Аймақтар • 13 Желтоқсан, 2023

600 шақырым жол жөнделеді

142 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстанда «Жол жылы» аясында, яғни 2024 жылы 600 шақырым жол жөнделеді. Аймақта алдымен транзиттік бағыттарға, шекара маңындағы аудандар мен туристер қатынайтын жолдарға баса назар аударылмақ.

600 шақырым жол жөнделеді

Суретті түсірген – автор

Биыл Шығыста 7,7 млрд теңгеге 392 км жол жөнделсе, келер жылы жол­дың жағдайын жақсартуға бөлінетін қар­жы екі есеге көбейтіліп, 15 млрд теңгеге 600 километр жол жөнделеді. Шығыс Қазақстан облысының жолау­шы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұма­діловтің айтуынша, 2024 жылы республикалық бюджеттен бөлінген 7,7 млрд теңгеге қоса облыстық бюджеттен тағы 7,5 млрд теңге шамасында қаражат бөлініп, облыстық және аудандық ма­ңыз­дағы жолдарды орта жөдеуден өткі­зу­ге жұмсалмақ.

Бұдан басқа «Ауыл – ел бе­сігі» бағ­дар­ламасы бойынша қа­растырылған, аудан­дар мен қалалар бюджетінен бөлі­не­тін және жолдарды күтіп ұс­тау­ға бөлінетін 13 млрд теңге көле­мін­дегі қаржыға облыс, аудан көле­мін­дегі және елді ме­кен­дердің жолы орта жөндеуден өтіп, об­лыста жергілікті жолдарды жөндеуге барлығы 28 млрд теңге ақша жұмсалады. Алдағы жылы әр ауданға 800-900 млн теңге бөлініп, оның жартысына жуығы аудан орталықтарының көшелерін ас­фаль­т­­тауға бағытталады.

Облыстағы автокөлік жол­да­ры­ның жалпы ұзыдығы – 5 265 км. Оның ішінде республикалық маңызы бар жол – 1238 км. Өңір­дегі жолдарды, оның ішінде кірме жолдарды жөндеуде жер­гі­лік­ті тұрғындардың жолдардың сапасына қатысты айтылып келе жатқан сыны ескеріліп отыр. Көзделген қаржыны игеру үшін жобалық-сметалық құжат­та­ма­ларды дайындау жұмыс­та­рын мерзімінде жүргізу қажет. Құзырлы ұйымдар жол жөндеу жұмыстарының сапасын бақылап отырмақ.

Облыста жол жөндеу жұмыс­та­ры «Жол жылымен» аяқталып қалмақ емес. Ав­томобиль жолдары комитетімен бірлесіп, 2029 жылға дейін жүзеге асырылатын негізгі басым жобалардың тізбесі әзірленуде. Шығыста жалпы құны 392 млрд теңге болатын ұзындығы 684 шақырым жолды қайта жаңарту және күрделі жөн­деу­ден өткізуге 7 жоба таң­далып отыр.

Бүгінгі күні облыстағы ірі инфрақұ­ры­лымдық жобаларды іске асыру одан әрі жалғасып жатыр. Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысы бо­йынша 27,4 млрд теңге иге­ріл­ген. Жобаның жал­пы құны – 61,4 млрд теңге. 21 көпір тіре­гі­нің 11-і орнатылып, 7 көпір тіре­­гінің жұмысы жалғасуда. Кө­пір ара­лық­тарының 20 металл конс­трук­ция­сы­ның 14-і Ресейдің Қорған қаласында да­йындалып, учас­кеге жеткізілген. Олар­дың алтауы орнатылған. Ел күтіп жүр­ген көпір келер жылдың аяғын­да техникалық тұрғыда іске қосылып, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында пайдалануға беріледі.

Облыста республикалық ма­ңызы бар Қалбатау – Майқап­ша­ғай автомобиль жолдарын қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр (барлығы – 415 км, Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 218 км, орындалғаны – 211 км, қалғаны – 7 км). Жолаушылардың төзімін тауысқан Талдықорған – Қалбатау – Өскемен ба­ғы­ты (бар­лығы – 454 км, Шығыс Қазақ­стан облысы бойынша 60 км) бойынша жолдың Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы бөлігі толық жөнделіп біткен. Абай облысы бөлігінде жөндеу жалғасып жатыр. Дегенмен қазір Аягөз, Жарма, Үржар аудандары тұсындағы айналма жолдар алынып, ол жақта да көліктер ішінара асфальт жолмен жүріп жатыр. Бірнеше рет кейінге шегерілген Талдықорған – Қалбатау –Өскемен ба­ғы­тын­дағы жол жөн­деу жұ­мыс­тары түзе­тілген жоба бойынша келер жылы аяқ­талуға тиіс.

Бірнеше жылға созылып, салынып бітпей келе жатқан Осинов асуын айналып өтетін Өскемен – Алтай – Рахман қайнары автожолын қайта жаңарту (56-72 км учаскесі) бойынша мердігер болып биылғы сәуір айында «Kurylys Group RK» ЖШС анықталған. Жолды енді осы компания салып шықпақ. Келісімшарт жасалған.

2024 жылға 5 млрд теңге қарас­ты­рыл­ған 72-88 км учаскесі бойынша ЖСҚ түзету жалғасуда (ЖСҚ түзетуді аяқ­таудың бол­жам­ды мерзімі 2024 жыл­дың шілдесі). Сонымен қатар биыл республикалық маңызы бар Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Рахман қайнары авто­көлік жолын­да орналасқан төрт кө­пір­ге күрделі жөндеу жұмысы жүр­гі­зіліп жатыр. Көпірлерді жөндеу келер жылы аяқталады.

 

Шығыс Қазақстан облысы