Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»
53 ауылға сапалы ауыз су келеді
Осыдан бірнеше жыл бұрын өзіне қарасты ауылдардың 36,1 пайызы ғана ауыз сумен қамтылған Қостанай облысы тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту жөнінен республика көлемінде көш соңында қалған өңірлердің қатарында тұр еді. Содан бері екі жылдың ішінде қыруар жұмыс атқарылды. Нәтижесінде, биыл халықты ауыз сумен қамту деңгейінің 82,6 пайызға жеткені көңіл қуантады.
Мысалы, осы жылдың өзінде өңір халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатындағы 69 жобаны жүзеге асыруға 21,7 млрд теңге қарастырылған. Қомақты қаржының басым бөлігі ауылдық елді мекендерге жұмсалды. Осылайша, жыл соңына дейін 53 ауылда таза ауыз су мәселесі шешіледі.
Облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Дәурен Асқаровтың айтуынша, жыл басынан бері өңірде ауыл халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған 50-ге жуық жоба іске асырылған. Соның нәтижесінде Денисов, Амангелді, Қостанай, Сарыкөл, Федоров аудандарына қарасты Красноармейск, Есенбаев, Садчиков, Қараоба, Первомай, Ленин ауылдарына орталықтандырылған су құбыры тартылды. Сондай-ақ Амангелді ауданындағы Қарасу, Құмкешу, Денисов ауданындағы Фрунзе, Жітіқара өңіріндегі Пригородное елді мекендерін де ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі шешілді.
«Қалған жобалар жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Аталған жобаларды іске асыру барысында 14 ауыл өз тарихында тұңғыш рет орталықтандырылған су желісіне қосылады. Олардың ішінде Торғай өңіріндегі Шеген, Денисов ауданындағы Свердлов пен Подгорный, Қарабалық өңіріндегі Новотроицк, Қостанайдың маңайындағы Владимировка, Александровка, Половниковка, Айсары, Ұзынкөл ауданындағы Ершов, Пресногорьков, Федоров ауданындағы Таза Шаңдақ, Ленино, Заозерное, Копыченко елді мекендері бар», дейді басқарма басшысы.
Д.Асқаровтың айтуынша, 2024 жылы өңірде ауыл халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған тағы 52 жоба іске асырылмақ. Оған шамамен 32 млрд теңге қарастырылайын деп отыр.
Ауыз су тапшылығын тартып отырған елді мекеннің бірі – Науырзым ауданындағы Өлеңді ауылы. Шалғай ауылда бүгінде тоқсанға жуық үй түтін түтетіп отыр. Әр аулада бір-екіден құдық бар, бірақ суы ащы, ішуге жарамсыз. Сондықтан мұндағы жұрт ауыз су үшін ауылдың әр жеріндегі 3-4 құдыққа барып кезек күтуге мәжбүр.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл ауылға кеңес дәуірінде орталықтандырылған су жүйесін тарту жұмыстары басталып, кейін тоқтап қалған екен. Өкініштісі, сол кезде төселген құбырлар кейін қолды болып кеткен.
Осыдан бір-екі жыл бұрын аудан орталығынан әкімдік мамандары келіп, халықпен кездесіп, хаттама жасап, қол қойысып, келер жылы Өлеңдіге де су келеді деген соң, ауыл тұрғындары кәдімгідей үміттеніп қалған. Алайда аудан әкімдігіне хабарласқанымызда жауапты бөлім басшысы бұл ауылға су құбырын тарту тиімсіз екенін айтты. Мұның сыртында, осыдан екі жыл бұрын Өлеңдіге ауыз су тарататын арнайы пункт орнатылған. Яғни 40 шақырым жердегі аудан орталығынан әкелінген таза су осы цистернаға құйылады да, ауыл тұрғындары суды осы жерден сатып алады. Екі аралыққа су таситын көліктің жанармайы мен жүргізушінің еңбекақысы халықтан түскен ақшаның есебінен өтеледі. Бірақ тұрғындардың айтуынша, аталған пункттің аты бар да, заты жоқ. Басында аудан орталығынан бір-екі рет су әкелінгенімен, одан кейін жұмысы тоқтап қалған. Біреулер су ағатын құлағы сынып қалған десе, екіншілері цистернаның өзі тесіліп қалғанын айтады.
