Экономика • 12 Желтоқсан, 2023

Инвесторлар келесі жылдан бастап үш жылға салықтан босатылады

144 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімінде инвесторлар келесі жылдан бастап үш жылға салықтан босатылатынын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Инвесторлар келесі жылдан бастап үш жылға салықтан босатылады

«Мен жуырдағы Жолдауымда 2029 жылға қарай ұлттық экономика көлемін екі есе, яғни 450 миллиард долларға дейін ұлғайту жөнінде маңызды міндет жүктедім. Бұл міндет – бос қиял емес, Үкіметтің мұқият есептеген іс-қимыл жоспары. Оны орындау үшін жаңа инвестициялық циклді іске қосу қажет. Ол ел экономикасының маңызды элементіне айналады.

Өткен аптада мен Инвестиция тарту жұмыстарының тиімділігін арттыру туралы Жарлыққа қол қойдым. Енді Инвестициялық штабтың жұмысы жобаларды уақытылы және кедергісіз жүзеге асыруға бағытталады. Штабқа заңды күші бар, уақытша нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу құқығы берілді. Оған шешімдер қабылдауға құзырет беру аса маңызды. Оны мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар міндетті түрде орындауы керек. Мұндай шаралар еліміздегі инвестициялық климатты жақсартуға ықпал етуді көздейді. Бұл жұмыс Инвестициялық штабтың барлық мүшесіне жеке-жеке жауапкершілік жүктейді», деді Мемлекет басшысы.

Бұдан соң ол өңдеу секторына қаржы салатын инвесторлар келесі жылдан бастап үш жылға салықтан босатылатынын еске салды.

«Жалпы, инвестиция тарту ісінде «бюрократияға мүлде жол жоқ – барынша нақты іс-әрекет» қағидаты басшылыққа алынуы қажет. Қолға алынған істің нәтижесі мемлекеттік аппараттың жіті назарында болуға тиіс. Өздеріңізге мәлім, менің тапсырмама сәйкес, өңдеу секторына қаржы салатын инвесторлар келесі жылдан бастап үш жылға салықтан босатылады. Бұрын-соңды мұндай жүйелі шаралар болмаған әрі оның шешуші сипаты бар. Әйтпесе, инвестиция үшін өте жоғары халықаралық бәсекелестік қалыптасып тұрған жағдайда көздеген мақсатқа қол жеткізу қиынға соғады», деді Президент.