Президент • 12 Желтоқсан, 2023

Президент: «Қазақстанда жасалған» деген таңба брендке айналуы керек

144 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан өзге елден үйренетін емес, үйретуші мемлекетке айналғанда ғана  іргесі беки түседі. Тұтынушы елден гөрі өндіруші мемлекет болғанда ғана әлеуетіміз арта түспек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлығының иегерлерін марапаттау рәсімінде осыған назар аудару қажеттігін баса айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақордаға сүйеніп. 

Президент: «Қазақстанда жасалған» деген таңба брендке айналуы керек

aqorda_resmi

«Біз үйренетін ғана емес, үйрететін ұлт болуымыз керек. Тұтынатын емес, өндіретін мемлекет болуымыз қажет. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін. «Қазақстанда жасалған» деген таңба ең мықты сапаның, ең жақсы өнімнің белгісіне айналуға тиіс. «Алтын сапа» байқауының басты мақсаты – осы. Сонымен бірге, бизнес өкілдері халық алдындағы жауапкершілікті терең сезінуі керек. Адал азамат өз жағдайын ғана жасамайды. Ол туған ауылының немесе өзі жұмыс істеп жатқан аймақтың қамын да ойлайды. Мұндай кәсіпкерлер көпшіліктің қолдауына және алғысына ие болады. Шын мәнінде, туған елдің ықыласынан артық марапат жоқ. «Парыз» байқауына қатысушылар биыл түрлі әлеуметтік жобаға белсене атсалысты. Қайырымдылыққа 80 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсады. 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашты», деген Қ.Тоқаев табысын көппен бөлісіп, қайырымдылыққа жұмсаған атымтай-жомарт азаматтар қашанда жоғары құрметке лайық екенін айтты.