Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Алаяқтар кейбір белгілі адамдардың бейнесін монитордан көрсетіп, ауыздарын жыбырлатып қояды да өздері немесе жасанды интеллект солар болып сөйлеп, кейде тіпті дауыстарын да келтіріп, «қаржылық керемет жобаға қатыссаңдар, ақшаға қарық боласыңдар» дегенді жарнамалап жатады. Қазір халық даналығына құлақ аспайтын ұрпақ өсіп келеді. Егер халық даналығына құлақ асқандар болса, «бұл не деген батпан құйрық, тектен тегін жатқан құйрық» дегенді еске алып, оңай олжаның тегін болмасын түсінер еді.
Президент мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігіне қауіп төндіретін, халықтың әл-ауқатына нұқсан келтіретін қаржы пирамидаларын жою міндетін қойды. Қаржы мониторингі агенттігі алаяқтарды анықтау, жолын кесу және алдын алу бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізіп келеді. Агенттік таратқан ресми дерекке сүйенсек, 2022 жылы пирамидалардың саны 7-ден 29-ға дейін өскен, ал адамдар керемет табыс ұсынатын және өз жинақтарын жаңа схемаларға салатын алаяқтарға сенуді әлі де жалғастырып келеді. Қазір еліміздегі қаржы пирамидаларының құрбандары негізінен 31-ден 60 жасқа дейінгі халық болып отыр. Бұлардың 74 пайызының жұмысы бар, ал 62 пайызы жоғары білімді.
Қаржы пирамидаларының белгілері бар 6,5 мың сайт пен шот анықталып, биыл олардың 4 мыңнан астамы бұғатталған. Салыстыру үшін айтар болсақ, 2020 жылы тек 600-ге жуық сайт пен есептік жазба бұғатталған еді.
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті Тергеу басқармасының басшысы Ержан Өмірбековтің айтуынша, қазіргі таңда өңірде қолға алынған «Тоқта, пирамида!» шарасы аясында халықтың қаржылық сауатын арттыру үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстары мен сабақтар белсенді жүргізіліп келеді. Алайда өкінішке қарай күмәнді операцияларға ақша салатын азаматтардың саны жылдан-жылға артып келеді. «Мысалы, биыл департамент «Hermes Ltd» пирамидасының құрылымдық бөлімшесіне қатысты қылмыстық істі аяқтап, сот үкім шығарды. Бұл пирамидаға 15 салымшы тартылып, олар 15 млн 600 мың теңге қаражатын салған. Сондай-ақ «Chia Tai-Tianqing Pharmaceutical» қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. 2023 жылғы қаңтар мен сәуір аралығында облыс аумағында «Сhia Tai-Tianqing» инвестициялық компаниясының ұйымдастырушылары әлеуметтік желілер арқылы азаматтардың қаражатын заңсыз тартқан. Тергеп-тексеру барысында облыс аумағында пирамида 27 қатысушыны алдап-сулап, олардың 22 млн 700 мың теңгеден астам ақшасын қолдарына түсірген.
Сондай-ақ «Qnet» қаржы пирамидасының өңірлік бөлімшесі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Қылмыстық істің қатысушылары Малайзияда тіркелген «Qnet» халықаралық компаниясы өнімдерінің интернет-саудасы аясында әрекет еткен. Өздеріне тіркелу үшін олар азаматтардан 600-ден 800 мыңға дейін ақша тартып отырған. Сосын оларды «Компанияның тәуелсіз тіркелушісі» деп тіркеп, Малайзияға саяхат жасайтын карта беріп жарылқаған. Онымен қоймай кеңсені жалдауға 40 мың теңгеден төлеуді талап еткен. Қазір осы алаяқтарға алданған 73 адам белгілі болып отыр. Олар өздерінің 82 млн теңгесінен айырылған.
Алаяқтар көбіне өз қызметін инвестициялық кәсіпорын ретінде көрсетеді. Соның ішінде «ІТ компания», «интернет-компания», «инновациялық жоба» деген сияқты тартымды атауларды қолданады. Алдаудың тағы бір құйтұрқы әдісі – салымшыларға «кіріс компаниялардың» акциялары мен облигацияларын сатып алуды ұсыну. Тіпті құрылысқа, криптовалютаға ақша салынатынын жеткізеді. Іс жүзінде алаяқтар ешқандай экономикалық қызмет жүргізбейді, ал төлемдер негізінен жаңадан тартылған қатысушылардың қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Ал түпкі қорытындысында пайданы тек қаржы пирамидаларындағы қылмыстық схемаларды ұйымдастырушылардан басқа ешкім көрмейді.
Шараларды қабылдау уақтылы мақсатында Қаржы мониторингі агенттігі Telegram мессенджерінде «@baiqapiramidabot» ботын әзірледі. Бұл ақпарат көзі отандастарымызға қаржы пирамидаларына тартатын алаяқтардың әрекеттерінен өздерін қорғауға көмектеседі. Енді азаматтар сайттар мен әлеуметтік желілерде жымысқы компаниялардың дерегін өз бетінше тексере алады. Ол үшін «қызмет көрсетпек болған» компания сайтының сілтемесін Инстаграмның бетіне, «ВКонтакте» тобына немесе Телеграм-каналға салса жеткілікті. Олар бұл компанияның қаржылық пирамида екенін көрсетіп, дереу хабарлама береді.
Сонымен қатар Қазақстан заңнамасында қаржы пирамидаларын жарнамалау және олардың қызметін жүзеге асыруға қылмыстық жауаптылық көзделгенін айта кету керек. Құқықтық сауатты арттыруға бағытталған осындай бастамаларды әрбір азамат білуі керек. Әйтпесе аз ақша аз уақытта мол ақшаға айналады дегенге елеңдеушілер көбейіп барады.
Солтүстік Қазақстан облысы