Салықты реттейтін жол
Отырыста қаралған құжаттардың ішінде Ақпаратқа қол жеткізу және қоғамдық қатысу, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде медициналық бұйымдардың бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісім, Акваөсіру мәселелері, Қазақстан Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық құрамдастырылған жүк тасымалдары туралы келісімді ратификациялау, Трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу, Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуына байланысты бірнеше құжатқа енгізілген өзгеріс туралы хаттама туралы заң жобалары бар.
Трансферттік бағаға қатысты заң жобасын Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев таныстырды. Оның айтуынша, құжат Президенттің трансферттік баға белгілеу бойынша бақылауды күшейту жөніндегі тапсырмасына сәйкес дайындалып отыр. Сол үшін заңға тиісті түзетулердің жобасы әзірленген. «Нарықтық бағаны анықтау әдістерін қолдануды жетілдіру көзделіп отыр. Қазір заңда нарықтық бағаны анықтау әдісінің 5 иерархиясы қарастырылған. Мысалы, егер салық төлеуші бесінші әдісті қолдану керек деп санаса, онда ол алдымен алдыңғы төрт әдісті қолдану мүмкін еместігі туралы негіздемелер дайындау керек. Осыған орай халықаралық мәмілелердің сипатын ескеріп, нақты қай әдісті қолдану керектігі анықталады. Бұл шешім салық төлеушінің де, тексерушілердің де әкімшілік шығындарын азайтуға мүмкіндік береді», дейді министр. Сонымен қатар нарықтық диапазонды айқындау тетігін енгізу де қарастырылған. Бүгінгі күні баға диапазоны мен рентабельділік, нарықтық бағалардың минималды және максималды мәндерімен айқындалады. Бұл нақты бағаларға сәйкес келмеуі мүмкін. Заң жобасында неғұрлым әділ бағаларды белгілеу мақсатында диапазонды тарылту ұсынылған. Сондай-ақ капиталды шығаруға бақылауды күшейту мақсатында тараптардың өзара байланыстылығын айқындау кеңейтіледі. Кейбір ірі салық төлеушілер жасанды делдалдық құрылымдар құрады. Олар өзара байланысты тараптар болып саналмағандықтан экспортталатын өнімді одан әрі сату кезінде тәуекелдердің деңгейі төмен болады. Осылай деген ол: «Шикізат өнімдерін сондай «эксклюзивті» трейдерлерге төмендетілген бағамен сату фактілері бар. Бұл ретте ондай трейдерлер бойынша қаржылық есептілікті алу мүмкін емес. Яғни тексерілетін мәмілелер бойынша жеткілікті ақпараттың болмауына байланысты елден капиталды алып кету тәуекелі туындауы мүмкін. Сол үшін өзара байланысты тараптар ұғымын кеңейтуді ұсынып отырмыз. Бұдан басқа тауар биржаларында жасалған мәмілелердің трансферттік баға белгілеуі бойынша бақылау жүргізіледі», деді.
Ал «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуына байланысты Қырғыз Республикасының 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты, Еуразиялық экономикалық одақтың құқығына кіретін жекелеген халықаралық шарттарды және Еуразиялық экономикалық одақ органдарының актілерін қолдануы жөніндегі жағдайлар мен өтпелі ережелер туралы 2015 жылғы 8 мамырда қол қойылған хаттамаға өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасына Мәжілістің барлық комитеті оң қорытынды беріп отыр. Құжатты қарау кезінде Жұмыс тобы мен Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысына да мүдделі мемлекеттік органдар өкілдері қатысып, өз ұсыныстарын жеткізіпті. Хаттамамен Қырғыз Республикасы үшін Еуразиялық экономикалық одақтың құқығын құрайтын халықаралық шарттар мен актілердің кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін талаптарына сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың кеден шекарасындағы өткізу пункттерін жаңғыртуды жүргізу мерзімін 96 айдан 108 айға дейін ұзарту ұсынылған.
Жылу энергетикасындағы тәуекелдер
Бұдан кейін әдеттегідей Үкіметтің алдына әлеуметтік-экономикалық маңызды мәселелерді шешу туралы сауалмен шыққан депутаттардың айтары көп болды. Бұл жолы олар елдегі өзекті деген мәселелерге қатысты онға жуық сауал жолдап, өз ұсыныстарын жасады.
