Қоғам • 13 Желтоқсан, 2023

Ескірген қазандықты елу жылдан бері пайдаланып келеміз – депутат

94 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерлан Саиров  Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдап, қыстың көзі қырауда жылу жүйесіндегі ақаудың жыл сайын орын алатынын сынады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ескірген қазандықты елу жылдан бері пайдаланып келеміз – депутат

Фото: mazhilis_kz

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке  еліміздің  тұрғындарын тұрақты жылумен қамтамасыз ету бойынша нақты  тапсырмалар  жүктеді.  Дегенмен алғашқы аяздың өзіне еліміздің коммуналдық инфрақұрылымының сыр бере бастауы дәстүрге айналып отыр. Республика бойынша тозығы жеткен жылу орталықтары мен инфрақұрылым 80 пайыздан асып кетті. Ал олардың көбін біз 50 жылдан астам уақыт пайдаланып келеміз. Бұл қауіпті жағдай. Былтырғы Екібастұз, Риддер, Балқаш, Көкшетау, Қарағанды, Теміртау, Петропавл қалаларындағы апаттар қордаланған мәселелердің айқын көрінісі.  Бұл тізімге бүгін Сарань қаласы қосылды. Осы қаладан азаматтар таңертең хабарласып барлық үйлерде температураның күрт төмендегенін айтты. Техногендік қауіп-қатердің географиясы геометриялық прогрессимен өсіп барады. Соған қарамастан біз жылына бұл саланы  5-7%-ға ғана жаңартып отырмыз. Бұл тіпті елдегі ескіру үрдісінің орнын толтырмайды. Осылай жалғаса берсе, жылу энергиясында коллапс орнауы ықтимал.

Е.Саиров шіріген труба, ескірген қазандық кеңестік заманнан қалған насосты ауыстыратын уақыт келгені былай тұрсын, өтіп кеткенін айтты. Депутат былтыр жылу саласындағы инфрақұрылымның тозуын азайту мақсатында 160 миллиард теңге қаржы бөлінсе де, сықырлаған аязға төтеп бере алмай отырғанымызды сынға алды.

Осы жылдың басында Парламентте жоғары аудиторлық палатаның жылумен жабдықтау саласы бойынша  қорытынды есебінде 100-ден аса  нақты ұсыныстар мен жүйелі  сындар айтылғанын жеткізді.  Ал Үкіметтен сол ұсынысқа ләм деген жауаптың келмегенін, жұмыс та атқарылмағанын ескерткен депутат бұл салада менеджменттің жеткіліксіз екенін айтты.

Қыс айларында жылуға жауапты министрлік жылы кабинетінен шығып,  жиналыстарды қысқартып, аяздың қандай екенін сезіну үшін жылу қазандықтарының басы-қасында болуы керек деді.