Саясат • 14 Желтоқсан, 2023

Ынтымақтастықтың жаңа кезеңі

137 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Бухарестке екіжақты қатынастар тарихындағы алғашқы ресми сапармен келіп, Румынияның Сыртқы істер министрі Луминица Одобескумен келіссөздер өткізді.

Ынтымақтастықтың жаңа кезеңі

Қазақстан мен Румынияның сыртқы сая­сат ведомстволары басшылары кездесуінің негізгі тақырыптары саяси, сауда-экономи­калық және мәдени-гуманитарлық ынты­мақ­тастықты жандандыру, шарт-құқықтық базаны кеңейту, сондай-ақ негізгі өңірлік және жаһандық мәселелер бойынша пікір алмасу мәселелері болды.

Тараптар барлық деңгейдегі байланыс­тарды жандандыруға және БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық құрылымдар шеңберіндегі өзара іс-қимылды күшейтуге мүдделілігін растады. Келіссөздер барысында Астана мен Бухаресттің ашық және сенімді диалогке бейілділігі расталды. «Қазақстан Румынияның 1991 жылы біздің тәуелсіздігімізді мойындаған алғашқы еуропалық мемлекет болғанын жоғары бағалайды. Сіз Шығыс Еуропа мен Еуропалық одақтағы біз үшін сенімді және маңызды серіктесіміз боласыз», деп мәлімдеді М.Нұртілеу.

Өз кезегінде Л.Одобеску Қазақстан мен Румыния арасындағы өзара қарым-қатынастың жоғары деңгейін айтып, румын тарапының жан-жақты ынтымақтастыққа дайындығын атап өтті. «Біз осы оң динамиканы қолдауға, көлік және энергетика сия­қ­ты аса маңызды салалардағы қазақ-ру­мын ынтымақтастығын тереңдетуін жал­ғас­тыруға дайынбыз», деді румын министрі.

Екі елдің СІМ басшылары сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейту қажеттігіне ерекше назар аударды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру және цифрландыру салалары перспек­тивті бағыттар ретінде белгіленді.

Өзара тиімді инвестициялық үйлестіру­дің жарқын үлгісі ретінде Румыния­дағы Қазақстанның ең ірі шетелдік активі «ҚазМұнайГаз International» ком­пания­сының қызметін айтуға болады. Бү­гінгі таңда қазақстандық компания осы ел­дегі негіз­гі инвесторлардың бірі ретінде беде­­лін сақтап, Еуропаның энергетикалық қа­уіп­сіз­дігін қамтамасыз етуге өз үлесін қосуда.

Румыния – Орталық және Шығыс Еуропа аймағындағы Қазақстанның жетек­ші сауда және инвестициялық серіктесі, Еуропада 5 және әлемде 12-орында тұр. 2022 жылы екіжақты сауда көлемі 2,7 млрд АҚШ долларын құраса, ағымдағы жылдың қаңтар-қазан айларында 2,3 млрд АҚШ долларына жетті. ҚМГ-ның Румыния активтеріне тікелей инвестициялары 4 млрд доллардан асты. Кейінгі онжылдықта Румыния ҚР экономикасына 1,57 млрд доллар инвестиция салды. Қазақстанда румын капиталының қатысуымен 37 компания тіркелген.

Тараптар Транскаспий халықаралық көлік маршрутының (ТХКМ – Орта дәліз) әлеуетін бірлесіп дамыту туралы уағда­ластыққа қол жеткізді. Осыған байланысты қазақстандық тарап біздің логистикалық инфрақұрылымдарымызды, соның ішінде Еуропа мен Азияны тиімді байланыстыратын Ақтау және Констанца теңіз порттарын интеграциялаудың маңыздылығын атап өтті.

Тараптар мәдени-гуманитарлық алмасуды одан әрі дамыту мәселелеріне назар аударды. Атап айтқанда, сыртқы саяси ведомстволардың басшылары білім, ғылым және мәдениет саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізді. Соңғы үш жылда еліміздің астаналарында ұлы ақындар Абай Құнанбаев пен Михай Эминескудің бюсттері, сондай-ақ «Бухарест» және «Қазақстан» скверлері салтанатты түрде ашылғанын атап өткен жөн.

Келіссөздер қорытындысы бойынша екі министрдің Бірлескен мәлімдемесі қабылданып, сыртқы саяси зерттеу инс­титуттары мен дамуға ресми көмек агент­тіктері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған меморандумдарға қол қойылды.