Депутат Ерлан Саиров Министрлер кабинетінің мүшелерін қақаған қыста кабинетте отыра бермей, халықтың қазіргі жағдайымен танысып қайтуға шақырды. «Президент Үкімет алдында еліміздің тұрғындарын жылумен тұрақты қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар қойды. Дегенмен бірінші аяз түсуімен еліміздің коммуналдық инфрақұрылымының сыр бере бастауы дәстүрге айналып отыр. Рас, республика бойынша тозығы жеткен жылу орталықтары мен инфрақұрылым 80 пайыздан асып кетті. Ал оның көбін біз 50 жылдан астам уақыт пайдаланып келеміз. Бұл – қауіпті жағдай. Былтырғы Екібастұз, Риддер, Балқаш, Көкшетау, Қарағанды, Теміртау, Петропавл қалаларындағы апаттар – қордаланған мәселелердің айқын көрінісі», деді ол. Соған қарамастан жылына бұл салада тек 5-7 пайызға жаңарып отырғанын айта келіп, бұл тіпті елдегі ескіру үрдісінің орнын толтырмайды деп отыр. Бұлай жалғаса берсе, елдегі жылу энергетикасында коллапс орнауы бек мүмкін. Оның айтуынша, шіріген труба, ескірген қазандық, кеңестік заманнан қалған насостарды ауыстыратын уақыт өтіп кетті. Былтыр ғана жылу саласындағы инфрақұрылымның тозуын азайту мақсатында арнайы 160 миллиард қаржы бөлінсе де, су жаңа құрылғылар сықырлаған аязға төтеп бере алар емес. «Жыл басында Парламентте Жоғарғы аудиторлық палатасының «Жылумен жабдықтау саласы» бойынша қорытынды есебінде 100-ден аса нақты ұсыныс пен жүйелі сын айтылды. Ұсыныс ретінде берілді. Бірақ сол ұсыныстар бойынша не жауап, не атқарылған істі көрмедік. Осылай тізіп кете беруге болады. Сондықтан бұл саладағы менеджмент пен бақылауды күшейту уақыт күттірмеу керек», деді депутат. Мысалы, былтыр «Amanat» партиясының өкілдері Екібастұз халқына мыңдаған жылытқыш пен жылы көрпе тасып, халықты жылытқан. Оның айтуынша, биыл осындай олқылық болмас үшін Үкімет барлық жиналысын қысқартып, жылы кабинеттерінен шығып, жылу орталықтарының басы-қасында бақылау жүргізу керек. Екіншіден, 2022-2023 жылдары Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен бөлінген қаражат есебіне қатаң талдау жасалуға тиіс. Үшіншіден, осы күндері өңірлердегі оперативті штабтардың жұмысын екі еселенген 24/7 режіміне көшіріп, әкімдіктер мен Үкімет осы саладағы өңірлік қауіпті зоналар бойынша «Тәуекелдер картасын» даярлап, олар бойынша нақты мақсаттық алгоритм жоспарын даярлап қоюға тиіс.
Ұлттық баяндама толықтырылады
Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға сауал жолдаған депутат Жұлдыз Сүлейменова Мемлекет басшысының алқалы жиында білім мәселесінің нәтижелеріне арнайы тоқталғанын атап өтті. Айтуынша, осындай ауқымды жұмыстың нәтижесі сол, халықаралық PISA рейтингі бойынша еліміздегі орта білімнің сапасы едәуір артты.
