Үкімет • 13 Желтоқсан, 2023

Сот жүйесін реформалау талқыланды

173 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайылов Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакировпен кездесіп, сот жүйесін реформалау жөніндегі заңнамалық түзетулердің екінші блогын талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сот жүйесін реформалау талқыланды

Фото: primeminister.kz

Бұған дейін Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиев Мемлекет басшысына ұсынылып отырған жаңашылдықтар туралы баяндаған еді.

«Түзетулерді Сенат алаңында арнайы құрылған жұмыс тобы әзірледі. Өзгерістер «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға, процестік кодекстерге, сондай-ақ бірқатар арнайы заңдарға енгізіледі. Жоғарғы Сот төрағасы ұсынған негізгі жаңашылдықтардың бірі – қылмыстық және азаматтық істер бойынша кассациялық өтінішхаттарды алдын ала қарауды алып тастау. Заң жобасы сондай-ақ Сот алқасының және Сот төрелігі сапасы жөніндегі комиссияның жұмысын жетілдіруге, судьялардың тәуелсіздігін күшейтуге бағытталғаны» жазылған ақпаратта.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында апелляциялық немесе кассациялық сатыдағы сот актісінде көрсетілген өрескел бұзушылықтардың барлық фактісі бұдан былай бірден Сот алқасына жіберілетін жаңа механизм енгізілмек.

Сондай-ақ бағалау көрсеткіштерінің саны оңтайланады, отставкадағы судьялар үшін әлеуметтік пакет жақсарады, мемлекеттік қызметкер болып табылмайтын заңгерлер үшін Сот төрелігі академиясында оқу қолжетімді болмақ. Н. Ахметзакиров заң жобаларын іске асыру бюджеттен қосымша қаражат бөлуді талап етпейтінін атап өтті. Шығындар ел Президентінің тапсырмасы бойынша енгізілген сот жүйесін (барлық мемлекеттік органдар шығындарының жалпы сомасынан кемінде 6,5%-ы) қаржыландырудың жаңа моделі аясында жүзеге асырылады.

Конституцияның 61-бабына сәйкес енгізілген түзетулер бойынша қабылданған Үкіметтің оң қорытындысы Мәжілісте заң жобаларына одан әрі бастамашылық жасау үшін Парламент депутаттарына жолданады.