алдыруға болатын еді. Енді өзіміздің Өскеменнен табатын болдық. Киімдері өте жеңіл әрі жылы», дейді ол ерекше алғысын білдіріп.
Кәсіпорын басшысының айтуынша, қойма қазір мұндай киімдерге сықай толып тұр. Тек жарнамасы жетіспей жатқандықтан, көпшілікке тарала қоймады. Әйтпесе ел аумағында тап осындай киімге мұқтаж болып отырған отбасылар қаншама. Әзірге тапсырыс Қостанайдан ғана келіп жатыр екен.
«Маркетплейске мүлде шыға алар емеспіз. Қазір осы мәселе бойынша келіссөз жүргізіп жатырмыз. Жуық арада арнайы қосымшаларға шығу бойынша нәтиже болып қалар. Ozon-мен де келіссөз бастадық. Бірақ бұл ресейлік алаңқай болғандықтан, отандық өндірушілер үшін аса тиімді бола қоймайтын сияқты. Тиісті маркетинг жұмыстары жүргізілгеннен кейін біз туралы бүкіл Қазақстан біледі, сол кезде киімдерімізге деген сұраныс та көбейеді деген ойдамыз. Ерекше балалар қауымдастығының директорымен де кездесіп, қолдау жайлы айттым. Ол еңбегімізді бағалап, көмектесетінін жеткізді», деді Ә.Адамова бізбен әңгімесін түйіндеп.
Көңіл шіркін қай баланың да ауырмағанын тілейді ғой. Бірақ еліміз бойынша ерекше қажеттілікпен өмір сүретін 98 мыңнан аса бала бар екенін статистика растайды. Қазір оларды емдеу мәселесі өткір тұр. Осыншама баланың киіну мәселесіне қолғабыс еткелі отырған кәсіпорынның игілікті бастамасы қолдауға, жария етіп таратуға тұрарлық.
Қазір кәсіпорын маусымдық және қыстық киімдерді тігумен айналысып жатыр. Олардың ішінде боди, спорттық костюмдер, комбинезондар бар.