«Шын мәнісінде, PISA-2022 халықаралық зерттеулерінің нәтижелеріне сәйкес қазақстандық оқушылар математикалық сауаттылықтан 425 балл жинақтап, Греция, Румыния, БАӘ оқушыларымен тең түсті. Оқу сауаттылығынан 386 балл жинақтап, Малайзия, Сауд Арабиясы оқушыларымен тең білім сапасын көрсетті. Жаратылыстану бағытында зерттеудің 2018 жылғы нәтижелерімен салыстырғанда көрсеткіштері +26 балға жоғарылады. Бастысы, пандемияның салдарынан ОЭСР елдерінің басым көпшілігі едәуір білім сапасы бойынша ұпайларын жоғалтса, елімізде алға ілгерілеу бар екендігін, оның ішінде математикадан 54-орыннан 46-орынға және жаратылыстанудан 69-орыннан 49-орынға көтерілгендігімізді атап өту қажет», дей келе «Баршаға қолжетімді сапалы білім» Ұлттық баяндамасына әлі де толықтыру қажет екенін жеткізіп, ұсыныс жасады. Оның ішінде арнайы шаралар жоспары барлық педагогикалық қауымдастықпен талқылануы шарт. Кітапхана жұмысының жаңа мазмұны мен кітапханашылар мәртебесін арттыру жұмысы жүзеге асырылып, мұғалімдердің мәртебесімен бірге педагогтердің кәсіби дамуы және біліктілігін арттыру жүйесін жетілдіруді қолға алу кезек күттірмеуге тиіс. Сондай-ақ білім мазмұнын жасанды интеллект заманын талаптарына сай өзгертуге байланысты, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына өзгеріс енгізу мен оқушылардың оқу жетістіктерін мониторингілеуге – тәуелсіз сыртқы бағалау ретінде тиісті қаражат бөлініп, оның сапалы, әділ, ашық өтуіне министрлік нақты шаралар қабылдау маңыздылығына ерекше тоқталды.
Жеке дерек құпия ма?
Интернетпен қатар дамып жатқан онлайн алаяқтыққа алаңдаушылық білдірген депутат Данияр Қасқарауов Ішкі істер, Цифрлық даму және Әділет министрлеріне сауал жолдады. Интернет алаяқтарға қанша жерден тосқауыл қойылғанымен, олардың айласы асып тұрғанын айтқан ол: «Мысалы, әртүрлі телеграмм чаттар арқылы қомақты ақша табыңыз деп үйде отырған талай аналарды алдап жатыр. Ішкі істер министрлігімен қылмыстық істер қозғалады, бірақ алаяқтың өзін табу мүмкін емес. Соңғы ақпараттарға сәйкес тоғыз айда елімізде 15 мың интернет алаяқтық тіркеліпті. Оның ішінде 3 мыңнан астамы ресми банктердің атын жамылып азаматтарды алдаған. Осы жерде нақты сауал туындайды. Өздерінің құрығына түсіретін алаяқтар азаматтардың жеке деректерін, телефон нөмірлерін қайдан алады? Оларға бұл деректерді кім береді? Қанша жерден адамдардың жеке деректерін заңмен қорғап, оның таралуын шектесек те алаяқтар тоқтайтын емес. Жеке деректер ешкімге құпия болмай тұр», деді.
Депутаттың айтуынша, жақында бір танысы жеке компаниясын ашып, құжаттарын Egov электронды Үкіметі арқылы тіркеткен. Бұл үдеріс ешкімнің қатысуынсыз, тек порталда жасалған. Дегенмен сол күні оған үш бірдей банктен қоңырау шалып, арнайы есептік шот ашуға ұсыныс түскен. Ертесі күні заңгерлік-бухгалтерлік қызмет көрсететін жеке компания өкілдері хабарласып, өз қызметтерін ұсынған. Ең сорақысы, жеке таксопарк өкілдері тынымсыз хабарласып, көлік қызметін ұсыныпты. «Бұл мекемелер жаңадан серіктестік құрылғанын, оның басшысы кім екенін және кеше ғана ресми тіркелген кәсіпкердің жеке ұялы телефон нөмірін қайдан алып отыр? Бухгалтерлік компаниялар мен таксопарк өкілдерінің қолына түскен ақпарат алаяқтарда да жоқ дегенге кепілдік бар ма? Яғни біздің жасаған жұмыстарымыздың нәтижесіз екені айқын көрініп тұр. Бұл мәселе бойынша дер кезінде шара қабылдауларыңызды сұраймыз. Жеке деректерді қорғай алмасақ, елді қалай қорғаймыз?», деген алаңдаушылығын білдірді.