Аймақтар • 14 Желтоқсан, 2023

Қайта жаңғырған су құбыры

100 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Атырау облысында жүргізілген кешенді күрделі жөндеу жұмыстары нәтижесінде кеңейтілген «Астрахан – Маңғышлақ» магистралды су құбыры іске қосылды. Премьер-министр Әлихан Смайылов бейнебайланыс арқылы нысан жұмысын ресми түрде іске қосты.

Қайта жаңғырған су құбыры

Батыс өңірінің әлеуметтік және өнеркәсіптік дамуы үшін стратегиялық маңызы зор жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылды.

Премьер-министр атап өткен­дей, қайта жаңғыртылған «Астрахан –Маңғышлақ» магистралды су құбыры Атырау және Маңғыстау облыстарының халқы мен кәсіпорындары және ауыл шаруашылығы үшін қосымша 60 мың текше метр су беру көзіне айналады.

Жоба шеңберінде тозығы жеткен жабдықтарды жаңарту жұмыстары жүргізіліп, ұзындығы шамамен 177 шақырым магистралды су құбырының екі учаскесі ауыстырылды. Құрылыс жұмыстарына 500-ден астам адам жұмылдырылды. Нәтижесінде, «Астрахан – Маңғышлақ» су құбырының өткізу қабілеті тәулігіне 110-нан 170 мың текше метрге дейін артты.

«Су құбырын күрделі жөндеу белгіленген мерзімнен бұрын аяқталды. Оған тиімді жобалық шешімдер мен жоғары құрылыс қарқыны нәтижесінде қол жеткізілді. Бұл жоба соңғысы емес, өңірде сумен қамтамасыз етуге байланысты басқа да ауқымды жобалар бар»,  деді Әлихан Смайылов.

Мәселен, Кендірлі кентінде жалпы қуаты тәулігіне 50 мың текше метр болатын су тұщыландыру зауыты салынып жатыр. Одан Жаңаөзен қаласына дейін ұзындығы 105 км магистралды су құбы­ры тартылады.

Бұдан басқа «Каспий» сумен жаб­дық­тау зауытын реконструкциялау жүр­гі­зіліп жатыр. Нәтижесінде, оның қуаты 2 есе, яғни 40 мың текше метрге дейін артады.

«Мақсатымыз – 2026 жылға қарай елді мекендерді 100% ауыз сумен қам­тамасыз етіп, халық пен өнді­ріс орын­дарын одан әрі тұрақты су көз­дері­мен қамтамасыз ету. Ол үшін жаңа гидротехникалық құрылыстар мен су құбырларын салу және қазіргі құ­быр­ларды жаңғырту бо­йынша жобалар іске асырылып отыр. Елді мекендер­ге су тарату желілері салыну үстінде, ал шал­ғай ауылдарда жер асты көздерінен сорғы модульдері орнаты­лып жатыр. Алдымызда әлі де көп жұмыс бар», деп атап өтті Үкімет басшысы.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев мәлім еткендей, жобаны іске асыру кезінде телекоммуникациялық және бақылау жабдықтары, катодты қорғау стансалары мен автономды гибридті қондырғылар, сондай-ақ құбыр өнімдерінің бір бөлігі отандық өндірушілерден сатып алынды.

Ресми салтанатты іс-шараға Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, Энер­­гетика министрі Алмасадам Сәт­­қалиев, «Самұрық-Қазына» АҚ бас­қар­ма төрағасы Нұрлан Жақыпов, «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры Талғат Құрманбаев, «Магистралды суа­ғы­зғы» ЖШС бас директоры Берік Сал­пек және мердігер ұйымдардың өкілдері қатысты.

Анықтама: «Астрахан – Маңғышлақ» магистралды су құбыры 1988 жылы пайдалануға берілген. Аталған су құбыры  Атырау облысының Құрманғазы, Иса­тай және Жылыой аудандары, сондай-ақ Маң­ғыстау облысының Жаңаөзен қала­сы, Бейнеу, Маңғыстау, Қарақия және Түп­қараған аудандарының тұтынушы­л­арын сумен қамтамасыз ететін жалғыз орталықтандырылған су көзі. Жалпы, аталған құбырдан суды Маңғыстау облысы тұрғындарының 35%-дан астамы және Атырау облысы тұрғындарының 28%-дан астамы тұтынады.