«Ол су таратқыш пункттен өз басым су алып көрмеппін. Ұмытпасам, бір бидон суды 80 теңгеден сатты-ау деймін. Бар-жоғы үш-ақ рет әкелді. Ал ауыз судан қысылып отырғанымызға көп болды. Кейінгі жылдары ауылдың іргесіндегі терең көл құрғап, құдықтардың бәрі тартылып қалды. Құдықтардағы су өте тайыз. Таңғы сағат 10-ға дейін су алып үлгермесең, түбіндегі құм көтеріліп, су лайланып кетеді. Оны тұндырып барып ішуге тура келеді», дейді ауыл тұрғыны Нұрлан Халықов.
Ал аудандық ТКШ бөлімінің басшысы Сабыржан Нұрғазиннің айтуынша, Өлеңдідегі су тарату пунктінде ешқандай ақау жоқ. Тек тұрғындардың өздері пайдаланбай отыр.
«Өлеңдіде 87 үй бар. Олар да орталықтандырылған су құбырын тартып беруді талап етеді. Құдықтағы су тайыз деген бос сөз. Өлеңді жаңа құрылған жоқ – атам заманнан келе жатқан ауыл. Баяғыда бәленбай мың халық тұрғанда да сол құдықтардан су ішіп келген. Енді қазір халықтың бәрі үйге су кіргізіп бер деп отыр. Ол енді бюджеттің қалтасына салмақ түсіретін нәрсе ғой. Бұл жерде халық көп болса бір сәрі. Шағын ауылдың арғы перспективасына қарасақ, тұрғындары көшіп кетіп жатыр. Қазір баланың саны да азайып қалды. Дәл осы қалыппен бір-екі жылда мектеп жабылып қалса, ол жерде адам қалмайды», деді бөлім басшысы.
Аудан әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, Науырзым өңірінде халықтың 88 пайызы сапалы ауыз су ішіп отыр. Ауданға 8 елді мекен қарайды. Халық көп тұратын 4 ауыл – Қарамеңді, Буревестник, Раздольный, Шолақсай орталықтандырылған су желісіне қосылған. Ал Өлеңдіні қоспағанда, Шилі, Қожа, аудан орталығының іргесіндегі Жамбыл елді мекендері сапалы ауыз сусыз отыр. Әкімдіктегілер мұның себебін түсіндіргенде әдеттегідей ауыл тұрғындарының аздығын алға тартады.
«Бұл үш елді мекендегі халық саны 500-ге жетпейді. Сондықтан су құбырын тарту – тиімсіз. Ал су үлестіру пунктін қояйық десек, оған халық келіспей отыр. Жалпы, біздің Науырзым ауданына қарасты ауылдардың бәрінде таза су бар. Құдықтағы су тап-таза. Құмды, биік жерде тұрғаннан кейін, бұл жақта ауыз су тапшылығы жоқ. Әрқайсысы ауласына терең құдық қазып, оған заманауи фильтр орнатып, үйлеріне кіргізіп алған. Олар жерасты суын пайдаланғаны үшін салық төлемейді, тегін су, тек электр қуатына ғана ақша төлейді. Сол себепті, тұрғылықты халық ауыз су сатып алғысы келмейді», дейді аудандық ТКШ бөлімінің басшысы Сабыржан Нұрғазин.
Осылайша, ауыл тұрғындарының аздығы кейбір елді мекендерге орталықтандырылған су құбырын тартуға кедергі болып отыр. Ал Мемлекет басшысы шалғай елді мекендерде қалған аз халық түгел көшіп кетпеу үшін ауыл инфрақұрылымын дамытуды, шалғай елді мекендерді ең алдымен сапалы сумен, түзу жолмен, мүмкіндік болса, табиғи газбен қамтамасыз ету керек дегенді жиі айтады. Президент ауылдың инфрақұрылымы жөнделіп, елдің жайлы өмір сүруіне, тұрмыстық жағдайының жақсаруына жағдай жасалса, бүгінде жартылай босап қалған жүдеу ауылдарға халық қайта көшіп келе бастауы мүмкін екенін дұрыс аңғарып отыр. Өкінішке қарай, бұл талапты үнемшіл болып әдеттенген жергілікті атқарушы билік жете түсіне алмай жатқан сыңайлы.
Қостанай облысы